3-7 желтоқсан аралығында Алматыда VIІI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі өтіп жатыр. Бұл шара халықаралық әрі кәсіби байланыстарды нығайту мен кеңейтуге, кино саласындағы өнерлі де талантты жастар мен майталман шеберлер арасында пікір алмасуға мүмкіндік беруде. Енді осы жолғы байқауға дебюттік толықметражды фильмдер де қатысады.
– Біздің фестиваль шығармашылық жастарға бастау болатын, тәжірибе алмасуға және жас киногерлерге өз жобаларын кеңінен насихаттау үшін ынтымақтастыққа жол беретін кәсіби алаң, – деді «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.
Оның айтуынша, фестиваль қонақтары кино өндірісінің түрлі саласындағы кәсіби мамандар мен сарапшылардан үйренуге мүмкіндік алады. Оған қоса жас мамандардың жұмыстарына қолдау көрсетіп, оларды дұрыс насихаттау, түрлі жанрда кино түсіруге қызығушылығын арттыру – басты мақсат. Соған орай Еуропа елдері, алыс-жақын шетел студенттерінің кейінгі 2 жылда түсірген қысқаметражды және толықметражды көркем, анимациялық және деректі фильмдерінің халықаралық конкурсы ұйымдастырылуда.
– Бұл – шығармашылық еркіндік. Оның тыныс-ырғағын қатысушы жас буын өзі айқындайды. Сондықтан да фестивальдің ұранын «Жаңа буын киносы» деп алу тегін емес. Мысалы, байқау жұмыстарына халықаралық қазылар алқасымен қоса, студент жастардан құралған қазылар алқасы да араласады. Фестивальдің арқасында біз қазақ режиссурасында жаңа толқынның пайда болуына куә болмақпыз, – дейді ол.
Bastau shorts қысқаметражды фильмдер байқауына әлемнің 44 елінен 360 өтінім келіп түскен. Ал тізімді 60 фильмі өтінім берген Ресей бастап тұр. Бұл бағдарламада Қазақстан 6 картина ұсынбақ. Олар: Камилла Бердімұратованың «Тақсыр» деректі фильмі, Айдарбек Әбділқадырдың «Терең су» атты анимациялық туындысы, Самғар Рақымның «Дипломмен ауылға» фильмі, Еламан Шаубановтың «Бауыр» картинасы, Дарина Манапованың «Мәулен» драмасы және Бағлан Құдайберлиевтің «Тыныштық баяны» фильмі.
Фестиваль жеңімпаздарының есімі 7 желтоқсанда өтетін марапаттау салтанатында жарияланады.
«Бастау» студенттік және дебюттік фильмдердің халықаралық фестивалі Алматы қаласы әкімдігінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Tanaris Production компаниясы, «Тұран» университеті және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Н.ЕРЖАНҚЫЗЫ