Елордада медицина мамандарының қателігінен сәби қолынан айырылды. Медбикенің немқұрайды әрекетінің салдарынан жағдайы ушығып, сол қолына ампутация жасалған Бауыржан Құралбектің анасы журналистер арқылы араша сұрап отыр.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген жас ана Ақбөпе Қалиланың айтуынша, қазан айының 22 күні баласының ыстығы көтеріледі. Осылайша, бала Нұр-Сұлтан қаласы Манас көшесінің бойында орналасқан Ақмола облыстық көпсалалы №2 ауруханасына жеткізіледі. Әуелгіде дәрігерлер «пневмония», яғни өкпесі қабынған деген диагноз қояды. Медбикелер антибиотик салғанымен ыстығы түспеген соң, баланың жағдайы нашарлап, төрт күн реанимацияда жатады. «Алайда бұл ауруханадағы реанимация балаларға арналмаған екен. Сондықтан бізді Көкшетаудағы балалар ауруханасына жіберді. Ес-түссіз жатқан баламды Нұр-Сұлтандағы бірде-бір балалар ауруханасы қабылдамай қойды. Өйткені Талапкер ауылы елордаға қарамайды», – дейді ашынған ана.
Бауыржан – Ақбөпенің екінші ұлы. Кішкентайы бес айлық болғандықтан, ауруханада баланың қасында әжесі бірге жатқан.
Көкшетаудағы Ақмола облыстық балалар ауруханасы баланың өкпесін екі апта емдеген. Ақырында «пневмания сырқаты болса, неге сонша ұзақ жазылмады?» деген күдіктен кейін барып, баланың дене қызуы түскен соң, компьютерлік томография жасайды. Нәтижесінде, баланың өкпесінің өздігінен тыныстауына мүмкіндік бермей тұрған дәрігерлер о баста ойлағандай қақырық емес, бала қақалғанда өкпеге өтіп кеткен еттің қалдығы екені мәлім болады.
«Осылайша, бізге «баланың өкпесін еттің қалдығынан, жиналып қалған қақырықтан тазарту үшін екпе салынады» деді. 7 қараша күні медбике реанимациядан палатаға шыққан баламның сол қолына кататор арқылы антибиотик екті. Бес минуттан кейін баланың саусақтары қарайып, бала әжесіне қолын көрсетіп жылаған. Әжесі медбикеге айтқанда, «қалыпты жағдай» деген жауап естиді. Біраздан кейін баланың қолы мұздап, ағарып, артынша қайта қарайғанда екпе салған медбике бар, ауруханадағы пульмонология бөлімінің меңгерушісі, хирург түгел баланы қараған. Бәрі бірауыздан «қалыпты жағдай, массаж жасай беріңіздер» деп кеңес береді. Тек ертеңінде, 8 қараша күні балам тағы да реанимацияға түсті», – дейді анасы.
Екінші рет жансақтау бөліміне түскен сәбидің жағдайын жақсартуға ешқандай шара қолдана алмаған соң, Ақмола облыстық балалар ауруханасы оны Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 балалар ауруханасына жіберуге мәжбүр болады. Баланың жағдайы ауырлап кеткенін көрген №2 балалар ауруханасының дәрігерлері дереу шешім қабылдап, сол қолына ампутация жасайды. «Бұл мекеменің дәрігерлері «егер бізге ерте әкелгеніңізде сәбиіңіздің алақанын аман сақтап қалар едік» деп отыр. Егер облыстық ауруханалардың мүмкіндігі төмен болса, тіркеудегі мекенжайымызға қарамай-ақ, бізді елорданың ауруханалары емдей беретін жағдайды неге қарастырмайды екен?» деп күйінеді жас ана.
Ақбөпе о баста баласының аман қалғанына шүкір етіп, ешкімге арызданбайын деген ниетте болыпты. Алайда сол уақыттан бері жағдайға кінәлі адамдардың ешқайсысы тым құрығанда телефон арқылы хабарласып кешірім сұрамағанына қапаланады. «Ертең балам өскенде менен «мама, менің бір қолым қайда?» деп сұраса, не деп жауап беремін?» деген ана баласының болашағына алаңдайтынын жеткізді.
Тәуекел БАЗАР