Бір келі ұннан шу шықты
Бір келі ұннан  шу шықты
145
оқылды

Нарықтағы баға туралы ресми ста­тис­тиканы жалған санайтын дауыс­тар қайтадан шығуда. Бұған дейін мұндай пікірді депутаттар да айтқан екен. Ен­ді блогерлер мен қайраткерлер кө­теруде. Бұған Ұлттық экономика министр­лігінің инфляцияны есептеуде ұнның әр келісінің бағасын 186 теңге деп белгілеуі түрткі болды.

Биыл азық-түлік құнының басқа шауып, төске өрлегені Үкіметте де ашық айтылды. Ал қымбатшылық қысып, бұқара тарыққанда елді «ас атасы» асырайды. Қара нанға қарап қалған жұртшылық оның шикізатының бағасы да шарықтап бара жатқанына назар аудартады.

«Былтыр 4 мың теңге тұрған бір қап ұн қа­зір 8 мың теңгеге сатылуда. Бірақ со­ған қа­­ра­мастан, екі-үш қабын алып қояйын деп отыр­мын. Әйтпесе, алда 12 мың тең­геге дейін же­теді деп жатыр. Ал жалақы­ның бір теңгеге де кө­терілмегенін ешкім пыс­қырмайды», – деп қынжылысын ғаламторда білдіреді Жәнібек Көпжасар есімді азамат.

Қоғам белсендісі Марат Әбдірахманов еліміздің бас экономисіне жүгінді:

«Құрметті Дәленов мырза! Өздеріңізге қарасты Статистика комитетінің елдегі бағаларды тіркеу жұмысы жөнінде ақпарат ұсыныңыз. Өйткені ол елдегі бағалар мен тарифтер туралы қасақана жалған мәліметтер жариялауда. Бұл инфляцияны, төменгі әлеуметтік стандарт­тар­ды есептеуге кері ықпал етеді. Статкомитеттің ұн бағасы 186 теңге деген ақпараты нақты инфляцияға сай келмейді», – дейді М.Әбдірахманов.

Ол төмен бекітілген бағамен сататын, алайда айына бір күн ғана жұмыс істейтін әкімдіктің дүкенін жағалай бермей, базар мен супермаркеттердегі азық-түліктің бөлшек бағасын назарға алу керегін министрдің қапе­ріне салды.

Мұндай айыптауларға жас министр наразы. Оның айтуын­ша, Статистика комитеті ай са­йын үш мегаполисте және бар­лық облыс орталығында сауда орындарын аралап, тауарлар мен қызметтер бағаларына жал­пымемлекеттік статистикалық бақылау жүргізеді. Оның нәти­же­сінде, инфляция деңгейін әрі белгілі бір тауар түрінің орташа бағасын көрсететін тұтыну­шы­лық бағалар индексі түзіледі.

– Баға туралы ақпарат жинау барысында мамандарымыз әр­бір елді мекеннің әртүрлі бө­ліктерінде орналасқан супер­маркеттерге, маманданды­рыл­ған дүкендерге, базарға барады. Өнім түрі бойынша орташа баға отандық және шетелдік сантүрлі сауда маркасына қойылған 6-10 баға негізінде қалыптасты­ры­лады. Ұнның бір келісінің 186 теңге деген бағасы – орташа республикалық шама. Мәселен, Нұр-Сұлтанда жоғары сұрыпты ұн келісі – 225, Ақтауда – 205, Павлодарда – 130, Семейде – 138 теңге тұрады, – дейді ми­нистр Руслан Дәленов.

Министрдің дерегінше, өткен жылдың қазанынан бергі бір жыл ішінде жоғары сұрып­тағы ұн 21,4%-ға қымбаттап шыға келген. Осылайша, жалпы инфляциядағы үлесі 0,10 па­йызға жетіпті. Бірінші сұрыпты ұн бағасы 25,2%-ға көтерілген, қымбатшылыққа қосқан үлесі 0,04 пайыз.

Ұлттық экономика министрі статистикалық есептемелердің дәлдігіне күмән келтірмейді: бір­неше рет қайта тексеріледі екен. Бірақ баға түспесе, қым­бат­шылық туралы құрғақ сан қарын тойдырмайды.