Диснейдің «Жұлдыздар шеруі»

Диснейдің «Жұлдыздар шеруі»

«Болашақ» корпоративтік қорының балаларға арналған жаңажылдық тосынсыйы бар. Балаларға дейміз-ау, таң­ғажайып Дисней туын­дыларын кәрі де, жас та сүйіп көрері сөзсіз. Ал ең үз­­дік Дисней ертегілерін бі­рік­­тіріп, киноконцерт ұйым­дастырса, қалай қарайсыз? Симфониялық оркестрдің көмегімен отандық жұлдыз­дар атақты кинокартина­лар­дағы әндерді шырқайды.

Еліміздің басты медиа алаңында Диснейдің лицензиялық «Жұлдыздар шеруі» киноконцертінің алғашқы телевизиялық форматтағы тұсаукесері өтті. Айтулы шараға «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісова, «Астана» телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағалиұлы, Ringo тобының мүшесі Данияр Өтеген мен әнші ADAM қатысты. «Біз 35-ке жуық Голливуд фильмдерін аударып, дубляж жасадық. 2 жыл бұрын Дисней компаниясының басшысымен кездескенімізде, Қазақстанда киноконцерт өткізу жайын талқыладық. Бүгінгі күнге дейін 2 киноконцерт ұйымдастырғанымызбен, ал бұл алғашқы телевизиялық форматтағы киноконцерт болмақ. Бұған дейін киноконцертті 5 мың көрермен тамашалады. Әрине, көрсетілім қайырымдылық мақсатында іске асты», – дейді Динара Гапланқызы. Киноконцерттің ерекшелігі қандай дерсіз. Киноконцерт дегеніміз – Диснейдің ең үздік туындыларынан алынған үзінділер. Бұл көрсетілімнің ерекшелігі – киноконцерт еліміз үшін әзірленген. Үздік атанған 11 фильмнен 22 композицияны іріктеп алған. Көрсетілімде шырқалатын әндердің 11-і музыкалық «Оскар» жеңіп алған. Көрсетілімге еліміздегі симфониялық оркестр мен музыкалық продюсерлер атсалысты. «Балалық шақта сүйіп тамашалаған кейіпкерлердің әндерін орындау – үлкен қуаныш. Себебі құлаққа сіңген туынды әрдайым жаныңа жақын. Соның ішінде ән мәтінін қазақ тілінде орындау – құрмет әрі жетістік. Бұл ана тіліміздің дамуына үлкен үлес қосады. Әрине, Дисней композициясын орындау жұмыс пен уақытты талап етеді. Дайындықтың өзі бір әңгімеге арқау болады. Бұл – 100-ге жуық адамның бірігіп істейтін жұмысы. Көрермен теледидардан дайын дүниені көреді. Кино концерттің ерекшелігі – симфониялық оркестр. Өйткені бізде оркестрдің көмегімен өтетін концерт аз. «Оскар» жүлдесін алған туындылар да күнделікті шырқала бермейтіні тағы бар»,– дейді әнші Данияр Өтеген. Оған қоса, дубляж жұмысына ресейлік дубляж актрисасы, Disney Character Voices International компаниясының ресейлік бөлімінің креативті директоры Юлия Баранчук қатысқан. Актрисаға Данэлия Төлешованың ән орын дау мәнері ұнаған. Ол «Моана» мультфильмінің саундтрегін қазақ тілінде орындаған. Ал Данияр Өтеген болса 3 композицияны дыбыстады. Оның айтуынша, шырқаған әндерінің арасында жанына жақыны – «Арыстан патша» мультфильміндегі Can you feel the love tonight әні. Сондай-ақ кино концертке Кентал, Балжан Бидаш, Жарқынай Ханайым, Ерден Жақсыбек сынды әншілер қатысады. Иә, Диснейдің талабы жоғары. Өйткені осыған дейін өткізген 2 киноконцертте әлемдік компания елімізге бірнеше талап қойған. Тіпті, дубляж жасайтын, киноконцерт жұмысына атсалысатын қызметкерлерге зиян тағамдарды қолдануға тыйым салған. «Жұлдыздар шеруін» 27 желтоқсан күні сағат 15.00-де «Астана» арнасынан тамашалай аласыздар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ