Елордада сауда орталықтары мен кинотеатрлар қай күндері жұмыс істемейді?
Елордада сауда орталықтары мен кинотеатрлар қай күндері жұмыс істемейді?
113
оқылды

Елордада кәсіпкерлерге алдағы демалыс және мереке күндері жұмыс істеу алгоритмі түсіндірілді.

Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, елорданың Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған онлайн кездесу барысында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева алдағы жексенбі 27 желтоқсан мен 2021 жылғы 3 қаңтар мереке күндеріне жатпайтынын, сәйкесінше осы күндері сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің және сауда орталықтарының жұмысына тыйым салынғанын түсіндірді.

Елорданың бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 24 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, аталған нысандардың қызметіне жұмыс күндері 10:00-ден 23:00-ге дейін, сенбі және мереке күндері 10:00-ден 20:00-ге дейін рұқсат етілген. 25 желтоқсаннан бастап қызметін қайта бастайтын, сыйымдылығы жалпы орындар санының 30%-ынан аспауы тиіс кинотеатрлардың жұмысына қатысты келер болсақ, 24:00-ге дейін рұқсат етілген. Бірақ СОСО-да орналасқан кинотеатрларға жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынған.

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш елорда «сары» аймақта орналасқандығын ескере отырып, кәсіпкерлерді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды. Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасы апта сайын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерімен коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі іс-шаралардың сақталуы туралы қаланың кәсіпкерлерімен апта сайын кездесулер ұйымдастырады.