Ақтөбеде қарт ана туған-туыстарын 30 жылдан кейін тауып отыр
Ақтөбеде қарт ана туған-туыстарын 30 жылдан кейін тауып отыр

Ақтөбеде жақындарынан көз жазып қалған кейуана олармен 30 жылдан кейін кездесті.

Ольга әжей 1980 жылдары жолдасы қайтыс болған соң өзге азаматпен бас қосып, жақындарынан көз жазып қалған. Қанша рет табуға тырысқанымен, еш нәтиже болмапты. Тек волонтерлер көмектесіп, әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін ғана хабар алмасқан. Әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазбадан оны туыстары танып қалған.

Әйтпесе, кейуана соңғы алты жылда Ақтөбедегі ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта тұрған. Ол жерге Темір ауданындағы Еңбекші ауылынан жеткізіліпті. Оның ертеректе жоғалтқан төлқұжатын қайта жасатып, жеке басын растау да  көші-қон полициясына оңай болмапты. Ал өзі Атырау облысында дүниеге келіп, ауылда еңбек еткенінен басқа жарытып ештеңе айтпаған екен.

Қазір кейуана немере-шөберелерінің қолына келіп, жайлы өмір сүріп жатыр. - Әжей туралы бұрын анам айтып жүрді. Мен ол кісіні өте алыста тұрып жатқан шығар ойлап жүрдім. Кейін «үйге алып келеміз» деді. Содан бөлме әзірлеп, дайындалдық. Кейін сөйлесе келе, бір-бірімізге жақындай түстік. Енді әжеміздің барына қуанамыз, - шөбересі Диана Кирьянчук.