Елімізде «Қуалап, қытықтайды» атпен жаңа вакцина ойлап табылды. Қорықпаңыз, бұл керемет вакцина қазақстандықтарға жаппай егілмейді. Тек жемқорларға егіледі. Мұның бір ерекшелігі, жемқорлар міндетті түрде қашу керек, сосын, ұстап алып, қытықтау керек, сосын барып жегіш ауыздың айналасына егіледі. Вакцинаның құрамы: Кепкен су, Вода, 100 грам Ар, 150 грам Ұят, 200 грамм адамгершілік қоспалдары араласқан. Бүгін медицина дәрігерлері полицейлермен бірге «Жемқорлар» компаниясы президентіне келіп, оған «Қашыңыз!» деген нұсқау берілді. Жемқордың тұра қашқаны сол, артынан полицейлер қуып кеп берсін. Ол сай- саламен де қашты, қу мекиен, жазық даламен де қашты. Өзі әккі, қу екен, полицейлер енді жетейін деп қалғанда, тізесін бүгіп, отыра қалады. Анаулар оқ бойы озып кетеді. Бірақ ақыры ұсталды. Полицейдің бірі қолынан ұстап, алақанын сұқ саусағымен сызғылады. – Қуыр, қуыр, қуырмаш... – Не істегелі жатырсыз? – деп сұрады жемқор. – Жыбырламай, тыныш отырыңызшы? – Жоқ, сіз менің алақаныма не істегелі жатырсыз деймін? – Қуыр, қуыр, қуырмаш, етегіне бидай шаш, мына жерде май бар, мына жерде тай бар, мына жерде банан бар, мына жерде бір машина сабан бар, мына жерде... –Сізде бас жоқ, ол жерде тас жоқ! – деген жемқор қолын тартып алды. Бірақ полицейлер оның қолынан күштеп ұстай тартып, вакцина алдындағы процедураны жалғастырды: –Мына жерде, Коля, Сыдық бар, мына жерде қытық, қытық бар! Қытық, қытық! – деген полицей оның қолтығынан қытықтай бастағанда, жемқор тырқылдап күлді. Тіпті, жерге жата қалып күлді, отырып та күлді. – Ал, күліп болдық. Енді не істейсіздер? – Сіз жемқорсыз, сондықтан, сізге вакцина егеміз, – деді дәрігер шприцін дайындап жатып. – Менің жемқор екенімді немен дәлелдейсіздер? –Вакцинадан кейін бетіңізден ар мен ұят ақпаса, жемқор емессіз, ақса, жемқорсыз. –Ойбай, Ар мен Ұят қан емес шығар? Оның түсі қандай сонда? – Оның түсі «цветной». – Мына шприціңіз менің білегімнен жуан ғой? – Қорықпаңыз, – деді дәрігер жымиып, – вакцинадан кейін жемқорлықпен ауырмайсыз. Сізге ешқандай жемқорлық микробтары жұқпайтын болады! Сіз, таза, адал өмір сүретін боласыз. – Сонда... сонда қай жерімнен егесіз? – Ауыз маңайына алты рет, Тіліңізге төрт рет, ерініңізге екі рет, желкеңізге жеті рет, – Шұрық тесік болатын шығармын? – деп мұңайды ол. –Тесілген теріні желімдеп тастаймыз, ал, тыпырламаңыз, вакцина егуді бастаймыз! Дәрігер оған вакцина егіп еді, жарты сағаттан соң бетінен Ар мен Ұят «қашып» шықты... Қысқасы, мына вакцина бәрінен мықты! Әрине, мұндай вакцина ойлап табылса қанекей? Болса, Арқалықтағы мамандандырылған балалар үйінің директорына құны 3 миллион теңге болатын азық-түлік ұрлағаны үшін, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары мен облыстық құрылыс басқармасының басшысына да... Ойебаай, олар Құлсары қаласындағы 200 орындық жаңа аурухана кешенін пайдалануға қабылдау актісіне қол қоюға жәрдемдесеміз, және ыстыық қамқорлықта боласыңдар деп алдын-ала сөз байласу арқылы бір топ адамнан 185 миллион теңге пара алыпты! Оларға да вакцина егер ме еді?
Мұхтар ШЕРІМ