Қуып жет те құрық сал
Қуып жет те құрық сал
Ұрлық қылған бала заң-зәконыңды білмейді. Ыржалаңдап ызаңды келтіреді. Істеген тентектігін өмірі мойына қоя алмайсың. Ыржалақтап күле береді.  Оған қосыла өзіңнің де күліп қойғанынды білмей қаласың. Баланың аты-бала, істегені шала. Ал, сонда үлкендерге не жорық? Бүгінде балаша ыржалақтап, жасаған қиямпұрысты қылмысын құпиялап, тіпті төбесінен түссең де томсырайып мойындамайтын тоңмойындар көбейді. Солардың бірі- Түлкібас ауданының тұрғыны С.Майров. Бұл сабазың аңшылық десе ішкен асын жерге қояды. Аңшы­лыққа барамыз десең жалғыз атын сояды. Жоқ, соймайды екен. Бірақ, өтірігін қоймайды екен. Қалай? Бірде «Ақсу-Жабағылы» қорығының директоры А.Меңлібаев пен күзет бөлімінің басшысы Қ.Жанұзақов Майдантал айналымын шолып шығуды көздеп, қызметтік аттарымен жолға шықты. Олар Алмалы сайдан шыға бергенде Шақшақбаба ауылына қарай суыт кетіп бара жатқан екі аттылыны  көрді. Екі аттың соңында тілдері салақтаған, көздері алақтаған екі аңшы иті еріп барады. Аттылардың қоржындары тоқ сияқты. Олардың соңымыздан қуғыншы түседі-ау деген уайымдары жоқ сияқты. Қорық қызметкерлері күдіктілерді байқап көрмекші болып, соңдарына түсті. Осы кезде ағаш арасынан тағы екі адам шыға келмесі бар ма. Олар да алға түсіп кеткендермен қосыла қашты. Қашу бекершілік болмайды. Екі күзетші ізге түсті. Төрт күдікті түлкідей әккі көрінеді, төрт жаққа бытырай қашты.  Мұнысы айла асырып, іздерін жасырып кету еді. Даладағы қуғын ұзаққа созылды. Шақшақбаба ауылының іргесіндегі көпірге келгенде  күзет бөлімінің басшысы  С. Майровты қуып жетті. Бұл кезде ол «келсең,кел» деп білегің түрініп айқасқа дайын тұр еді. Жағаласа кеткен қашқынның қоржынындағы пышақты көрген күзет бөлімінің басшысы бір сәт тайқып қалғанын көрген қашқын осы сәтті пайдаланып, сытылып шығады. Артынан тұра қуған күзет бөлімінің басшысы оның қоржынынан аңшылық пышағы мен мылтықтың оқшаңтайы түсіп қалғанын көріп бөгеледі.   Өйткені, оған айғақ заттар керек еді. Сондай-ақ қырағы күзетші қашқынның қоржынында қабанның басы мен мылтық жатқанын байқаған. Амал не, осы кезде аты үркіп, қарға омбылай құлағанда қашқын ауыл шетіне жетіп те үлгерген еді. Артынша ол бой тасалап үлгерді. Тергеу барысында қашқын кінәсін мойынына алғысы келмей түлкібұлаңға салынып бақты. Қоянның жымындай түрлі із тастады. Тергеушілердің сұрақтарына саспады. Аңшылыққа шыққанда бірге барған серіктерін майлап қойған ба, оларды танымай қалды. Адам танымай қалған адам не жындыханаға түседі, не көрге түседі. Ол жындыханаға да түспеді, көрге де түспеді. «Со­тталсам да жер басып тірі жүр­генім дұрыс» деп шешкен болуы мүм­кін, шындықты мойындауына тура келді. Сот барысында  соңынан қуып жетіп, жағаласа кеткен күзет бөлімінің басшысын тани қалды. Япырай, бұл не деген алғырлық? Сонымен, Түлкібас аудандық соты С.Майровты кінәлі деп тауып, 3 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Бұған қоса жабайы аңды атқаны үшін мемлекетке 662750 теңге төлеуге міндеттеді. Енді оның жүріс-тұрысы пробациялық бақылауға алынып, жыл сайын жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тар­тылып тұрмақ. Бала емес, басқа емес, дап-дардай адамның далбасалап өтірік айтқаны жаман екен. Біртүрлі ерсі көрінеді.  «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деуші еді бұрынғылар. Рас екен. «Қуып жет те құрық сал» деп күзетшілерді мазақ еткен ол енді маман көрсе немесе қабан көрсе тұра қашатын шығар...

      Сабырбек ОЛЖАБАЙ