Абай атамыз атаман болған ба?
Абай атамыз атаман болған ба?
139
оқылды
Немеремнің немене болып кеткенін байқамай да қалдым. Көшеге ойнап келе ғой дегенмін ғой, еріні жырылып, тізесі сы­рылып, құлағы майысып, белі қа­йы­сып, шашы ұйпа–тұйпа болып келіп тұр. Бірақ, соның өзінде  өзі ғана өрт сөндіргендей, біреулерге қауіп–қатер төндіргендей, қаба­ғында қырық градус аяз бар сияқты,  сұстанып келді. Екі қолы белінде, шіреніп тұрғаны сол. Мына түрін көріп, шошып кеттім. – Әй, жерге домалап келдің бе, жоқ әлде жорғалап жүрдің бе? Не болған саған? – Ата, мен бүгіннен бастап, көшенің атаманымын. – Кім сайлады сені? Халық па? – деппін мен. – Көше балаларымен төбелесіп, жеңіске жеттім. Өздері дауыс беріп сайлады. – Атаман деген не пәле өзі? Одан да, сабағыңды оқымайсың ба? –Сабақты мамам оқып жатыр ғой. – Қалай? –Онлайн сабақты өзі орын­дайды. – Балам, осы саған таң қалам! Сенің басың сопақ! Ал, мына миың шопақ! – Төрт бұрышты бас болмайды ғой енді! – Мынандай топырақ шаш болмайды ғой енді? –  Абай сияқты атаман болдым. – Кімнің баласы ол? Қай подьез­де тұрады? – Ол Құнанбайдың баласы. Абай атамыз туралы тоғыз сериялы «Жауынгер жолы» деген мультик көрдім ғой. Сонда Абай атамыз көшеде кетіп бара жатқан жалғыз қызға жабылған бұзақылармен төбелесіп, «шашып» тастайды ғой! Атаман сияқты!  Мен де Абай бабам сиқты атаманмын! О, сорың құрғыр! Абай ба­бамыз­ды да, жетістірген екен ғой? Шіркін, баяғыда Әмен Қайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің өзі неге тұрады? Тәрбиелік мәні қан­дай еді? Қазір ше? Шетелдік мульт­фильмдердің жаулап алған заманы болды. Отандық мультфильмдерді қабаған иттер жұлмалап, тістелеп тастаған сияқты жұпыны. Краус Артур деген біреу қазақ  ертегілерін мазақтап бітті. Алдар Көсесінің пошымынан құсқың келеді. Бай­лары мен бәй­бішесі домаланған доп сияқты бір­деңе. Бір күні көршінің әйелі үйіме жетіп келді. Тістеніп, тебініп келді. Айқайлап, ойбайлап келді. – Не болды сізге? Айқай­лама­ңыз, тарақандарымыз шошып кетті ғой? –дедім мен. – Немереңіз немене пәле өзі? – Тағы не бүлдірді? – Менің қызыма «көңілдесім болыңызшы» депті! – Қойыңыз, жаман екен ойыңыз. Төрт жасар бала көңілдес дегеннің не екенін түсіне ме екен? – Алтыншы сыныпта оқитын қызымның алдынан шығып: «Әпке, маған уақытша көңілдес болыңызшы» депті! Ақырзаманның баласы! Мен жұқсыз немеремді ша­қыр­дым. – Әй, көңілдес деген не? –деп сұрадым мен. –Білмеймін. –деп міңгірледі ол. – Білмесең, көршінің қызына не дедің? – Сыра ішіп отырған көкелер «Алдар көсе» мультфильмін жаса­ған Артур Краус қуып кетіпті! Бір кемпір көңілдесін үйіне кіргізіп, шалын қуып жіберіпті!» деген соң, сол мультикті көрдім ғой... – Е? – Сосын  менің де кемпір бо­лып, көңілдес тапқым келді. Көңіл­дес деген дос па, ата? О, жүгермек! Әне, айттым ғой, мына Краус  көзімізге көк шыбын үймелетіп бітті! Қазақтың дәс­түрінен, мәдениетінен мақұрым Ар­тур мұнысымен не айтқысы кел­ді екен? Балаларға көңілдес ұғымын  түсіндірмек болды ма? Сарап­шылар қайда қарап отыр? Өзге де жауаптылар немене жалап отыр? Қазіргі балалар Ер Төстікті біле ме екен?  Алпамысты құлағына іле ме екен? Әлде, Спанч Боб туралы сайрай ма? Ал, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы базасында құрылған «Анимациялық кино» шығармашылық өндірістік бірлес­тігі 3 жыл ішінде 610 миллион тең­гені құраған мемлекеттік тап­сырыс бойынша 6 мультфильм ғана түсір­ген. Сонда әрқайсысына 100 мил­лионнан астам қаржы жұмсалған мультфильмнің кейіпкерлері  алтын­­мен апталып, күміспен күп­тел­ген бе? Түсінсем, бұйырмасын! Осыны түсіндіретін жауапты шенеуніктер не дер екен?

Мұхтар ШЕРІМ