Ізгілік іздері
Ізгілік іздері
151
оқылды
Май шамның түбiнде етбетiмiзден жатып қисса оқитынбыз. Ыңылдағаным болмаса, мен, жалпы, ән сала алмаймын. Домбыра сабалайтыным бар. Той-қызықтардағы қолқадан халық әнi «Жеңешенi» айтып құтыламын. Өзiм ән-күйдi өлiп-өшiп тыңдаймын. Ас үй жақтан ән-күй естiлсе, жүгiрiп барып радионың құлағын ашамын. Екi есеп-бiр есеп дегендей кейде ән-күй тыңдап тұрып, ыдыс-аяқты салдыр-күлдiрсiз жуып тастаймын. Ән жайындағы жан сырым өлең­дерiмде бiршама баршылық. ... Ән, шiркiн, ашық дауыс құдiрет – сен. Бiлмейсiң сөз сөйлеудi күбiрлеп сен. Өсiмтал өсiмдiксiң, көңiлдерде Шығасың ертең өсiп, бүгiн ексем! ...Мағлұмат берсем аз-кем өз жайымнан, Жоқ сәтiм әннен құлақ, көздi айырған. Жетемiн ән бар жерге қалбалақтап, «Ән салып бер» десе кiм – сөз қайырман. ...Басқанын, көрiп жүрмiз қанша адамның Жүз грамм, бiр жартымен шарша­ғанын. Мен болсам... шаршап құлап бара жатып, Барылдап бар даусыммен ән саламын. Солай, бауырым, ән-күй жүрген жерден шыға алмай қалатын бұл көкеңнiң «айналшық» деген ауруы бар. «Әндi сүйсең, менше сүй» (Абай). – Жетiге келгенше жерден таяқ жеп өспейтiн бала жоқ. Одан кейiн ше? Сiз алғаш рет кiмнен таяқ жедiңiз? Бала кезде ерке болдыңыз ба, бұзық болдыңыз ба, тентек болдыңыз ба, әлде қой аузынан шөп алмайтын момын боп өстiңiз бе? Мен, мысалы, бала кезiмде бiреудiң қора-қопсысын өртеп жiберiп, үлкендерден таяқ жедiм. Сiз ше? – Балалық-шалалық кiмде болмайды. Болды ғой болғанынша ақыру да, бақыру да. «Баланың қай жылағаны есiмде қалсын». Ойыма, есiме түссе, алдағы әңгiмелер барысында айтармын. «Баланың балалығына ата-ананың даналығы» деген де бар ғой. Балалық-шалалықтарыма даналықтар да болды. – Қазiргiдей емес, ол заманда жiгiттер ғашықтарына хат жазып, бiр-бiрiне кестелi орамал сыйлап жатушы едi ғой. Немесе: Қар жауар қарашада қатырлаған, Елеп пе жауған қарды батыр бабам. Түскенде сен есiме, сенер болсаң, Сағыныш сырын шерткен ақын болам! – деп өлеңдететiн. Сiз қыздарға хат жаздыңыз ба? Жазсаңыз не дедiңiз, өлеңдеттiңiз бе? Мысалы, бiздiң баба­ларымыздың iңкәрлiгi мен ғашықтығын бiлдiрiп шығарған өлеңдерiн оқығанда майдай ерiп, жiбектей есiлесiз. ... Бешпетiң үстiңдегi қыл қарадан, Iлгегiн жарастырып кiм қадаған? Алыстан арып-ашып келгенiмде Көзiңнен айналайын бiр қараған. ... Әуеде ұшып жүрген лашынсың, Күлшi бiр бұлттанған күн ашылсын. Бағаңа бағаласам жан жетпейдi, Жаїанда қолға түспес бiр асылсың. ... Шалқар көлдiң қамысы жар бол­ғандай, Шақырдым атыңды атап зар бол­ғандай. Бiр тәулiк дидарыңды көре алмасам Кең дүние жүре алмаймын тар бол­ғандай. Ретi келсе, Үмбетбай аға, жастық шақта жазған ғашықтық жырларыңыздан үзiндi келтiресiз бе? – Қызға, қызғалдаққа кiмнiң көзi түспейдi. Қыз, қызғалдақ жайында жаз­ған өлеңдерiм бар. Бiрақ, өлiп-өшiп, еш­кiмге арнау өлең жазғаным жоқ. Шал­қарда бiр қызға көзiм түсiп жүретiн. «Сен қыз маған сондай ұнайсың» деген ма­ғынада бiрдеме деп жазып, сонымды со қызға бiрде көшеде тапсырып-ем, «құры, әрi!» деп, ол қыз онымды оқымастан жыр­тып тастады. «Жынды ма...» деп ау­зымды қисайтып күлiп, мен содан жүре-е бердiм. Басқасы есiме түссе, алда айтармын. – Әскери борышыңызды өтеп Украина­ның орманды даласында үш жыл жүргенде туған жерiңiздi сағынған шы­ғарсыз? Ол кезде әскерге бару мақтаныш болатын. Қазiргi жастардың әскерден қашатыны несi? Патриоттық сезiмнiң селдiрей бастағаны ма? – Соңғы кезде қазақ жастары ара­сында әскерге баруға құлшыныс пайда бо­лыпты ғой, құлағыңа тимедi ме? Естуiмше, ол құлшыныстың мәнiсi, патриоттық сезiмнiң бойды кернеуiнен емес, тұрмыстық мүддеге байланысты көрiнедi. Өйткенi, әскери-азаматтық парызын өтеп келгендерге жұмысқа орналасу басқаларға қарағанда әлдеқайда жеңiл деседi. – Сiздi бiлетiн жұрт «Арқасы кiлем иiскемеген палуан!» дейдi. Ендi бiреулер «Мұрныңды бет қып, бетiңдi ет қып жiберетiн шойын жұдырық боксер болған!» дейдi. Әрине, әлем чемпионы болған жоқсыз. Спорттағы дәрежеңiз қандай сонда? – «Қазақ қосып айтады, қосып айтпаса несiн айтады». Құрбы-құрдас­тардың құтыртып айтып жүргенi ғой. Рас, қолғап кидiм. Жеткен жерiм 3 разрядтың о жақ-бұ жағы. Жазған-сызғандарымда бұл тақырыпқа бiрнеше рет қай­рыл­ғанмын, көзiңе түсер. – «Студент» дегенде мұрты ендi-ендi тебiндеген жастар көз алдымызға көлбеңдеп елестейдi. Ал, сiздiң кезiңiздегi студенттердiң көбiсi көк етiктi емес, көне етiктi, қырма сақал болғанын бiлемiз. Студент шақтағы сiздiң iздерiңiз Алматының қай көшесiнде сайрап жатыр? – Кiмнiң аяғы қайда бармайды, кiмнiң аяғы кiмнiң есiгiне кiрiп-шықпайды. Бiрде балшық, бiрде аузы-мұрны сүртiлген бiздiң бәтеңке де барды ғой талай жерге. Шамамен мына бағыт: I-Алматы – II-Алматы вокзалы – Виноградов, 88 – Никольский базары – бас почтамп – университет – стадион – театр – кiтапхана – Жазушылар Одағы – газет-журналдар баспасы – баспалар үйi – көк базар – Сарқант көшесi – Тастақ – «Горный гигант» – микрорайон 10 «А» – Достық даңғылы – Самал-3 – Саяжай... т.б. Студенттiк шақ! Қайран студенттiк шақ! Студент атты жөт халық, Студент атты көп халық – Үйленген досқа үй iздеп, Жүрушi-ек шулап, топталып. Жүрушi-ек шулап, топталып, Кеп-кеше аш та, тоқ халық. Ашқұрсақ жүрiп... бай едiк, Күндер-ай сол бiр, ох, қарық! Бұлтты да, бұлтсыз өттi күн, Көнердi көйлек көптеген. Тым ұзап кеттiк көктемнен, Көрiнбей қалды Көктөбе! – Қателiк жiберемiз де «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрiнбейтiн тұяқ жоқ» деп артынша жуып-шаямыз. Сосын «Көлеңке жарықта ғана пайда болады» деп өрке­ниетiмiздi танытып, өркештене сөй­леймiз. Сiз көп жыл бойы үлкендi-кiшiлi, iрiлi-ұсақты баспасөзде, әсiресе саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында тер төгiп, тепеңдедiңiз. Қадалған жерден қан алып, қаншама фельетон жаздыңыз. Сондай сәттерде қателiк жiбердiңiз бе? Мысалы, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң Бас редакторы Әбен Сатыбалдин орнынан не үшiн түстi? Партияны «ХХIV съезд қорытындылары» деген сөз «қыртындылары» болып басылып кеткен. Сәкен Жүнiсов айтады: «Осындай саяси қатенi бiздiң кезiмiзде де жiберiп алып, қатты әбiгерленген едiк. Бiр күнi кезектi нөмiрдегi бас мақаланы қарап отырсам «Марксизм-Ленинизм еңбектерi» деген сөйлемдегi соңғы сөздiң «ң» әрпi «н»-ге түсiп қалыпты. Ыңғайсыздау, тiптi, ұяттылау сөйлем болып шығыпты» дейдi. Әлемге әйгiлi Түрiк әзiлкешi Әзиз Несин де жасырақ кезiнде фототiлшi, журналист боп iстеген. Ол өз әңгiмесiнде былай дейдi: «Газеттiң бiрiншi бетiнде әрқайсысы екi бағанаға берiлген екi фотосурет шықты. Бiрiншi суретте жәрмеңкеде бәйге алған, мүйiздерiне лента байланған сиырлар бейнеленген. Екiншiсiнде мемлекет қайраткерлерi делегациясының Еуропаны аралауға аттанғалы тұрғаны көрсетiлген. Бiрақ осы екi суреттiң астына жазылған түсiндiрме сөздерi ауысып кетiптi. Делегация мүшелерi бейнеленген суреттiң астында: «Жергiлiктi асыл тұқымды сиырлар» делiнген. Ал, келесi суреттiң астына «Бiздiң делегациямыздың Еуропаны аралауға ұшқалы тұрған сәтi» делiнген. Бiздiң газетте бұл сияқты былықпайлар толып жатады, бiрақ оған дейiн ешбiр сиырды ешқашан үкiмет делегациясымен шатастырып көрген жоқ едiк». Жастық шағыңыз бен жалынды жылдарыңыз Кеңес өкiметiнiң кезiнде өттi. Ол кезде жетi рет өлшеп, бiр-ақ рет кесетiн «Лито», «Цензура» деген сүзгiлi мекеме бар едi. Қит етсең қиып түседi, көнбесең мойныңды суырып алатын. Қазiр – демократия. «Ауызыңнан ақ ит кiрiп, қара ит шықса» да мейлi. Шекеңнен шертiп жатқан ешкiм жоқ. Бұл да қоғамның қателiгi емес пе? – Көпен, сен менiң «Өмiрге құштар­лық» деп аталатын кiтабымды оқыдың ба, жоқ па, бiлмеймiн. Сол кiтабымда бiрталай былықтарымды ағымнан жары­лып жазғанмын. Оларды қайталамай-ақ қояйын, сұрағыңа орай басқа бiр ағаттықтарыма қайырыла кетейiн. 1958-1960 жылдар аралығында Шал­қар аудандық “Коммунизм таңы” газетiнiң баспаханасында жұмыс iстедiм. Күндiз аудан мекемелерiнен түскен заказ-бланкаларды басып, түнге қарай (аптасына үш рет) газет шығарамыз. Әрiп терушiлердiң Әбдiсағи Мүтәлиев деген жiгiттен басқасы қыз-келiншектер-тұғын. Баспаханада небәрi үш жiгiтпiз. Мен аға печатьникпiн. Қасымдағы серiгiм – Аманбай Кездiбаев. Ол бүгiнде Ақтөбе қаласында тұрады. Кәсiби жур­налист. Аманбайдан кейiнгi көмекшiмнiң аты-жөнi – Ниетбай Маманбаев. «Ейск» түнiмен сарт-сұрт. Жаңылыспасам әскери-теңiз флоты күнi валикке қағаз оратылып, қарiп (шрифт), клище ұшып, бiресе қағаз тастап тұратын тақтайшаны жiп iлiп, түнiмен әбiгерге түстiк. Ол кезде клище таза қорғасын емес-ау деймiн, әйтеуiр темiрден құйылып келетiн. Кейiн пластмасса клище пайда болды. Содан газеттi басып болғаннан кейiн бiз үйiмiзге қайттық. Мен апа-жездемнiң үйiнде жататынмын. Ертеңiне апам ұйқымнан оятты. «Саған жұмыс жағыңнан бiр қыз бала келiп тұр» дейдi. Орнымнан атып тұрып сыртқа шықсам, әрiп терушi қыздардың бiреуi екен. Оның бар айтқаны: «Тез жет, редактор ағай шақыртып жатыр!». Редакцияға барсам, бүкiл ұжым дүрлiгiп кетiптi. Редакцияның кезекшi қызметкерi мен корректор шыр-шыр. «Бiз қол қойғанда бәрi дұрыс бо­латын, мiнекей». Бақсақ, мәселе былай болған. Түндегi әбiгер кезiнде қайта-қайта ұшқан клищенi бетке терiс салып қойыппыз. Басын төмен, аяғын жоғары қаратып. Абырой болғанда «брак» шамалы ғана екен. Редактор Тiлеужан Шойғарин деген ағай бiр тамаша кiсi болатын. «Баланың балалығына – ата-ананың даналығы» деп ойлады ма, ол кiсi бiздiң әлгiндегiдей ағаттықтарымызға түсiн суытуын суытса да, болашағымызды ойлаған шығар, кешiрiммен қарады. «Лениншiл жас», «Жетiсу» газет­терiнде көп кiдiрмедiм. Тапсырмаларды тастай қып орындай алмай, макет жоғалтып, бұнда да «иiсiм» шығып, Радио-журналистикаға жалт бердiм... Қандай қиыншылығы болса да алыста қалған жастық шақ кiм-кiмге  де сағыныш қой. Газет, баспахана бояуының өзi қазiр ұзақ, көңiлдi әңгiменiң желiсi. Қара бояу қолымызды кесекпен ысқылап жусақта оңайлықпен кете қоймайтын. Тырнақтың қап-қара көбесiн көрсетпеу үшiн қыз-келiншектермен сәлемдескенде мен көбiне оларға қолымды бүкiрейтiп ұсынатынмын. Қайран жастық! Жазған бiр хатында Аманбай дос әңгiмесiнiң бiр қайырылысын баспахана­ға бұрып: «сағындым!» дептi. Мен де! – Сұрақ қоймас бұрын, бұрынғы-соң-ғы ғұламалардың басқан iзiн бажайлап, артына қалдырған iнжу-маржандай ұлағатты нақылдарынан үзiндi келтiрейiн.

«Егер менiң Қорғаныс министрiм нашар болса, бiр шайқастан жеңiлермiн, егер менiң Ауылшаруашылығы министрiм нашар болса, бiр жыл егiнсiз қалармын, егер Мәдениет министрiм нашар болса, елу жылға кейiн шегiнемiн». Де Голь.

«Ұсақ адамдардың iшiнде ұлылар бар, ұлықтардың iшiнде де ұсақтары бар». Бернард Шоу «Ойлағанымды басқалар да ойлайды деп ойлама». Хисрави Тiзе берсе тiптi көп. Сiз «Инабат иiрiмдерiн» жазып жүрген қаламгерсiз. Бiздiң iлгерiлi-кейiндi зиялы қауымның аузынан шыққан аталы сөз ажары болса да әлем әдебиетiнiң көшiне iлесе алмай жүргенi рас. Әлде бiз жеткiзе алмай жүрмiз бе? Сонау ықылым замандағы Тоныкөк, Күлтегiннен бастап Асан-Қайғы, Бұқар жырау, үкiлеп сөйлейтiн үш биiмiзден кейiнгi кешегi Мұхтар Әуезовке дейiн көркем ойды кестелеп iз қалдырған қанатты ғақлиясы қаншама! Одан кейiнгi, әсiресе бүгiнгi данышпандарымыз «Олай дептi!», «Былай дептi!» дейтiндей, әсiресе әлемнiң аузында жүретiндей пәлсафалық ой-ағымдардың Арал теңiзiндей сарқыла бастағаны несi? Мысалы, «Үмбетбай айтты» дейтiндей бiр-екi сөз бар ма? – Ұлы адамдар ұлы категориямен ойлайды деген бар. Бұл жолдарды таратып айтсақ, талай жерге кетiп қаламыз. Алда бiр сөздiң келе жағында, не жол-жолдың ара-арасында оған қайырыла кетермiз. Арал теңiзiне бұрылайық. Сауал-сұрағыңды өзiңе естiртiп қайталайын: “... Бүгiнгi данышпандарымыз олай дептi”, “былай дептi!” дейтiндей, әсiресе әлемнiң аузында жүретiндей пәлсафалық ой-ағымдардың Арал теңiзiндей сарқыла бастағаны несi? Мысалы, “Үмбетбай айтты” дейтiндей бiр-екi ауыз сөз бар ма?” Қателесесiң! Халық сарқылмай даналық сарқылмайды. Сен де, мен де халықтың денесiнен шықтық, халықтың бөлшегiмiз. Дүниедегi пәлсафаның бәрiн, жақсы сөздiң бәрiн де Голь, Бернард Шоу, Хисравилер айтып тауысып кеткен жоқ. Өзiмiздiң кез-келген қаламдас-тағдыр­ласымыздың кiтабынан құрығанда он, он бiр, одан да көп қанатты сөз шығады. Өзiмнiң iшiмнен шыққандар бар, өзге қа­ламдастардың жазған-сызғандарынан жинап-тергендерiм бар – мен бiр кiтап­тың сұлбасын түрегелтiп қойдым. Аты – “Оңашадағы ойлар”. Соның бiрнешеуiне құлақ тосшы. “Халықтың қайғы-қасiретiн ойнап отырып, жеңiл жазуға болмайды”. Тахауи Ахтанов. “Үндемей қалудың өзi де – пiкiр”. Дулат Исабеков. “Жаны жақсылыққа толы адамдар байлық жинамайды, өздерi байлыққа айналады”. Баққожа Мұқай. “... Ұлтқа уақыт ағымында ағып бара жатқандар емес, жүзiп бара жатқандар керек”. Қали Сәрсенбай. Өтiрiк пен өтiрiк қосылса – Дүңкиiп тұрады. Шындық пен өтiрiк қосылса – Жымпиып тұрады. (Халық аузынан). Сәттi ме, сәтсiз бе бағасын ел берер, өз шұбаржыландарымның да бiрнешеуiн назарыңа ұсынайын. “Ақыл iстен шықса, жұдырық жұмыс iстейдi”. “Әдемi адам – әдемi, әдептi адам – әдемiден де әдемi”. “Ұйқының жауы – ұйқы, ұяты – ысқырық”. *** Қара бәле күлiп едi – Бала күлдi. Бала күлiп едi – Бәрi күлдi. ... Күлсе бала күлсiн, бәрекелде! *** “Әдемi сөйлеген адам әдемi емес, әдiл сөйлеген адам әдемi”. “Ақыл айтыла берсе, ауыздың дуасы кетедi”. *** Дуа демекшi, “ханның айтқанын қара да айтады, бiрақ қараның ауызы дуалы емес”. Хан демекшi, Никита Хрущевтiң аузынан да жақсы сөз шыққан. Мiне: “Кiтапханалар жабылса, түрме сала бастау керек”. Осы тұста “Үмбетбай айтты” дейтiндей неге бiр ел айтып жүрген сөзiң жоқ деген мағынадағы сауал-сұрағыңа бұрылайын. Мен әйдiк әкiм де, академик те емеспiн. Үлкен размерлi етiк киемiн деп те айта алмаймын. Табанымның аудан-көлемiне қарай iзiм бар, тауып айтқан, тауып айта алмаған сөзiм бар. Ел iшiнде, өзiң бiлесiң, “Қожанасыр өйдеген екен”, “Бұзаубай бүйдеген екен” деп басталатын әңгiме көп. Шалқар жағында да “Төрежан айтқандай”, “Төкең айтпақшы” деп басталатын көңiлдi әңгiме де баршылық. Аузымнан шықсын, шықпасын, маған да таңылып жүрген әр түстi әңгiменi әр жерде әркiмдердiң аузынан менiң өзiмнiң де құлағым шалды. Бiр өлеңiмдi бiрнеше рет Толымбектiң аузынан естiдiм. Демек, ол менiң сөзiм ғой. Мұхаметжан Әлiмбаев деген өнерлi жiгiт бар. Сол аңқылдақ iнiмiз бiр жерде “Ажал адамды өмiр бойы аңдиды, бiр-ақ рет алады” деп Үмбетбай ағам айтқандай” деп қалды. Дархан есiмдi кiшкентай мектеп оқушысы “Безразмер­ный ауыз” деген өлеңiмдi газеттен қиып алып жаттаған екен, сахнада әдемiлеп айтып бердi. Жазғаның халыққа қызмет етiп жатса, қаламгерлер үшiн одан артық қуаныш бар ма! Сұрағыңа қарай – жауабым. Әлде де бiр-екi дерек келтiрейiн. Менiң көп жылдан берi оқушы, студен-жастардың ортасында жүргенiмдi бiлесiң. Оқта-текте әркiмдердiң аузынан естiген, басылымдардан көзiме түскен тiркестер мен сәттi ой орамдарын оларға дауыстап оқып, дәптерлерiне жазғызып талдататыным бар. Бiр жылы мектеп бiтiрiп жатқан оқушылардың аузынан “Үмбетбай ағай айтқандай” деген сөз шықты. Журналистика факультетiнде оқитын Нұрдiлдә Оразов есiмдi шәкiртiмiз  де бiр сөзiнде менiң өз айтқанымды өзiме қайтарды. Азалы дастархан басында бiр кiсi “Бiр дос бар – қия беткейге шейiн, бiр дос бар – қияметке шейiн” дедi. Соны оқу­шы­ларға жаздырып едiм, үзiлiс кезiнде екi оқушы дәлiзде дауыстап айтып бара жат­ты. Эффект! Осы жолдардан шығарып айтпағым: пендешiлiк деймiз бе, бiлместiк деймiз бе, бiздiң көпшiлiгiмiздiң бiр үлкен қайшылығымыз, Көпен, бiреудiң тауып айтқан бiрер ақылды сөзiн өзiне  қимайтынымыз бар. Сен ондайлардың қатарына жатпайсың, бiрақ кейде тым таусылып сөйлейсiң. Қойып отырған сауал-сұрағың да солай. Естi адам жақсы сөз естiсе, Жүзi жылып қалады. Есалаң жақсы сөз естiсе, Жүдеп қалады. Сен, Көпен, адамның да, сөздiң де қадiр-қасиетiн бағалай бiлетiн қалам­герсiң. Тек таусылып сөйлемешi, пож-жа-луйста. – Жарты әлемдi жаулап алған Жапон техникасын былай қойғанда, ең мықты деген немiстiң “Мерседесiнде” де ақау бар. Әйтеуiр бiр нәрсе жетiспейдi. Сондықтан да олар кем-кетiгiн толтыру үшiн техниканың жаңа үлгiлерiн ойлап тауып, жетiлдiре түседi. Адам да – техника, бiр бөлшегi әлсiздеу болады. Бiрақ оны адам түзей ала ма? Әлде “Тоғызыңда қандай болсаң тоқсаныңда сондай боласың” деп құдай жаратқан мiнезбен жүре бере ме? Салыстырмалылық теориясын ойлап тапқан Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн қанша ғұлама болса да өмiрде жаңғалақ болса керек. Өмiр бойы бiр кәстөммен өткен. Киiнбеген. Жiгiт шағында “Сен осы неге дұрыс киiнбейсiң?” дегендерге “Менi кiм танып жатыр!” деп салдыр-салақ жүре берген. Қырық екi жасында әлемге әйгiлi болса да сол баяғы ескi кәстөмiн үстiнен тастамаған. “Ел сыртыңыздан сөз қылады ғой, қалай болса солай киiнетiнiңiз не?” дегендерге: “Онда тұрған не бар, менi ел онсыз да таниды ғой” деп мән бермеген. Тiптi Нобель сыйлығы үшiн алған миллионға жуық долларын бұрынғы әйелiне бере салған. Мың жарым доллар­дың иесiн көп жыл бойы оқыған кiтабы­ның беттерiн жаңылыспас үшiн арасына салып пайдаланған. Оның құнды қағаз екенiне мән бермеген. Сiз Эйнштейн болмасаңыз да елге белгiлi азаматсыз. Ай бетiнде де дақ бар ғой. Өз кемшiлiгiңiзге өзiңiз тоқталасыз ба? – Альберт Эйнштейн көрмеген адамым. Сырттай, қағаз жүзiнде таныс­пын. Бiр басылымнан тiлiн салақтатып отырған суретi ғана көзiме түстi. Ғылымда ғажап жаңалық ашқанымен, отбасында бәлендей берекесi болмағанға ұқсайды ғой. Әйелi Милова Маричпен тiл табыса алмаған. Қыздарын балалар үйiне өткiзген. Бiр ұлы жындыханада көз жұмған. Бұл ендi тағдырдың iсi ғой. Ал, Нобель сыйлығын немесе миллионға жуық долларды кiтаптардың арасына қыстырып қойғанын өз басым жөн көрмеймiн. Ондай сыйлыққа қолым жетсе, бiразын мен әуелi арып-тозып тұрған Жаныс бабамның мавзолейiне жұмсар-ем. Содан кейiн үйiмдi ремонттап, содан кейiн салпақтап университетке жаяу барып-келiп жүргенше бiр “Мерседес” сатып алар едiм. Өзiм машина айдай алмасам да, балалар бар ғой айдайтын. Өзiм лифтiнi жақсы жүргiземiн. Нобель сыйлығын содан кейiн тағы неге жұмсаймын? Кемпiрiмнiң тоны тозып қалды, оған бiр жақсы тон алып беремiн. Өзiме бiр жа-а-қсы ондатр құлақшын, үш-төрт кәстөм-шалбар сатып аламын. Сосынғысын жетiм балалар үйiне аударсам деймiн. Жоспарым қалай? Күлесiң ғой? Эйнштейн ағайдың өмiрден жалғыз костюммен өткенiн де қоштамаймын. Жоқ болса, “қайтсiн, жоқ қой” дер едiк. Ол кiсiде болған ғой. Өзiмнiң үш-төрт кәстөмiм бар. Күн сайын, апта сайын болмаса да, жылына екi-үш рет жуып, үтiктеп, күтiп киiп жүремiн. Бiреу-мiреу кәстөмiмдi ескi, көне көрмеу үшiн әдемi көйлек киемiн. Сонда кәстөмнiң ескi, көнелiгi байқалмайды. Не болмаса, өтiрiктi-шынды әңгiменi үстi-үстiне соға беремiн. Саясатқа да барып келемiн. Сонда “көрерменнiң” көзi кәстөмнен айдалаға ауып кетедi. Не күлесiң? Немесе жөтеле беремiн, жөтеле беремiн. Сонда кәстөмге қадалып қарап тұрған көз де, көздiң кiсiсi де “мынау түбiркүлез екен” деп әрi кетедi. Альберт ағай киiмге мән бермей, қалай болса солай жүрсе, бәлкiм, “бала-шағам болса анадай, шыттай киiнiп жүру менiң не сәнiм, әкең!” деп, бәрiне қолын бiр сiлтеген шығар, кiм бiледi. Онысы да көңiлiме қонбайды. Кiм не көрмейдi, кiмнiң басында не болмайды. Өзiңдей Виктор Гюго өмiрдiң азабын аз тартқан ба? Кiшкентай кезiнде әке-шешесi ажырасып кетедi. Үш айлық ұлы көз алдында көз жұмады. Қызы суға кетiп өледi. Ол қасiретi аздай-ақ, III Напалеон анау деп, мынау деп елден аластайды. Сонда да өмiрден түңiлiп, оның жалғыз кәстөммен өмiрден өткенi жайында маған мағлұмат түскен жоқ.

(Жалғасы бар)

Көпен ӘМІРБЕК