Ақтөбе облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы" ММ бұрынғы басшысы Нұрлан Иманалин мен "Ақ Саток" ЖШС директоры Қойбағаровқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі аяқтады. Иманалин жеке компания директоры Қойбағаровпен алдын ала сөз байласып, бір топ адаммен алаяқтық жолмен Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысына арналған жалпы сомасы 60 703 175 теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар, ол лауазымды өкілеттіктерін теріс пайдаланды және төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбады, оларды қорқытты деген күдікке ілінгені хабарланды.
2020 жылы 25 желтоқсанда Ақтөбе қаласының No2 сотының үкімімен Иманалин жеті жылға бас бостандығынан айырылды (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы, 379-бабы, 380-бабы 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте болу құқығынан айырылды. Сол үкіммен Қойбағаров (190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы) 6 жылға бас бостандығынан айырылды, коммерциялық ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енбегені атап өтілді.