Нұр-Сұлтан тұрғыны ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Кирпичный тұрғын алабындағы қолайсыз жағдайға қатысты шағымданды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Nur Otan партиясының республикалық қабылдау бөлмесінде ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев тұрғындарды қабылдап, мәселелерін тыңдады. Елорданың Кирпичный тұрғын алабының тұрғыны полиция бөлімшесін ашуды өтінді.
«Біз сіздің атыңызға қазан айында арнайы үндеу жібердік. Орталық базар, Шанхай базары, Кирпичный жақта адамдар мас күйінде көшеде жатады. «102» қызметі жеткенше, олар кетіп қалады. Базар маңы болғандықтан адамдар көп жүреді. Сондықтан, біз тұратын жерден арнайы полиция пунктін ашуыңызды сұраймыз», – деді тұрғын.
«Егер ондай арнайы пункт ашу керек болса маған емес, әкімдікке хабарласуларыңыз керек», – деп жауап берді министр.
Е.Тұрғымбаевтың айтуынша, елордада полиция пунктері жетіспейді.
«Бізде 18 полиция бөлімшесі жетіспейді. Іс жүзінде, қалада қоғамдық қауіпсіздікке қатысты қажеттілік жоғары. Біз полицейлер тәулік бойы ішінде тұратын шыны пунктерді де орнаттық. Дегенмен, арнайы полиция пунктері ашылса бізге де жақсы болар еді», – деді министр.
Ішкі істер министрінің сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов полиция бөлімшелеріне шұғыл қажеттілікті кезең-кезеңімен шешуге уәде берген.