Желіге түскен кадрларда бірнеше полиция қызметкері ер адамды қалай тыныштандырғанын көруге болады. Павлодар облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді,– деп хабарлайды Tengrinews.kz "Тексеру барысында 26 желтоқсан күні сағат 00.16-да Павлодар полициясына Лермонтов көшесіндегі төбелес туралы қоңырау түскені анықталды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері таныс үш жігіттің арасында жанжал болғанын анықтады. Екі ер адам полиция қызметкерлеріне қарсылық танытқан", – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзушылардың барлығы ұсталды. https://youtu.be/XpdNkzrKeAg "Ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу және полиция қызметкерлеріне бағынбау фактісі бойынша оларға қатысты ҚР ӘҚБК 434, 443 және 437-баптары бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. ҚР ӘҚБК 434-бабы бойынша материалдар сотқа жіберу үшін дайындалуда", – деді Қайыров. Полиция қақтығысқа қатысушылардың ешқайсысы дене жарақатын алған жоқ деп атап өтті.