Ник Филдинг «Sunday Times» газетінде аға репортер және «Mail on Sunday» газетінде бас репортер болған. Британиялық жазушы, журналист мерзімді баспасөзден бөлек Оксфорд университетінің профессоры қызметін де атқарған.
Ник Филдингтің Қазақстан туралы бірқатар зерттеулері бар. 2016 жылы Ұлттық академиялық кітапханада «Оңтүстіктегі Ұлы далаға – Томас пен Люси Аткинсонның 1846-1852 жылдары Қазақстанға жасаған саяхаты» атты ағылшын тіліндегі кітабының тұсаукесері ұйымдастырылған. Британиялық жазушы, журналист Қазақстанның киелі жерлері мен тарихын, салт-дәстүріне байланысты зерттеумен айналысқан. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы, танымал журналист Ғалымжан Бәйімбеттің ұйымдастыруымен өткен онлайн кездесуде Ник Филдинг өзінің газеттегі бай тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе журналистің қоғамда резонанс тудырған зерттеулері магистранттарды да бей-жай қалдырмады. Онлайн кездесу барысында британиялық журналист Ник Филдинг «The Correspondent» журналында жұмыс істеп жүрген кездегі мемлекеттік балалар үйіндегі жасөспірімдердің заңсыз әрекеттермен айналысқаны, наркотик қабылдап, ішімдік ішкендігі туралы анықтағанын айтты. Журналистік зерттеу нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, жауапты мамандардың көпшілігі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ник Филдингтің журналистік зерттеулерінің ішінде көпшіліктің қызу қолдауына ие болған мақаласы – теңіз арыстандарының (итбалықтың бір түрі) заңсыз түрде Англиядан Францияға сатылуына байланысты оқиға. Оқиғаны бірнеше ай зерттеу жүргізген журналистке газет оқырмандары қаржылай көмек беріп, нәтижесінде итбалықты елге қайтарған. Журналист британдық ғалымдармен бірге археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, динозаврдың толыққанды сүйектері мен формасына табуға атсалысады. Ник Филдингтің осы кездегі зерттеуі келесі бір мақаласына түрткі болған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі динозавр сүйектері мен басқа да құнды заттардың қара базарда сатылуы жайлы жазған. «Қоғамдық резонанс тудырған журналистік зерттеу келесі бір қылмыстық істің ашылуына себеп болды. Тәжірибелі журналист оқырманды әрекетке итермелеу автордың өз қолында», – дейді. Ник Филдинг Африкаға сапары, терроризм тақырыбында жазған бірқатар мақалаларына тоқталды. Ерекше террорист туралы зерттеуінде ауқатты отбасыдан шыққан, Лондон университетінің түлегі, шахматтың чемпионы болған пәкістандық жігіттің ИГИЛ-дің мүшесі болып, тағдырының күл-талқаны шыққанын жазған. Британдық жазушы, журналистпен болған сұқбатта Қазақстанның тарихына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Ник Филдинг магистранттармен болған кездесуде Қазақстанда археологиялық қазба байлығының өте көп екендігін, жастардың оны зерттеуге көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Соңғы кездері Ресей мен Қазақстан арасындағы жерге қатысты пікірталасқа байланысты Ник Филдинг «Негізінен Ресейдегі Омбы, Орынбор жерлері ол Қазақстанға тиесілі еді және егер тарихты оқитын болсаңыздар, бұл жерлерде ежелден тек қазақ халқы өмір сүрген. Жалпы менің ойымша Ресей Қазақстан жерінің тұрақтылығына қатты қызығып, осы жерлерді өздеріне алды», – деп пікір білдірді. Халықаралық журналистика магистратурасында білім алушылар қашықтан оқу барысында бірқатар британиялық журналистермен онлайн кездесіп, дәрістерін тыңдады. Бір айта кетерлігі, шетелдік әріптестермен өткізілген кездесулердің барлығы ағылшын тілінде жүргізілді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің болашақ магистрлары британдық журналист, ғалымдармен еркін пікір алмасып, ғылыми эссе жазуда. Осылайша университет білікті журналистердің артуына өз үлесін қоспақ.