Метро жұмысшылары Жаңа жылды жалақысыз қарсы ала ма?
Метро жұмысшылары Жаңа жылды жалақысыз қарсы ала ма?
137
оқылды

Мыңнан астам жұмысшы жалақысыз қалуы мүмкін.

Informburo.kz-тің жазуынша, үстінен қылмыстық іс қозғалған «Алматыметроқұрылыс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов Президентке үндеу жолдады.

«Аса ірі көлемде ақша жымқырып, алаяқтық жасады» деген күдікке ілініп, басы дауға қалған «Алматыметроқұрылыс» АҚ компаниясының басшысы өзінің кінәсіздігін айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан тергеудің әділ өтуіне араласуын сұрады. Қылмыстық істің ақ-қарасын айыру үшін тергеу материалдарын білікті заңгерге тексертуге өтініш жасады. Қайрат Реимовтің айтуынша, метро құрылысының жұмысы кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін. Оның сөзінше, әзірге «Алматыметроқұрылыс» компаниясының шоттары ашық. Алайда тергеуші тарапынан есепшотты бұғаттау туралы шешім шықса, құрылыс дереу тоқтайды. Сәйкесінше, компанияда қызмет етіп жүрген мыңнан астам адам жалақысыз қалуы мүмкін.

«Жұмысшылардың алаңдауы өте орынды. Қазіргі уақытта компанияның акцияларына шектеу қойылған. Енді есепшот бұғатталса, ешқандай қаржылық операциялар жүзеге аспайды. Демек, жұмыс бірден тоқтап, қызметкерлердің еңбекақысы төленбейді. Жуырда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев метро құрылысы қандай жағдай болмасын тоқтамайтынын және жұмысшыларға жалақы төленетінін айтты. Алайда мен бұл мәлімдемені түсінбедім. Әкім метроның мәселесін білмегендіктен айтқан болар. Өйткені, Қазақстанда біздің мекемеміз ғана метро құрылысымен айналысады», – деді Қайрат Реимов.

Қайрат Реимов өзіне қатысты қылмыстық іс «тапсырыспен қозғалды» деп есептейді.

Еске сала кетейік, 27 қарашада «Алматыметроқұрылыс» компаниясының жүзге жуық жұмысшысы «Сарыарқа» бекетінде наразылық білдірген еді.