Ағаш өңдеу цехының иесінен 11 келі марихуанна тәркіленді

Ақмола облысында есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқан ағаш өңдеу цехының иесі ұсталып, одан 11 келіден астам марихуана тәркіленді.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 желтоқсанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қостанай облысы Қарасу ауданының 41 жастағы тұрғынын ұстады.

Күдікті Ақмола облысының Есіл және Жарқайың аудандары аумағына есірткі заттарын жеткізу және өткізумен айналысқан.

«КамАЗ» жүк көлігін тінту барысында салмағы 10 келіден асатын кептірілген марихуана салынған қап табылды. Күдікті осы көлікте отырған, оның өзінен 40 грамм марихуана тәркіленді.

Бұдан бөлек, ұсталған адамға тиесілі ағаш өңдеу цехының сейфінен полиэтиленге өлшеп салынған 18 түйіншек марихуана, сондай-ақ, 1 бума гашиш табылды», – деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, барлығы 11 кг 129 грамм марихуана және 195 грамм гашиш тәркіленді.

Есірткі тасымалдаушы Көкшетау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі (есірткі заттарын заңсыз өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тәркіленген есірткі затының салмағы аса ірі мөлшерде болғандықтан Қылмыстық іс ҚР ҚК 1-бабының 3-бөлігіне ауыстырылды», – деп атап өтті Ақмола облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мейрам Жапбасов.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.