Өзіне қол жұмсаған курсанттың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
Өзіне қол жұмсаған курсанттың өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
Алматыдағы академияда курсанттың өліміне қатысты тергеу барысын министр жеке бақылауына алды. Бұл туралы  Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев курсанттың қаза болуына байланысты кешенді тексеру жүргізіліп жатқан ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына барды. Тексерістің алдын ала нәтижелері туралы ведомство басшысына арнайы топтың басшысы – ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков баяндады. Оның айтуынша, оқу орнының тұрмыстық жағдайы, материалдық-техникалық жабдықталуы ғана емес, оқытушылар мен курсанттар арасындағы моральдық-психологиялық ахуал да зерделеніп жатыр. Қазіргі уақытта жүйелі ақша жинауды көрсететін өрескел бұзушылықтар анықталмаған. Сонымен қатар курсанттар туыстарының оқу орны қабырғасындағы қысым туралы хабарламалары да мұқият қаралуда», – деді Н.Ораз онлайн брифингте.
ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков курсант өліміне қатысты жайттар туралы айтты. «Өтегенов өзінің курстастарынан түрлі сомада жиі қарыз алғаны, сондай-ақ букмекерлік конторада онлайн ақша тіккені анықталды. Қазіргі кезде ата-анасының уәжі, сондай-ақ академиядағы оқу-тәрбие процесі, ұжымдағы моральдық-психологиялық жағдай тексеріліп жатыр. Жалпы, тексеріс барысын министр жеке бақылауына алды», – деді А. Сайтбеков.
Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза болуына байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті  ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Осы оқиғадан кейін Алматы академиясының бастығы қызметінен кетті.