Жаңа жыл мерекесінде және алдағы демалыс күндері елордада қоғамдық көліктер қатынайтын болады. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады.
«Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес қалалық және қала маңындағы бағыттар (экспресс бағыттарды қоспағанда) жұмыс, демалыс және мереке күндері қатынайды. Сондай-ақ автобустардың жүру уақыты сағат 23:00-ге дейін сақталады», - делінген хабарламада.Осыған орай компания жолаушыларды санитарлық нормаларды сақтауға шақырып отыр. Қоғамдық көлікке бетпердесіз кіруге тыйым салынатындығын, автобустарға алдыңғы есік арқылы кіру керектігін ескертеді. Сонымен қатар жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді.