Nur Otan үш ауысымдық мектептерді жойып, білім сапасына назар аударады

Nur Otan үш ауысымдық мектептерді жойып, білім сапасына назар аударады

Nur Otan партиясы өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Ерқанат Әбенов мәлімдеді.

Таяуда партиялықтар зауыт қызметкерлерімен кездесті. Жұмысшылардың көп уақытын алмас үшін «KSP-Steel» АҚ мен «Қазақстан электролиз зауытының» еңбек ұжымымен жүздесу ZOOM алаңында өтті. Депутат атанудан үмітті Нұргүл Айғожина тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған жүйелі жұмыс, ал Вячеслав Кнутас өндірісті экология талаптарына сай жабдықтау, жаңа жұмыс орындарын құру туралы айтты. – Nur Otan партиясы ең төменгі жалақы көлемінің артуы және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі үшін барын салады, – деді Павлодар қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Вячеслав Кнутас. Сондай-ақ шағын және ірі бизнес өкілдерімен жұмыс жүргізілетінін айтты. Кәсіпорындарға қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Қымбат Матай да депутаттықтан үміткер. Ол – балалармен жұмыс істейтін логопед. Павлодарлық мектептерде инклюзивті білім беру енгізіліп, облыс орталығында кедергісіз орта қалыптасуы қажет деп пайымдайды. – Мен Nur Otan партиясын таңдаймын, себебі бұл партия ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға бағытталған нақты қадамдарды ұсынады. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес 2025 жылға қарай ерекше қажеттілігі бар балалар мен ересектер тиісті көмектің барлығын ала алатын оңалту орталығының саны көбейеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуында қиындықтар болмас үшін «Мамандықтар атласы» жасалады. Мүгедектік тобын белгілеу жұмысы да оңтайландырылады, – деді Қымбат Матай. Ал Ерқанат Әбенов кәсіпорындарды жаңғырту үшін жасалатын жұмыстармен таныстырды. – Мен бұған дейін «Даму» қорының жергілікті филиалын басқардым. Сондықтан сіздер еңбек ететін зауыттардың мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланатынын нық сеніммен айта аламын. Бұл өз кезегінде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді, – деді зауыт жұмысшыларымен кездесу кезінде қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ерқанат Әбенов. Ғабит Хафиз бен Михаил Желнов жұмыс істейтін жастардың мәселелеріне назар аударды. Қалалық мәслихат депутаты болудан үміткер Әлия Асқарова әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту туралы атап өтті. – Жастарымыз нені қалайды? Сапалы білімді қолжетімді бағаға алуды, колледж немесе жоғары оқу орнын аяқтаған соң лайықты жұмысқа орналасуды, баспана алуды қалайды. Біздің партияның бағдарламасында осы мәселелердің барлығы қамтылған. Біз білім бұдан да қолжетімді болуы, құрылыс қарқынының артуы, тұрғын үй сертификаттарының берілуі үшін жұмыс істейтін боламыз, – деді Михаил Желнов. Онлайн кездесуге қатысушылардың бірі білім беру сапасының төмендеп кеткеніне мән берді.

– Біз 2025 жылға қарай үш ауысымдық мектептердің болмауы үшін барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Қазір дәл осындай мектептер бар. Мектептерде орын жетпеу мәселесі жаңа білім ордаларының бой көтеруі әрі қазіргі мектептерге қосымша ғимараттардың салынуы есебінен шешіледі. Мектептердегі оқу кабинеттерін жарықтандыру жақсарады, сапасыз оқулықтардың мәселесі шешіледі, мұғалімдердің еңбекақысы айтарлықтай артады. Жоғарыда аталған жайттар оқу процесіне жақсы әсер етеді және осының барлығы біздің сайлауалды бағдарламамызда көрсетілген, – деді Болат Жұмаділов.

Атап өтейік, Nur Otan партиясынан ұсынылған кандидаттар бүгінде халықпен ашық диалогқа дайын. Тұрғындармен, студенттермен, өндіріс орындар қызметкерлерімен, сауда үйлерінің өкілдерімен, зиялы қауыммен кездесулер күн сайын сайлауға дейін ұйымдастырылатын болады. Қалалық және облыстық мәслихаттар, Мәжіліс депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді.

Nur Otan партиясының Павлодар облысы, Павлодар қаласының Сайлау қорының қаражатынан төленді.