Қазақстан пандемия жағдайында өмір сүруге бейімделуде. Еліміздегі көптеген қызметтер онлайн режимге көшті. Атап айтқанда бұдан былай мүгедектігі бар адамдар соны растайтын құжаттарын онлайн ала алады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 4 наурызда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына қатысты қойған міндеттері қарқынды іске асырылуда. Ел басшылығының осы тапсырмаларын орындау аясында әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру қолға алынды. Бүгінде eGov порталы арқылы мемлекеттік қызметтің ондаған түріне қол жеткізуге болады. 2020 жылғы 28 желтоқсаннан бастап eGov порталында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызметін көрсету кезінде берілетін құжаттардың электронды нысандарын алу қолжетімді болды. Бұл қызметті мемлекеттік «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп ұсынатыны мәлім. Осылайша, eGov порталында келесі құжаттардың электронды нысандарын алуға болады: мүгедектік туралы анықтама; жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама; кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтама; кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан және медициналық-әлеуметтік сараптама актісінен үзінді көшірме; зардап шеккен қызметкердің көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне мұқтаждығы туралы қорытынды; оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірме; оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігінен үзінді көшірме; медициналық-әлеуметтік сараптаманың сараптамалық қорытындысы туралы хабарлама; сондай-ақ толық оңалту туралы хабарлама. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары және мүгедектігі бар адамдардың қамқоршылары бұдан былай мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырмай, осы құжаттарды қашықтан ала алады.Айхан ШӘРІП