Автонарықты үлкен өзгеріс күтіп тұр
Автонарықты үлкен өзгеріс күтіп тұр
164
оқылды

Биыл Қазақстандағы авто­мобиль нарығы көптеген өз­гер­іске ұшырады. Қолданыл­ған көліктердің құны құбыла түсті, ал жаңа машиналар сау­дасында жаңа ойыншылар шықты да, бәсекелестік арт­ты. Енді алдағы жылы авто­нарықты не күтіп тұр? Көлік­тердің бағасы қандай болады?

2020 жыл отандық авто­өнеркәсіпке қиын тиді. Індет бас­талғанда көлік сатылымы бір сәтке тоқтап қалды. Алайда содан кейін тұтынушылар тарапынан жоғары сұраныс байқалды. Сарап­шылардың пікірінше, адамдар шетелге бара алмағандықтан, қалтасындағы артық ақшасын жылжымайтын мүлік пен көлікке жұмсауды ұйғарған. Сондықтан жаңа көліктердің бағасы біршама өсті, ал айдалған көліктердің бағасы тіптен аспандады. Бұған не әсер етті? Әрине, бірінші кезекте – пандемия. Жұмыс орындары қысқарды. Армян көліктерінің мәселесі авто­мобиль құнының күрт көтерілуіне септесті. «Бипэк-авто» зауытының айна­ласындағы жанжал да авто­нарыққа ықпалын тигізді. Авто­салондарда машина тапшылығы туындады. Отандық нарыққа Chevrolet бренді шығып, халыққа қолжетімді көліктерді ұсынды. Сонымен қатар 4 пайыздық жеңіл­дікпен автонесиелеу бағдарламасы сұранысты еселеді. Эпидемияға дейін жағдай тұрақты еді, бастапқы нарықтағы сату біртіндеп өсті. Содан кейін карантин жарияланып, дауыл алдындағы тыныштық орнады. Наурыз айында дилерлер екінші жартыжылдық үшін аз мөлшерде көліктерге тапсырыс бере бастады. Бірақ ұсыныстан сұраныс артық болды да, диллерлер қолда барын сатып жіберді. Әсіресе, Қостанайда өндір­ілетін Chevrolet маркалы авто­мобильдерге сұраныс орасан. Көліктер «сөреде» көп тұрмай, дереу сатылып жатыр. Мысалы, күзде су жаңа Volkswagen Touareg сатып алғысы келген адамдар оны көктемге дейін күтуге мәжбүр. Автонарықты валюта бағамы да айналып өткен жоқ. Өйткені барлық тауар бізге шетелден және шетел ақшасымен әкелінеді. Мамандардың ойынша, егер пандемия болмаса, армян көлік­терінің мәселесі  халықты отандық өнімге ынталандырып, өзімізде құрастырылған жаңа машиналар сатып алуға итермелейтін еді. Жаһанды коронавирус жайламаған күнде де көлік сатылымы көтерілер еді. Себебі бұл көрсеткіш бізде жылына 15-20 пайызға артады. авто Жалпы, қолданылған көліктер әлемдік бағаға байланысты ар­зандайды. Өкінішке қарай, әзірге машиналардың құны бір деңгейді ұстап тұр. Жаңа көліктер тапшы болғандықтан, айдалған автокөліктер тағы қымбаттай түсуі ықтимал. Неге десеңіз, азаматтардың көбі Toyota Camry немесе Volkswagen Polo-ны бас­тап­қы нарықта сатып алуға қабілетсіз. Олар көр­песіне қарай көсіліп, ескілеу көліктерді із­дейді. Сарапшылар келесі жылы авто­көліктер 15-20 пайыз қым­баттайды деп топшылайды. Себебі бүкіл әлемде пандемия кесірінен автомобиль зауыттарындағы жұмысшылар қысқаруда. Яғни, өнімділік төмендейді және сұ­раныс артады. Қазақстандықтардың сатып алу қабілеті де жағдайға әсер етуі мүмкін. Тұрғындардың сұранысы келер жылы тұрақтылығын сақтай­ды. Індет аяқталған соң қайталама нарықта да, бастапқы нарықта да автомобиль алуға ниетті адам­дардың дүмпуін сезінеміз. Бұл сұранысты өсіретіні айдан анық. Иә, көліктер сөзсіз қымбат­тайды. Оны қазірдің өзінде көріп отырмыз. Мәселен, бүгінде жап-жаңа Nissan Qashqai-дың құны – 12 миллион теңге. 2021 жылы оның бағасы 16 миллион теңгеге дейін шарықтауы ғажап емес. Келесі жылы сатылымдар бір­тіндеп өседі. Дилерлер алдағы уа­қытқа тапсырыстарын жаңар­тады, сатылым 15-20 пайыз ұлғая­ды деп болжайды сарапшылар. Бірақ мұндай сценарий валюта бағамы қазіргі деңгейде қалса және экономика біз күткеннен де терең құлдырауға ұшырап, құр­дымға құламаса ғана жүзеге аспақ. Егер жағдайымыз нашарласа, мемлекет несиелеу бағдар­лама­ларын іске қосады. Биыл авто­несиелеуге квота жасалды, келесі жылы осы мақсаттарға ақша бөлінеді. Адамдар көлікті жеңіл­детілген шарттар бойынша сатып алады. Жаңа автолар нарығында жаңа ойыншылар пайда болды. Қазақ­станда 2021 жылдың қаңтарында тағы бір танымал көліктің ресми дистрибьюторы ашылады. Бұл – өте жақсы жаңалық. Жалпы алғанда, отандық автонарық үлкен өзгеріске беттеп барады.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ