Екі «Абай» – екі әлем
Екі «Абай» – екі әлем
509
оқылды

«Абай» мен «Абай жо­лы» – екі арнаның хакім Абай­дың 175 жылдығына ар­­нап түсірген туындысы. «Абай» сериалын ұлттық ар­на Тәуелсіздік ме­ре­кесі күні, яғни 16-17 желтоқсан­да ұсын­са, «Хабар» арнасы 26-27 желтоқсан күндері экранға шы­ғарды. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, сериал төңі­­ре­­гінде сын да, оң пікірлер де ай­­тылып жатыр.

«Абай» сериалын ұсынған – режиссер Мұрат Бидосов. Ре­жиссердің тарихи шығармаларға қадам басуы бірінші рет емес. Бұған дейін Алашорда төңірегінде түсірген «Тар заман» мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің батыры, атақты мерген Нұрмағанбет Көкенбайұлы туралы «Кейкі мерген» сериалын түсіріп, көрерменімен қауыштырған. «Абай» телехикаясы туралы режиссер: «Кез келген тарихи шы­ғарманың астары болады. Өткен тарихты баяндап айтып шығуды мақсат етсек, ол, әрине зерттеу деңгейіндегі публицистикалық сарындағы шығарма болып қалар еді. Тарихи шындықты арқау еткен көркем дүниенің астарында бүгінгі күннің қайшылықтары көрініс табуы керек. Осы тұрғыдан «Абай» сериалында да бүгінгі өмірімізде болып жатқан біраз шындықтар астармен айтылған», – дейді. Се­риалды тұшынып көрген адам болса, мұны бірден аңғаратынын айтып отыр. «Цензура жоқ деп кейде біз айта саламыз. Кез келген кезеңнің өз цензурасы болады. Оның үстіне Тұрсын Жұртбай ағамыздың бір сөзі бар: «Абай кез келген идеология үшін қауіпті деген». Осы сөздің астары да талай дүниені аңғартпай ма? Өткір мәселелерді, саяси мәні бар тақырыптарды, бүгінгі қазақ қоғамындағы сынауға тұрарлық көріністерді жеткізуге тырыстық. Әр кезеңнің өзіне тән тақырыбы бо­лады. Әр кезеңде айтылуы керек сөз болады. Ал оны дәл сол сәтінде айта алмасаң, уақыт өте келе ол тақырып ескіруі мүмкін. Тіпті, бүгінгі өмірі­мізге жарамсыз болып қалады. Сондықтан да цензураны алға тартып, өткен заманда болған оқиғаларды көтере беруге де бол­майды. Екшеу керек» деген пікірде. Киногерлер Абай тақырыбын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынсыз қозғамайтыны анық. Кез келген фильм, телехикая болсын, Әуезовтің романына соқпай кетпейді. «Абай» телехикаясын түсір­ген шығармашылық топ та «Абай жолына» көбірек сүйенгені анық. Әрине, 6 серияда бүкіл төрт томды қамту мүмкін емес. Қажетті дүниелер ғана сериалға арқау болары сөзсіз. Абай Сериал несімен құнды? «Абай» – ұлы ақын туралы түсірілген тұңғыш сериал. Бұған дейін бірлі-жарым фильм, спектакльдер бол­маса, хакім бейнесін көрсететін толыққанды сериал түсірілген емес. Бұл – бір. Екіншіден, Абай та­қырыбы кез кел­ген қалам сүйкей салатын да оңай дүние емес. Бұл тақырыпқа бару үшін де жүрек керек. Үлкен тәуекел қажет. Үшін­шіден, алғашқы сериал­ болған­дық­тан, түрлі баға беріледі.  Сериалды көргенде кө­рерменнің көпшілігі «отандық кинода театра­лизм ба­сым» деп ойын айтты. Ал режиссер «театрализм» деген пікірге мүлдем қарсы. Ол: «Отандық сериалдардың бәрінде театр актер­лері ойнайды. Әр көрерменнің өз ойы, өзінің талғам-таразысы бар. Көпшілігі «кейіпкерлер өмірдегідей сөйлемейді, бұлай айтпаған, бұлай айтқан...» деген секілді сан алуан пікірлер айтып жатады. Көбі тарихи дүние мен бүгінгі өмірді арқау еткен туындыларды салыстырады. Екеуі екі басқа, мүлдем бөлек әлем. Сон­дықтан кез келген көркем туын­ды көрерменнің деңгейіне түспеу керек, керісінше көрерменнің талғамын өзгертуге бағытталған дүниелерді жасау керек сияқты. Шынын айту керек, көрерменнің деңгейін түсіріп алдық», – дейді. Сериалдарға айтылатын тағы бір сын – актерлер құрамын таңдау. Бұл «Абай» мен «Абай жолы» сериалына да қатысты. Бі­рінде күңіренген, күрсінген, қаба­ғында тек мұң басым Абайды (Болат Әбділманов) көреміз. Екіншісінде, актерді жайбарақат қалпында, хакім бейнесінде қа­былдауға болады. Ал ызаланса, Айдос Бектемірдің ғана бейнесін көргендей боласың. Режиссерлерге тағылатын келесі сын – жаңа бейне қалып­тастыруға тырыспау. Шәкен Ай­­­манов, Сұлтан Қожықов, Аб­дол­ла Қарсақ­баевтың артық­шы­лығы неде? Олар әр фильмінде жаңа бей­нелерді кө­рер­­менге таныстырды. Кө­рер­менге мүлде беймәлім Қожа (Нұрлан Сегізбаев), Жібек (Меруерт Өтеке­шова), Ал­памыс (Ермек Тө­лепбаев), «Тақиялы періштедегі» Тайлақ (Әлім­ғазы Райымбеков) және т.б. Біз «Абай» мен «Абай жо­лы» сериалынан жаңа бейнелер кө­ре алдық па? Әй, қайдам... Режис­серлер пан­­демияның кесірі­нен әрі уақыт, қаржы тапшы­лығына бай­ланысты кең көсіле алмады ма, актерлерді ірік­теу қиын болды ма, ақпарымыз жоқ. Дегенмен әр ре­жиссердің қолтаң­басын көр­сететін дүние – мүлдем жаңа Абай бейнесі болуы керек еді деген ой­дамыз. Әрине, «Абай жолы» – жас режиссер Мұрат Есжанның қол­таңбасын ерекшелеп тұр. Мұнда жаңашылдық бар. Абай-Мұхтар-Қайым. Үш бейне арқылы «Абай жолын» көрсетуге тырысқан. Абай бейнесі, Мұхтар образымен қатар Қайым Мұхамедхановты көре ал­дық. Бұл – сериалдың ең ұтымды тұсы. Жас режиссердің Қайым тақы­рыбына барғанының өзі жаңалық дер едік. Кей көрермен «Абай жо­лында» жаңа форма бар деген пікір айтып жатыр. Біз бұл пікірмен келіс­пес едік. Бұған дейін мұны кино әле­мінде режиссер Сатыбалды На­рымбетовтың пайда­ланғанын жақсы білеміз. «Аманат» – Бекмаха­новтың өмір жолын бейнелейтін шоқтығы биік туынды. Мұнда да өткен тарих пен жаңаны байла­ныстыра отырып, режиссер тарих­шының образын алып шыққан. Абай Ең бастысы, «Абай жолында» Қайым бар. Еркебұлан Дайыровты қандай рөлге салса да, өз кейіпкерін шебер ойнап шығады. Еркебұ­ланның бұл жолғы Қайымы мүлдем бөлек, көрерменін сендіре алады. Көпшілік те қазақ экранына Қайым Мұхамедхановтың шығуын жақсы­лыққа балап жатыр. Қайым – көп зерттелмей жатқан тақырып. Ол туралы жеке фильм түсірсе де, артық емес. «Абай жолында» жетістік бар. Кемшілік те жоқ емес. Ең бастысы, Қайым, Шәукімбай, Әбіш, Мағаш, Кәкітай, Оспан, Оразбай – өз рөлін дәл тапқан актерлер. Ал Әуезов бейнесіне Сәкен Жақсылықұлын таңдауы – режиссер айтқандай, «жіңішке дауысты» кейіпкер қажет болғандықтан, бекітілген секілді. Әйтпесе, сериалдағы Әуезов бей­несі тым «жасық», әлжуаз көрінді. Сал­мақты Әуезов бейнесі бай­қалмады, тарланбоз таланттың қай­­­­сар рухы, қанша азап көрсе де, қажымас ішкі жігері тұтас ашылмай қалған тәрізді. Журналист Серік Әбікенұлы Facebook парақшасында: «Күлген Абай, күйген Абай, күңіренген Абай... Хакімді түр-түрімен сипаттап жатыр. Тек қазіргі жастарға керегі Қодар мен Қамқа, Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасы ма еді? «Ақынның ХІХ ғасырда қай әйелін қалай сүйіп алғаны қай балаға қызық?», – дейді ішкі ойым. Абайдың ұлылығын, өмірбаянын езіп айта беру арқылы ұқтырамыз деу бекер. 175 жылдыққа 175 фильм түсірсек те, балаларымыз көрмесе, пайдасы жоқ. Ал өзін абайтанушы санайтын азғантай топтың «иә, иә, ана Абай күшті бопты, аумайды, ал ана Абай нашар, ұқсамайды» деп хакімді қасынан көрген пендедей бөскенінен қазаққа келер пайда шамалы» деп жазады. Журналистің сөзінің жаны бар. Мақсат – «Абай» сериалын түсіру емес. Сериал арқылы хакім бейнесін жаңғырту, Абай ойын насихаттау, яғни ағартушылық қызмет атқару. Осы тұрғыдан келгенде, бұл телехи­каялар өз миссиясын орындай алды ма, мәселе – осында. Бағасын көрермен береді. Не болғанда да, биылғы Абай жылы рухани өмірімізде бірталай тың серпін бергені анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Абай жы­лы – той тойлау емес, ой ойлау жы­лы болуы» керек деген ұста­ны­мы осылайша қолдау тапқанын көре­міз. Абай тақырыбына кезінде Шә­кен Айманов та барғысы келген екен. Сол Шәкен Абайды түсіріп үлгерген болса, қандай болатын еді?! Шәкен бізден гөрі Абай заманына жақын адам. Бүкіл тарихты, Абай өмірін, көшпелі қазақтың тұрмыс-салтын жақсы білетін тұлға өз ар­манына жете алмай кетті... Дегенмен қазіргі жас киногер­лердің Абай тақырыбына баруын қолдау керек. Бәлкім, сәттілік серік болар. Тәжірибе жинақтар. Соның бәрі Абайдан басқа талай тарихи тұлғамыздың бейнесін киноэкранға алып шығудың оңды қадамына бастасын деп тілейік. Абай – бір немесе бірнеше сериалдың адамы емес. Абай – адамзаттың Абайы. Абай мұрасын терең зерделеу, оны тәуелсіз қазақ елінің ертеңгі ұрпағының санасына сіңіру – біздің өнерпаз қауым өкілдерінің асыл мұраты.

Айым БЕКТҰР