Жақында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, «Әл-Айн» клубының ойыншысы Бауыржан Исламхан тыйым салынған метилгексанамин препаратын қолданғаны үшін 2 жылға спорттан шеттетілді.
Жалпы, еліміз үшін допинг дауы айтарлықтай жаңалық емес. Олимпиадада үздіктердің қатарына еніп, кейіннен допинг табылғанына байланысты жүлдесінен айырылған елдердің тізімінде Қазақстан 4-орынға жайғасқан. Дегенмен Бауыржан қазақ футболы тарихындағы допингпен ұсталған алғашқы футболшы. Сондықтан бұл жаңалық көпшілікті бірден елең еткізді. Еліміздің маңдайалды футболшыларының біріне баланған, болашағынан зор үміт күттірген талантты футболшымыздың келеңсіз жағдайға ұшырауы, жазалануы қазақ футболы үшін ауыр соққы болды. Допингке қарсы Қазақстан ұлттық орталығының директоры Майра Бақашева АФК Тәртіптік комитетінің Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бауыржан Исламханды допинг қолданғаны үшін 2 жылға дисквалификациялау туралы шешіміне қатысты пікір білдірді. Ол «Қайраттың» бұрынғы капитанына бұдан да қатаң жаза қолдануға болатынын, қайта 2 жыл жеңілдетілген жаза екенін айтты. – Бізде Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс бар, ол барлық спорт түріне қатысты. Ереже мен талап – бәріне бірдей. Егер спортшы тәртіпбұзушылықтың қасақана жасалғанын дәлелдейтін болса, онда оның жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндігі бар. Олай болмаса, жазаға мойынсұнады. Сондықтан қабылданған шешімге таңғалудың еш қажеті жоқ,– деді Майра Бақашева. Әлемдік анти-допинг агенттігі аталған препаратты 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдануға тыйым салды. Соған қарамастан, 2011 жылы әлемде метилгексанаминді 718 спортшы қолданған. Ал елімізде бұл препаратты пайдаланғаны үшін бірнеше спортшы жазаға тартылды. Отандық анти-допинг орталығының мәліметі бойынша, 2020 жылы 24 қазақстандық спортшы допингке байланысты спорттан белгілі бір мерзімге алшақтатылды. Метилгексанамин – дене күшінің тез қалпына келуіне, төзімділіктің артуына, шаршамауға көмектесетін дәрмек. Мұндай тыйым салынған препаратты 2016 жылы Алжир футболшысы Хейреддин Мерзуги қабылдап, футболдан 4 жылға шеттетілген еді. 2012 жылы Авангард хоккейшісі Антон Беловтың да допинг сынамасынан метилгексанамин препараты табылып, үш ай сынақ мерзімі тағайындалды. Бұл дәрмекті команда дәрігері хоккейші жарақат алғаннан кейін қолдануды ұсынған. Соған сай жаза мерзімі де жеңілдетілді. Ямайкалық желаяқ Неста Картер де дәл осы дәрмекті қолданды деген айыппен 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында алған медалінен айырылды. Яғни, 2017 жылы Картер және барша Ямайка ұлттық құрамасындағы желаяқтар Картердің допинг-сынамасы оң нәтиже бергенінен кейін жеңістерінен бас тартты. Өкініштісі, спорт тарихындағы осы тектес оқиғалар жетіп артылады. Анығы допинг қабылдағандардың ешқайсысы да жазадан тыс қалған емес. Енді Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысына да допинг қабылдады деген айып тағылып, спортшы футболдан 2 жылға шеттетілді. Өз кезегінде Бауыржан Исламхан бұл үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. – Спорттық карьерамда ешқашан допинг қолданған жоқпын және спорт режимін бұзбадым. Сондықтан мына жағдай мен үшін ауыр соққы болды. Кінәсіз екенімді дәлелдеуді жалғастырамын және бұл шешімге міндетті түрде шағым түсіремін. Лозанна сотындағы төрешілер менің дәлелдерімді тыңдайтынына сенімдімін, – деп ағынан жарылды футболшы. Қазір футболшыға көптеген спорт журналистері мен футболшылар қолдау білдіруде. Солардың бірі – танымал спорт комментаторы Амангелді Сейітхан. Ол Лозаннадағы соттың дұрыс шешім қабылдайтынына күмән келтірмейтінін айтып қалды. – Осынау қиын сәтте отандасымызға сенім артып, қолдау білдіргеніміз абзал. Егер ол кінәлі, айыпты болса, көпшілікке тура сөзін айтып жар салмас еді. Бауыржанның қазақ футболындағы орны, ұлттық құрамадағы атқаратын рөлі ерекше екені де сіздерге мәлім. Ақырғы шешімді күтейік. Бәрі оңынан болуына тілекшіміз, – дейді Амангелді Сейітхан. Бахтиер Зайнутдинов бастаған Жамбыл футболының түлектері мен «Тараз» командасының футболшылары Баториге жылы сөздерін арнап, мықты болуға шақырды. Аталған жағдайға Қазақстан Премьер лигасында ойнайтын футболшылар да үн қатты. Мұның өзі де футболшының жанына демеу болары анық. Бастысы болған іске болаттай берік болып, барынша төзімділік танытқан жөн. Оның үстіне, таяу күндері Исламхан мен «Әл-Айн» командасы арасындағы келісімшарт даулы жағдайға байланысты үзілуі ықтимал. Бірақ Батори қолдаусыз қалған жоқ. Алматылық клубтың басшысы Қайрат Боранбаев та футболшыға көмек қолын созуда. Осыған орай, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны «Қайраттың» сапында дайындық жұмысын жалғастыратыны белгілі болды. Бұл туралы спорт журналисі Айдын Қожахмет хабарлады. – Бауыржанның бұрынғы клубы «Қайрат» командасының басшылығы футболшыға қаңтар айында командамен жаттығу жасау туралы ұсыныс жасады. Исламхан дисквалификацияға байланысты өтініші сотта қаралғанға дейін алматылықтармен бірге жұмыс істейді, – делінген хабарламада. Әзірге бәрі соттың соңғы сөзін, үкімін тыңдауға асық. Жылдың басы жағымды жаңалығымен, әділ әрі жеңіл шешімімен қуантсын дейміз. Бауыржанның тезірек футболға оралуын барша қазақ жанкүйерлері асыға күтеді.