Көпшілік асыға күткен заң бір қайнауы ішінде кетпесе екен...
Көпшілік асыға күткен заң бір қайнауы ішінде кетпесе екен...
275
оқылды
Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе өзі таңдаған жеке қаржы компаниясына басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Бұл тапсырма жыл соңында тап-тұйнақтай орындалуы тиіс еді. Ал жылдың аяқталуына 2 күн қалды...  Шыны керек, бұл өзгерісті, әсіресе баспаналы болғысы келгендер асыға күтіп отыр. Сондықтан біз бұл бастама тұрғын үй жағдайын жақсартуға қаншалықты мүмкіндік береді деген сұраққа жауап іздеуді жөн көрдік.

Баспаналы болу мүмкіндігі кімге беріледі?

Сонымен, 2020 жылдың аяқта­луына 2 күн қалды, ал Президент зей­нетақы жинағындағы қаржы­ның бір бөлігін баспаналы болуға жұмсау тетігін жыл соңына дейін дайын­дауды тапсырды. Бүгінге дейін ат­қарылған ең маңызды жұмыс «Қа­зақстан Респуб­ликасының кейбір заң­намалық актілеріне эконо­микалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң деуге болады. Парламент аталған заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды 23 жел­тоқ­санда қабылдады. Президенттің қол қоюына жіберілді. Бүгін-ертең қол қойылуы мүмкін. Сонда жаңа жыл­дан бастап қазақстандықтарға зей­нетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі беріледі. Алайда бұл мүмкіндікті ха­лықтың бәрі бірдей пайдалана алмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау бірінші вице-министрі Ақ­мәди Сарбасовтың айтуынша, заңға сәйкес жұмыс істейтін, тиісті жаста зей­нетақы жинағы «жет­кіліктілік шегі­нен» асатын, сондай-ақ сақ­тандыру компаниясымен зейнетақы ан­нуитеті шартын жасасқандар мен зейнет демалысына шыққан аза­маттар (оның ішінде әлеуетті құ­рылымдар қатарынан) пайдалана алады. Соңғы топтағы азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қара­­жатының 50%-ынан аспайтын шек­тегі мөлшерін ғана пайдалана алатынын ескерту ләзім. Зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалану құқына ие бол­ғандар өз жинағындағы қар­жының бәрін ала алмайды. Үкімет белгілеген «жеткілікті шектен» асқан соманы ғана пайдаланады. «Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азамат зей­нетақы жинағының бір бөлігін өзі, жұбайы немесе жақын туысы (ата­сы/әжесі, ата-анасы, ба­лалары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пай­даланатыны көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсе­тілген от­басы мүшелерінің қара­жатын біріктіруге болады», – деді вице-министр. Бір қызығы, бұл мәселе бізге әлі де бір қайнауы ішінде қалғандай көрінді. Себебі кеше Орталық ком­муникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ерлі-зайып­тылар зейнетақы қорындағы ақша­ларын біріктіріп үй алуға құқылы ма?» деген сұраққа нақты жауап берілмеді. Ал ағайынды адамдар қордағы жиған ақшасын біріктіру үшін жеке куә­лігіндегі тегі бірдей болуы керек екен. Бүгінде бір әке-шешеден туғанымен, бірақ бірі атасының, екіншісі әкесінің тегімен жа­зылғандар бар. Олар бір-біріне туыс екенін дәлелдеуі үшін қанша уақыт жұмсауы және қандай құжат ұсынуы керек? Себебі туыс­тықты дәлелдеу үшін АХАЖ арқылы мұ­рағатқа сұрау салынады. Мұ­ра­ғат­тың жауабын айға жуық күту керек. Бұл да нақтылауды қажет ететін мәселе.

45 күн көп пе, аз ба?

Заңға қол қойылып, нормативті құжаттар қабылданған соң өтініш беру басталады. Әрине, оған дейін 1-2 ай уақыт бар. Десек те, осы шаруаның бас операторы – «От­басы банкі» жаңа жылдан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зей­нетақы жинағын пайдалануға ар­налған онлайн плат­форманы іске қоспақшы. Яғни, өтініш беру он­лайн режимде өтеді. Бастысы элек­тронды цифрлы қолтаңбаңыз болуы керек. «Отбасы банкі» басқарма тө­рағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жоба ережесіне сәйкес, клиент өтініш тапсырған кезде арнайы порталға кіріп, элек­тронды-цифрлы қолтаңба арқылы авто­ризациядан өтіп, жеке каби­нетіне кіреді. Жеке кабинетте қаражатты қандай мақсатта пай­даланатынын таңдайды және ска­нерден өткі­зілген көшірме тү­рінде алдын ала дайын­далуы тиіс құжаттар тізімімен та­нысады. Клиент белгіленген форматтағы (JPG немесе PNG) құжаттардың сканер көшір­месін жүктеп, ақша аударылатын дерек­темені қолмен теруі тиіс. Уәкілетті оператор қоса берілген құжат­тардың дұ­рыстығы мен мақ­сатты пай­да­ланылуын тексереді. Сондай-ақ клиенттің жеке ка­бинетіне ақша аударылғаны туралы хабарлама келеді. Егер салымшы 45 күн ішінде қаржыны пайдалану мақ­сатын таңдамаса, ақша кері қай­тарылады. Міне, осы тұста жоғарыда айтып кеткен туыстықты дәлелдеу қажет болса, оны АХАЖ арқылы мұра­ғаттан алдыру қажет болады. Ал мұ­рағаттан жауап жедел келмесе, ұзаққа созылса, 45 күн мерзім өтіп кетуі мүмкін.

Жеке табыс салығын төлеу тәртібін таңдау құқы берілді

Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының басқарма тө­рағасы Жанат Құрмановтың айтуынша, осы жүйе туралы әңгіме басталғалы салым­шылар мен алу­шылардың өз жи­нағына қызы­­­­ғушылығы күрт ар­тыпты. Мысалы, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс көбейген. Қор басшысы дерегіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 жел­тоқсандағы жағдай бойынша қор­дағы жина­ғындағы қаржының бір бөлігін мерзімінен бұрын пай­далану құқын 761 мың­­нан астам адам қол­дана алады. Олар­дың шо­тындағы қар­жының жалпы көлемі 2,4 трлн теңгеден асады. Салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттілігі үшін алған кезде жеке табыс салығын төлеуі тиіс. Соңғы заңнамалық өзге­рістерге сәйкес, салымшыға ЖТС төлеу тәсілін таңдау құқы беріледі. Яғни, азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыру немесе толық көлемде өтеу­дің бірін таңдайды.

Ережеге айтылған ұсыныс қабылдана ма?

Осы айдың 4-і күні Ашық үкімет порталында «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақ­сат­тарына пайдалану қағидалары» халық талқысына ұсы­нылды. Талқылау 22 желтоқсанға дейін жалғасты. Бұл электронды үкімет тарихында ең көп қаралған, тал­қыланған ереже болып отыр. Ережені 36 мыңнан астам адам оқып, мыңға жуық адам ұсыныс айтқан, сұрақ қойған. Электронды үкімет порталында зейнетақы жинағын емделу үшін пайдалануға қатысты ереже де қоғамдық тың­дауға ұсы­нылды. Бір қызығы, бұл ережені 2,5 мыңнан астам адам қарап, 30-ға жуығы пікір жазған. Салыстырып қарасақ, халықты ем­­делуден бұрын баспана мәселесі алаң­датады. Ал ондағы ұсыныстар қаншалықты еске­рілетінін уақыт көрсетеді. Себебі Орталық ком­муни­кациялар қыз­метіндегі бас­па­­­сөз мәслихатына ережені элек­трон­ды үкіметке орна­ластырған Ин­дустрия және инфра­құры­лымдық даму министр­лігінен өкіл келген жоқ. Қысқасы, бәрінің күтіп отыр­ғаны – Президенттің заңға қол қоюы. Қол қойылса, қаңтарда тиісті норма­тивтік-құқықтық акті қа­­был­данып, азаматтарға зейнет­ақы жи­нағының бір бөлігін алу құқын беру тетігі іске қосылады.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ