НАТО қазақ сардарын тегін даярлауда
НАТО қазақ сардарын тегін даярлауда

Қазақстан түркиялық офицерлерді даярлауда. Бұл мәлімет Сенат басшысы Дариға Назарбаеваның төра­ға­лығымен өткен Жоғарғы палата отырысында жария етіл­ді. Жиында Қазақстан мен Түркия үкіметтерінің Әскери ынтымақтастық туралы келісімі ратифи­ка­цияланды.

Сенаттың Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Мұх­тар Құл-Мұхаммед НАТО-ның Түркиядағы әскери учили­щеле­рінде қазақстандық кур­сант­тар ақы­сыз негізде оқып жат­қанын ха­барлады. Бұған де­йін оны 200-ге жуық офицеріміз бітіріпті. Бү­­гінде тағы 20 курсант білім алуда.

– Бұдан бөлек, Қазақстан Қор­ғаныс министрлігінің 14 офи­цері Түркияның төл оқу ор­талықтарында даярлықтан өтуде. Осы орайда арнайы талдау жүр­гізілді. Анықталғанындай, Қор­ғаныс министрлігі құзырында жұмыс істеп жүрген Түркия ЖОО-лары түлектерінің тео­рия­лық және практикалық білім дең­гейі жоғары болып шықты, – дейді М.Құл-Мұхаммед.

Сенатор М.Жолдасбаев түрік курсанттарының Қазақстанда білім алуына қатысты сұрақ қойды. Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев қазіргі кезде Түркияның 16 әске­ри қызметкері елордадағы Қа­зақстанның Тұңғыш Президен­ті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде оқып жатқанын жария етті.

Бауырлас екі елдің «Әскери ынтымақтастық туралы келі­сімін» ратификациялау Қазақ­стан­ның әскери саладағы мүм­кіндіктерін кеңейтеді, әскери ынтымақтастықтың дамуына оң ықпал етеді. Қазақ-түрік бірлес­кен әскери жаттығуларын өткізу алғаш заң жүзінде бекітіліп отыр. Сонымен қатар құжат мамандар даярлау мен оқытуды, ғылыми және техникалық зерттеулерді бірге жүзеге асыруды, қорғаныс өнер­кәсібін бірге дамытуды қам­тиды. Түркі тілдес қос мемлекет енді өз әскерлерін картография, гидрография, топогеодезия сала­ларында қамтамасыз ету бағы­тында да тізе қоса қимылдамақ.

Сенат отырысында заңнамаға оңалту және банкроттық рәсім­дерін, бюджет, салық заңнамасын және теміржол көлігі туралы заң­наманы жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқы­лымда қаралды.

Депутат Н.Қылышбаев заң жо­басы оңалту және банкроттау рә­сімдерінің мерзімдерін де, шы­ғын­дарын да қысқартатынын айтты.

«Уәкілетті орган жоқ болып кеткен борышкерлерді жоюмен айналысады. Сондай-ақ оған ұзақ уақыт бойы еш мүлкі бол­маған, қызметін жүзеге асыр­ма­ған, ал кредиторлық берешегінің сомасы 2 500 айлық есептік көр­сеткіштен аспайтын әрекетсіз борышкерлерді де оңайлатылған тәртіппен жою міндеті жүкте­луде», – деп түсіндірді ол.

Заң жобасы Салық кодексіне де түзетулер енгізеді. Оған сәйкес микро және шағын бизнес 3 жыл мерзімге табыс салығын төлеу­ден босатылады. Бұл түзетулер Президент Қ.Тоқаевтың Жол­дауында айтылған тапсырмасын орындауға бағытталған.