Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстанда «Өлім жазасынан бас тарту туралы» заңды қабылдаған болатын. Енді соғыс жағдайында әскери сипаттағы ауыр қылмыс жасағандар ғана бұл жазаның тұзағына түспек. Ал қалған қылмысқа өлім жазасы қарастырылмайды. Дегенмен бұған қарсы пікір айтушылар бар. Сонымен, «өлім жазасын қолданса, қылмыс азаяды» дейтін сөз рас па, өзге елдердің тәжірибесі қандай?
Өмір бойы түрмеге жабу өліммен тең бе?
Осы уақытқа дейін халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды өлім жазасынан мүлде бас тартуға шақырып келген еді. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген екінші факультативтік хаттамаға қол қойғаны хабарланды. Бұл әрекет арқылы еліміз бұл жазаны қолдамайтын сыңай танытты. Өлім жазасын тоқтату мәселесі елімізде 20 жылға жуық уақыттан бері талқыланып келеді. Мәселен, 2003 жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өлім жазасына қатысты мораторий жариялады. Дегенмен ол мораторий судьяларға адамды өлім жазасына кесуге кедергі келтірмеді. Қылмыстық кодекс бойынша, судья сотталушыны өлім жазасына кесе алады. Алайда өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ал өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтейді. Қылмыстық кодексте көрсетілген өлім жазасы құрамында 17 қылмыс түрі болған. Оның қатарына «мемлекетке опасыздық жасау», «террористік қылмыстар», «соғыс уақытында жасалған қылмыстар» секілді қылмыстар кірген. Қазақстанда өлім жазасына мораторий енгізілгенге дейін 536 адамға өлім жазасы қолданылған екен. Ал мораторий енгізілгеннен кейін 5 адам өлім жазасына кесілген. Бірақ олар бұл жазаның орнына өмір бойы түрмеге қамалды. Елімізде өлім жазасына соңғы рет 2016 жылы кескен. Осыдан 4 жыл бұрын Алматыда полиция бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан 10 адам қаза тапқан еді. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған Руслан Күлекбаев ұсталған болатын. Кейін Алматы соты оны «теракт жасады» деп танып, өлім жазасына кесті.«Бұл жазаның қажеті жоқ»
Жоғарыда өлім жазасын құптайтын азаматтардың да бар екенін айтқан едік. Оның ішінде заңгерлер де бар. Мысалы, Парламент Мәжілісі «Өлім жазасынан бас тарту туралы» заңды қабылдағаннан кейін заңгер Жангелді Сүлейманов бұл шешіммен келіспейтінін айтқан болатын. Оның сөзінше, жемқорлар мен бала зорлағандарды өлім жазасына кескен жөн екен. Біз осыдан кейін елімізге танымал заңгер-құқықтанушы Ирак Елекеевтің пікірін білген едік. Маман бұл жазаны тоқтатудың тарихын әріден бастады. – Осыдан 18 жыл бұрын, яғни 2002 жылы Әділет министрінің орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің тәжірибесін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені қозғап, өлім жазасына қатысты мораторий енгізу жайын сөз етті. Көп ұзамай арнайы жұмыс жүргізіп, қоғамның ой-пікірін білмекке әр саланың мамандарын жинап, шағын сауалнама жүргіздік. Сонда сауалнамаға қатысқандардың бар болғаны 4 пайызы өлім жазасын тоқтатуды қолдаған. Жыл бойы әртүрлі саланың мамандарын жинап, кеңестік. Өлім жазасын тоқтатқанның тиімді тұстарын айттық. Телеарналардың тікелей эфирінде пікірталас та өтті. Сол 2002 жылдың соңында сауалнаманы қайта жасағанымызда қатысқандардың 28 пайызы бұл жазадан бас тартуды қолдап шықты. Яғни, нәтижесі көріне бастады. Ақыры 2003 жылы мораторий жарияланғанын білесіздер, – деді ол. Ирак Қасымұлының пікіріне сенсек, Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы – құптарлық қадам. Себебі елімізде тергеу мен сот жүйесінде кемшіліктер әлі көп. Соның кесірінен кінәсіз адам да құрбан болып кетуі мүмкін екен. – Ашығын айтайын, тергеу мен сот жүйесі бір ізге түскен жоқ. Құқық қорғаушылардың кінәсі жоқтарға қиянат жасағанын көріп жатырмыз. Салдарын білеміз, себебін кім айтпақ? Бір оқиғаны сіздерге жіктеп берейін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарда мал ұрлығы көп екенін айтып, оның алдын алу керегін тапсырды. Өте жөн сөз. Содан кейін «шолақ белсенділер» көбейді. Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы ауылында болған оқиға есімізде. Мал ұрламаған кінәсіз жанды полицейлер мойындатамыз деп, ұрып-соғып, өлтіріп қойды. Яғни, полицейлер «шаш ал десе, бас алған». Мұндай оқиғалардың біразын білемін. Енді қараңыз, Қазақстанда өлім жазасына тосқауыл қойылмаса, осындай құрбандар көбейеді. Алдымен тергеу және сот жүйесін жөнге келтіру қажет. Ол жөнге келгеннің өзінде өлім жазасы бізге қажет емес. Мәселен, Қытай жемқорларды өлім жазасына кеседі, бірақ сол елде жемқорлық түбегейлі тоқтаған жоқ. Бұл тұста Батыс елдерінен үлгі алғанымыз дұрыс, – дейді.Өлім жазасын құптаған елдер
Қазір әлемнің 56 елі өлім жазасын қолданады. Жаза дарға асу, ату, инъекция, бас алу және электр орындығы арқылы (тек АҚШ-та) орындалады екен. Өлім жазасының саны бойынша Қытай көш бастап тұр. Жылына нақты қанша адам өлімге кесілетіні – мемлекеттік құпия. Дегенмен Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша, Қытайда жылына мыңдаған адам істеген қылмысының жазасын өмірімен өтейтін көрінеді. Олардың басым көпшілігі – табыстарын жасырғандар, жалған ақша жасағандар, браконьерлер, 460 мың доллардан артық ақшаны жымқырған жемқорлар. Қытайдан кейінгі орында Иран тұр. Мұнда өлім жазасы кісі өлтіру, зорлау, қарулы тонау, адасушылық, қорлау, есірткі саудасы, жезөкшелік, неке опасыздығы, сатқындық және тыңшылық, порнографияны таратқаны үшін қолданылады. Жаға ұстарлық нәрсе – Иранда өлім жазасына көбіне кәмелетке толмағандар кесіледі. Бұл елде 15 жастан асқан ұлдар мен 9 жастан асқан қыз балаларға өлім үкімі шығарыла береді. Өлім жазасының көптігі бойынша рейтингте Сауд Арабиясы үшінші орында. Жазаны орындаудың негізгі тәсілі – шариғатқа сәйкес бас алу. Кейде «тасборан» әдісі қолданылады. Сауд Арабиясында қасақана кісі өлтіру, гомосексуализм, тонау, зорлау, есірткі саудалау немесе сақтау, сиқыршылық, тіпті атеизм үшін өлім жазасына кеседі. Бірақ аман қалудың жалғыз мүмкіндігі бар: зардап шеккен тарапқа (егер ол келіссе) «қан ақысы» деп аталатын өтем төлеу қажет. Түйін:Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдемесі бойынша, өлім жазасы адвокат жалдауға ақшалары жоқ, кедей елдерде көп қолданылады. Десек те, алғашқы үштіктің екеуі бұл топқа жатпайтын сыңайлы. «Құдайдың берген ғұмырын оның өзі ғана алады» дейтін сөз бар. Өлім жазасын құптаған елдерде қылмыс түбегейлі жоғалмаса, одан келер пайда да жоқ секілді.