Ұстазға лайық құрмет
Ұстазға лайық құрмет
182
оқылды

Қазақстан әлемге танымал офшорлық аймақпен са­лық­ты әділетті бөлісу туралы келісімге келді. Нұрлан Нығ­ма­тулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжі­ліс Қазақстан мен Кипр үкіметтері арасындағы тиісті мә­мі­лені бекітетін заң жобасын мақұлдады. Құжат Сенаттың қарауына жолданды.

– «Табысқа салынатын са­лық­тарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы» осы екіжақты конвенция дамыған елдер кіретін ЭЫДҰ-ның үлгілі құжаты негізінде жа­сал­ды. Осындай халықаралық шарт­тар шетелдік инвесторларға ке­пілдік ұсынады, ал мемле­кет­терге салық салу құқығын өзара әділетті бөлісуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте бұл заң жобасына сәйкес, алдағы уақытта барлық салық түрлері бойынша елдеріміз ақпарат алмаса алады. Біздің салық қызметтерінің ынтымақ­тастығы нығаяды, – деді бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Бұл ретте Кипр қазақстандық ауқаттылар мен бизнесмендер ара­сында кең танымал, ең сүй­кім­ді офшорлардың бірі саналады. Өйткені ол салықтан жалтарудың әртүрлі схемаларын қолдануға жол ашатын. Енді салық орган­да­рының өзара ақпарат алмасуы жолға қойылса, салыққа қатысты біраз түйін тарқатылуы ықтимал.

Бұдан бөлек, құжат резидент­тікті, яғни заңды және жеке тұлға­лардың қай елде салық төлеуге тиістігін дәлелдейтін әрі екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілейді. Сонымен қа­тар дивидендтер, пайыздар, роял­ти сияқты пассивті табыстардан алынатын шекті ставкаларды бекітпек. Қазақстан мен Кипрдің құзыретті органдары арасындағы салық дауларын шешу үшін құ­қықтық негіз қаланады.

Мемлекетімізде бүгінде Кипр капиталының қатысуымен 124 компания тіркелген. Олар сауда, құрылыс, көлік және өндіріс са­лаларында жұмыс істейді. Біздің салықшылар әзірге Кипрде қа­зақстандық 4 заңды және 24 жеке тұл­ға тіркелгенін нақты біледі. Се­бебі олар рақымшылық нау­қаны кезінде заңдастырылып, дек­ларация тапсырған. Қазір Кипрде алған табыстарынан бізге 64 миллиард теңге салық төлеп үлгеріпті.

Жалпы отырыста Мәжіліс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын екінші оқылымда ма­құлдап, Сенатқа жіберді. Үкімет әзірлеген жобаны пысықтау ба­рысында палата депутаттары бірқатар түзету енгізген екен. Нақтылай кетсек, мектеп мұға­лімдеріне түсетін нормативті оқу жүктемесі 2021 жылғы 1 қыркү­йектен бастап 18 сағаттан 16 са­ғатқа дейін кемітіледі. Мәдениет және спорт саласындағы мемле­кеттік білім беру ұйымдарында, әскери оқу орындарында істейтін педагогтердің де магистр атағы үшін үстемақы бекітіледі.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты ие­герлеріне 1 мың АЕК (2019 жы­лы 2 млн 525 мың теңге) мөл­ше­рінде бір жолғы төлемақы төле­неді. Біржолғы төлемақы халықа­ралық олимпиадалар, конкурстар және спорт жарыстарының же­ңім­паз­дары мен жүлдегерлерін даярлаған ұстаздарға да берілетін болды.  

Ауылда бала оқытатын мұға­лім­дерге үй салуға арналған жер учаскесі бұдан былай бірінші ке­зекте, басымдықты түрде ұсыны­луы тиіс. Педагогтер оқушылардан ғана емес, сонымен қатар ата-аналардан және баланың заңды өкілдерінен өзіне құрметпен қарауды және соған лайықты мінез-құлық танытуды талап ету құқығын иеленеді.