Шетелден шот ашпа, шенеунік
Шетелден шот ашпа, шенеунік
124
оқылды

Қазақстандық шенеуніктерге шетелдік банктерден есепшот ашуға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл тақырыптың көптен бері айтылып келгені белгілі. Өйткені мұны жемқорлықты азайтудың бірден-бір тиімді тәсілі деген пікір кең тараған. Талай мәрте ұсынылып, талқыға түскен амал ақыры қолға алынды. Дегенмен шенеуніктердің туған-туыстарына шот ашуға қатысты шектеу жоқ. Сонымен бірге қандай жағдайда шетелдік банкпен «достасуға» болатыны туралы да заңда анық көрсетілген.

Бұрын-соңды болмаған өзгеріс

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банк­терде шоттар (депозиттер) ашуға және иеленуге, сондай-ақ қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауға ты­йым салынды» деген болатын. Ал енді шектеудің кімдерге қатысты екеніне келсек, барлық мемлекеттік қызметшінің төбе шашы тік тұра­тындай жағдай емес. Себебі аталған тыйым тек «жауапты мемлекеттік лауазымға ие адамдарға және мемле­кеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (мә­слихат депутаттарынан басқа) және лауазымды адамдарға» ғана қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күздің алғашқы кү­нінде Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында шенеуніктерге, депутат­тарға және шетелде есепшоттары бар су­дьяларға қатысты шараларды сөз еткен еді. Сонымен бірге ол мемле­кет­­тік қызметкерлер немесе квази­мем­лекеттік сектор өкілдерінің екі аза­­маттығы бар екені анықталған жағ­­дай­да, олар қызметінен боса­тылатынын айтқан. Ал 2 қыркүйекте Қар­жы министрі Ерұлан Жамаубаев Қар­жы министрлігі мемлекеттік қыз­меткерлер мен квазимемлекеттік сек­тор тұлғалары, олардың отбасы мү­шелері үшін шетелдік есепшот­тардың ашылуына және болуына тыйым салу, салық органдарының құ­қықтарын заңнамалық тұрғыдан бекіту бөлігінде қаржылық іс-қимыл жөніндегі арнайы топтың (FATF) ұсыныстарын орындайтынын жеткіз­ген. Әйтсе де, ұсыныстардың ішінде тек шенеуніктердің жеке шотына тыйым салынуы керек дегені ғана қол­ға алынып отыр. Туыстарына шек­­теу жоқ. Бізде күні кеше қабылданған заң Ресейде 7 жылдан бері қолданылып келеді екен. Бірақ ондағы ахуал бізден сәл өзгеше. Себебі Ресейде мемле­кеттік корпорациялар мен компания­ларда жұмыс істейтіндер мен олардың әйелдері, балалары шетелде ешқандай есепшот аша алмайды. Неліктен бізде де осы шектеу болмағаны туралы сена­тор Андрей Лукин былай деді: «Қазіргі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізген кезде басқа елдердің заңнамасын көшіре салуға болмайды. Көпшілігі Ресей Феде­рациясының тәжірибесін айтып жа­тыр. Қазақстанның өз жолы бар. Ше­телдің үлгісін қарастырамыз, қолданамыз, бірақ ұлттық заңнама­лық ерекшеліктерді ескере отырып жеке моделімізді қалыптастырамыз». Әйтсе де, алдағы уақытта қандай да бір өзгерістердің болуы да ғажап емес. Себебі Лукин болашақта бұл заңның нормалары кеңейтілуі мүмкін екенін атап өткен болатын.

Шетел банкінен шот ашуға болады, ол үшін…

Айтқандай, тыйымды түбегейлі дегеннен гөрі кей жағдайда алып тасталатын деген дұрысырақ. Себебі өмірде болуы мүмкін сан түрлі жағдай да назардан тыс қалмаған. Бұл туралы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова 25 желтоқсан күнгі брифинг кезінде шегелеп айтты. Жарованың тіз­бектеген жағдайларын айтар бол­сақ: жұмыс бабымен, оқу мақсатында, тағылымдамадан өту, емделу үшін, не болмаса кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелге барғанда шот ашуға рұқсат етіледі. Әлбетте, мемлекеттік қызметте жүр екен деп қол-аяқты «кісендегендей» тыйым салған да жөн болмас. Өйткені жо­ғарыда аталғандай себеп шетел банк­терінен шот ашуға мәжбүрлейтіні бел­гілі. Дегенмен осыны сылтау етіп, бір ашып алған соң арқаны кеңге салу жоқ. Себебі мақсат орындалып, мін­деттерді атқарып келген соң мемле­кеттік қызметкер 6 ай ішінде шетелдік банктегі бар құнды дүниесін шешіп алып, әлгі шотты жабуы тиіс. Айтпақ­шы, арагідік болса да, мұраға қалатын жағдайларда да осындай талаптар бар. Шотты жапқысы келмеген шенеунік өз еркімен арыз жазып, қыз­метінен кетуге толық құқылы. Соны­мен бірге мемлекеттік қызметке енді кірісіп, бұл салаға жаңадан аяқ басқандарға да 6 айда шоттарын жа­буға уақыт беріледі. Қазір қызмет етіп жүргендер де жарты жылда шетел банк­терімен ат құйрығын кесісуі керек.

Бала-шағасына тыйым салынбайды, неге?

Көпшіліктің көкейіндегі сауал осындай. Расында, былай қарап тұрсаңыз, өзінде бар мүлікті, жиған-тергенін әйелінің, не болмаса бала­сының атына аудара салып, өзі сүттен ақ, судан таза болып отыра беруі мүмкін емес пе? Мұндай заңды сұрақ­қа Жемқорлыққа қарсы қызмет төра­ғасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов былай деп жауап берді: «Түр­лі тәжірибені қарастырып көр­дік. Кей елдерде мемлекеттік қызмет­керге болсын, басқасына болсын еш шектеу жоқ. Кей елдерде шенеунікке де, оның отбасының мүшелеріне де толықтай тыйым салынған. Ал дәл біздің жағдайда нарықтық эко­номикада өмір сүріп, қызмет етіп жат­қ­анымызды ескеруді жөн көрдік. Өйткені шенеуніктердің отбасын­дағылар кәсіппен айналысуы әбден мүмкін. Соған байланысты шетелге жиі шығуы керек болатын жағдайлар да болады. Егер шектеу қойып тастасақ, азаматтарымызға үлкен қы­сым түседі. Сондықтан бастапқы қа­дам ретінде шенеуніктердің өзіне шот ашуға тыйым салдық. Әйтсе де, алдағы уақытта бұл мәселені терең­ірек қарастыра береміз». Заңға қарасақ, шенеуніктерге тек отандық банктерден шот ашуға рұқсат етілгендей көрінеді. Айталық, ресейлік «Сбербанктен» шот ашуға бола ма? Осы тұрғыда да көкейде сауал туындайды. Бұған қатысты заң­гер, KazGUU университетінің оқыту­шысы Ахметжан Бейсембековтің пікірін білдік. «Салық заңнамасына сәйкес, Қазақстанда бар шетелдік банктерге бейрезидент деген статус беріледі. Сәйкесінше, олар біздің салық органдарында тіркеледі. Бұл дегеніміз – біздің заңнама ықпал ете алады деген сөз. Себебі әу баста бұл шектеудің енгізілуіне бірден-бір себеп өзге елдерге біздің заңның жүрмейтіні еді. Сондықтан ел аума­ғындағы шетел банктерінің филиал­дарында шот ашуға тыйым жоқ», – дейді заңгер.

Айша ЕРСҰЛТАН