Коронавирустың британ штамы қауіпті ме?
Коронавирустың британ штамы қауіпті ме?
112
оқылды

28 желтоқсан күні Иор­дания мен Оңтүстік Корея коронавирустың жаңа штамы тіркелгенін хабар­лады. Мәліметке мән бер­сек, вирус жұқтырғандар Ұлыбританияға барып кел­ген. Содан ба, бірнеше ел Бри­таниямен арадағы әуе­қатынасына шектеу қойды. Ал жаңа штамның қан­дай ерекшелігі бар? «Бұл ко­ро­­навируспен қайта ауыр­ғандар үшін қауіпті» деген сөз шындыққа жанаса ма?

Қазір әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 80 млн-нан асты,  45 млн-ы  жазылды. Жалпы саны 1,7 млн адам көз жұмды. Ал коронавирустың британ штамы SARS-CoV-2 деп аталады. Бұл – вирустың тағы бір мутациясы. Иә, вирустың жиі мутацияла­на­тынын еске түсірсек, алғашқы тү­ріндей қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ таралу ауқымы кеңейетіні тағы бар. Сондықтан ғалымдар вирустың жұғу жиілігі 70%-ға арт­қанын алға тартып отыр.

Бірден 10 адамға жұғуы мүмкін

Алдымен қыркүйек айында Англияның оңтүстігінде жаңа штам­мен ауырған науқастар кө­бейді. Бұған Лондонда, Англияның оң­түстік-шығысы мен шығысында вирус жұқтырғандар санының артқаны себеп еді. Осылайша, ко­ронавирустың жаңа түрі бар әлем­нің назарын Ұлыбританияға ау­дарды. Сөйтіп, ғалымдар COVID-19-дың жаңа түрін зерттеуге ден қойды. Вирусолог Виктор Зуев БАҚ-қа берген сұхбатында британ шта­мының COVID-19-дан айыр­машы­лығы жылдам таратылуы мен жұғу жиілігінде екенін айт­қан. Алғаш­қысында вирус жұқ­тырған адам түшкіргенде 3 адамға ин­фекция таратса, жаңа түрінде індет 10 адамға бірден жұғуы мүмкін. Оған қоса, вирусолог COVID-19-дың жаңа түрін­де антидене өзгер­мегенін, вак­цина вирусты ауыз­дықтай ала­тынын атап өткен. Десе де, сарап­шылар вакцина мен пре­парат­тардың британ штамына қауқарын әлі де дәлелдеп жатыр. Ал Джордж Мейсон атындағы университеттің профессоры Анча Баранованың айтуынша, бұрын COVID-19-бен ауырғандарға британ штамы қауіпті болуы мүм­кін. Бұл адам бойындағы антидене­нің түзі­луіне байланысты болмақ. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, вирустың мутациялануы кәнігі құбылыс. Білуімізше, COVID-19 бірнеше рет мутацияланған. Бірақ олар айтарлықтай қауіпті болмаған. Ал вирустың британ штамы – 23 мутацияның қосындысы. Сон­дықтан таралуында айырмашылық болуы мүмкін. Мәселен, вирустың бұл түрі жастар мен балалардың арасында тез тарайды. Әрі «2021 жылы осы инфекция салдарынан өлім-жітім саны биылға қарағанда көп болады» деген болжам бар. Алайда қанша жерден корона­вирустың жаңа түрі пайда болды десек те, сақтық шаралары сол күйін­де қалады. Медициналық бетперде мен қолғап киіп, арақа­шықтық сақтау маңызды. Дәрі­герлер жаңа­­жылдық басқосуды, мерекелік кешті, ойын-сауықты біраз уақытқа кейінге қалдыруға шақырады.

Шектеу шаралары күшейді

Біраз уақыт COVID-19-дың қаупі сейілгендей көрінген-ді. Ел шабаданын сайлап, шетел асуға асықты. Курорттық аймақтар, сауда орталықтары, кинотеатрлар мен түнгі клубтар жұмысын қайта бастады. «Мың асқанға бір тосқан» деді ме, вирустың британ штамы бір сәтте көбейіп шыға келді. Германия, Испания, Швейцария, Швеция, Франция, Канада мен Жапонияда инфекцияның жаңа түрі жиі тірке­ліп жатыр. Күні кеше Оңтүстік Корея мен Иордания дабыл қақты. Осылайша, Британияда тұ­танған «өрт» аталған елдерді шар­пып өткендіктен, сақтық шаралары күшейді. Жапония 28 желтоқсаннан қаңтардың соңына дейін туристерге есігін тарс жапты. Мысалы, Ресейде жаңа штамм тіркелмесе де, олар 22 желтоқсаннан бері Ұлыбри­тания­мен арадағы әуерейстерін тоқтатты. Британиямен әуежолын жапқан­дардың ішінде Канада, Түркия, Аргентина мен Иран бар. Жалпы, мұндай шараны әлемнің 35 елі құп көріп отыр. Еуроодақ болса, адамдарды жаппай вакциналауды қолға алды. Ал вакциналау көшін Ұлыбритания мен АҚШ бастап тұр. Еуроодақ 446 млн адамға вакцина егуді жос­парлап отыр. Олардың хабар­лауынша, Pfizer-BioNTech вак­цинасы одаққа кіретін 27 елге жеткізілді. Соның ішінде одақтан келетін вакцинаны күтпей-ақ, Гер­мания мен Италия екпе егуді бастап кетті. Медицина қызмет­керлері мен қарттарға екпе егілді. Ал Израильде үшінші рет лок­даун жарияланды. Олар да вакцина көмегіне сүйенген. Елде бір апта ішінде 280 мың адам екпе сал­дырды. Өйткені Израильде вирус жұқтыр­ғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Сол үшін ел үкіметі күніне 150 мың адамды вакци­нациялауды қолға алмақ.

14 аймақтан 140 штамм  анықталды

Британ штамы жайлы есті­геннен-ақ көкейде «елімізде COVID-19-дың жаңа түрі кездесті ме?» деген сұрақ туады. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау коми­тетінің басшысы Айжан Ес­мағам­бетованың айтуынша, елі­мізде вирустың британиялық мутациясы тір­кел­меген. Бірақ қазан мен жел­тоқ­сан айында коронавируспен ауыр­ғандардың инфекцияға тап­сырған талдауы тексеріліп жатыр. Сон­дықтан мәлімдеме сипаты өзгеруі мүмкін. «Вирус мутациясы – қалыпты процесс. Коронавирус пайда бол­ған жылы да бірнеше рет мута­ция­ланды. Мысалы, елімізде мамыр мен қыркүйек арасында 140 штамм анықталды. Мұны 14 өңір бойынша зерттедік. Бұған дейін Қазақстанда Германия, Испания, Украина, Ресей, АҚШ пен Ресейде тараған штамм анықталған», – дейді Айжан Есмағамбетова. Ал ДСМ-нің бірінші вице-министрі Марат Шоранов Жаңа жылды туған-туыссыз, отбасы мү­шелерінің ортасында атап өтуге шақырды. Оның айтуынша, жағ­дайға жауапкершілікпен қарасақ қана індеттің жаппай таралуын тоқтатамыз. Шетелдегі вирус жағ­дайы ушығып жатқандықтан, бізге де салқыны тиіп кетуі мүм­кін. «Сон­дық­тан әлеуметтік ара­қа­шықтық, гигиена бірінші ке­зекте тұруы керек. Халық жаппай жина­латын жерге бармаңыз. Ертең­гілікке, ұжымдық іс-шараға қаты­судан бас тартыңыз»,– деді ол. Дегенмен вице-министр сөзіне құлақ асатындар аз. Әлеуметтік желіден ұжыммен Жаңа жылды тойлап, елордадағы кафе мен түнгі клубтардың дамылсыз жұмыс істеп жатқанын байқадық. Үй жанын­дағы дүкендер де 24/7 режиміне көшкелі қашан. Тексеріс жүреді деген күні «ініне» тығылып, қалған уақытта бизнесі үшін барын салып жүр. Осыған қарағанда, денсау­лықты байлық санайтындар ғана «үздік оқушы кейпінде» жүрген сыңайлы.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ