28 желтоқсан күні Иордания мен Оңтүстік Корея коронавирустың жаңа штамы тіркелгенін хабарлады. Мәліметке мән берсек, вирус жұқтырғандар Ұлыбританияға барып келген. Содан ба, бірнеше ел Британиямен арадағы әуеқатынасына шектеу қойды. Ал жаңа штамның қандай ерекшелігі бар? «Бұл коронавируспен қайта ауырғандар үшін қауіпті» деген сөз шындыққа жанаса ма?
Қазір әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 80 млн-нан асты, 45 млн-ы жазылды. Жалпы саны 1,7 млн адам көз жұмды. Ал коронавирустың британ штамы SARS-CoV-2 деп аталады. Бұл – вирустың тағы бір мутациясы. Иә, вирустың жиі мутацияланатынын еске түсірсек, алғашқы түріндей қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ таралу ауқымы кеңейетіні тағы бар. Сондықтан ғалымдар вирустың жұғу жиілігі 70%-ға артқанын алға тартып отыр.Бірден 10 адамға жұғуы мүмкін
Алдымен қыркүйек айында Англияның оңтүстігінде жаңа штаммен ауырған науқастар көбейді. Бұған Лондонда, Англияның оңтүстік-шығысы мен шығысында вирус жұқтырғандар санының артқаны себеп еді. Осылайша, коронавирустың жаңа түрі бар әлемнің назарын Ұлыбританияға аударды. Сөйтіп, ғалымдар COVID-19-дың жаңа түрін зерттеуге ден қойды. Вирусолог Виктор Зуев БАҚ-қа берген сұхбатында британ штамының COVID-19-дан айырмашылығы жылдам таратылуы мен жұғу жиілігінде екенін айтқан. Алғашқысында вирус жұқтырған адам түшкіргенде 3 адамға инфекция таратса, жаңа түрінде індет 10 адамға бірден жұғуы мүмкін. Оған қоса, вирусолог COVID-19-дың жаңа түрінде антидене өзгермегенін, вакцина вирусты ауыздықтай алатынын атап өткен. Десе де, сарапшылар вакцина мен препараттардың британ штамына қауқарын әлі де дәлелдеп жатыр. Ал Джордж Мейсон атындағы университеттің профессоры Анча Баранованың айтуынша, бұрын COVID-19-бен ауырғандарға британ штамы қауіпті болуы мүмкін. Бұл адам бойындағы антидененің түзілуіне байланысты болмақ. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, вирустың мутациялануы кәнігі құбылыс. Білуімізше, COVID-19 бірнеше рет мутацияланған. Бірақ олар айтарлықтай қауіпті болмаған. Ал вирустың британ штамы – 23 мутацияның қосындысы. Сондықтан таралуында айырмашылық болуы мүмкін. Мәселен, вирустың бұл түрі жастар мен балалардың арасында тез тарайды. Әрі «2021 жылы осы инфекция салдарынан өлім-жітім саны биылға қарағанда көп болады» деген болжам бар. Алайда қанша жерден коронавирустың жаңа түрі пайда болды десек те, сақтық шаралары сол күйінде қалады. Медициналық бетперде мен қолғап киіп, арақашықтық сақтау маңызды. Дәрігерлер жаңажылдық басқосуды, мерекелік кешті, ойын-сауықты біраз уақытқа кейінге қалдыруға шақырады.Шектеу шаралары күшейді
Біраз уақыт COVID-19-дың қаупі сейілгендей көрінген-ді. Ел шабаданын сайлап, шетел асуға асықты. Курорттық аймақтар, сауда орталықтары, кинотеатрлар мен түнгі клубтар жұмысын қайта бастады. «Мың асқанға бір тосқан» деді ме, вирустың британ штамы бір сәтте көбейіп шыға келді. Германия, Испания, Швейцария, Швеция, Франция, Канада мен Жапонияда инфекцияның жаңа түрі жиі тіркеліп жатыр. Күні кеше Оңтүстік Корея мен Иордания дабыл қақты. Осылайша, Британияда тұтанған «өрт» аталған елдерді шарпып өткендіктен, сақтық шаралары күшейді. Жапония 28 желтоқсаннан қаңтардың соңына дейін туристерге есігін тарс жапты. Мысалы, Ресейде жаңа штамм тіркелмесе де, олар 22 желтоқсаннан бері Ұлыбританиямен арадағы әуерейстерін тоқтатты. Британиямен әуежолын жапқандардың ішінде Канада, Түркия, Аргентина мен Иран бар. Жалпы, мұндай шараны әлемнің 35 елі құп көріп отыр. Еуроодақ болса, адамдарды жаппай вакциналауды қолға алды. Ал вакциналау көшін Ұлыбритания мен АҚШ бастап тұр. Еуроодақ 446 млн адамға вакцина егуді жоспарлап отыр. Олардың хабарлауынша, Pfizer-BioNTech вакцинасы одаққа кіретін 27 елге жеткізілді. Соның ішінде одақтан келетін вакцинаны күтпей-ақ, Германия мен Италия екпе егуді бастап кетті. Медицина қызметкерлері мен қарттарға екпе егілді. Ал Израильде үшінші рет локдаун жарияланды. Олар да вакцина көмегіне сүйенген. Елде бір апта ішінде 280 мың адам екпе салдырды. Өйткені Израильде вирус жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Сол үшін ел үкіметі күніне 150 мың адамды вакцинациялауды қолға алмақ.14 аймақтан 140 штамм анықталды
Британ штамы жайлы естігеннен-ақ көкейде «елімізде COVID-19-дың жаңа түрі кездесті ме?» деген сұрақ туады. Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, елімізде вирустың британиялық мутациясы тіркелмеген. Бірақ қазан мен желтоқсан айында коронавируспен ауырғандардың инфекцияға тапсырған талдауы тексеріліп жатыр. Сондықтан мәлімдеме сипаты өзгеруі мүмкін. «Вирус мутациясы – қалыпты процесс. Коронавирус пайда болған жылы да бірнеше рет мутацияланды. Мысалы, елімізде мамыр мен қыркүйек арасында 140 штамм анықталды. Мұны 14 өңір бойынша зерттедік. Бұған дейін Қазақстанда Германия, Испания, Украина, Ресей, АҚШ пен Ресейде тараған штамм анықталған», – дейді Айжан Есмағамбетова. Ал ДСМ-нің бірінші вице-министрі Марат Шоранов Жаңа жылды туған-туыссыз, отбасы мүшелерінің ортасында атап өтуге шақырды. Оның айтуынша, жағдайға жауапкершілікпен қарасақ қана індеттің жаппай таралуын тоқтатамыз. Шетелдегі вирус жағдайы ушығып жатқандықтан, бізге де салқыны тиіп кетуі мүмкін. «Сондықтан әлеуметтік арақашықтық, гигиена бірінші кезекте тұруы керек. Халық жаппай жиналатын жерге бармаңыз. Ертеңгілікке, ұжымдық іс-шараға қатысудан бас тартыңыз»,– деді ол. Дегенмен вице-министр сөзіне құлақ асатындар аз. Әлеуметтік желіден ұжыммен Жаңа жылды тойлап, елордадағы кафе мен түнгі клубтардың дамылсыз жұмыс істеп жатқанын байқадық. Үй жанындағы дүкендер де 24/7 режиміне көшкелі қашан. Тексеріс жүреді деген күні «ініне» тығылып, қалған уақытта бизнесі үшін барын салып жүр. Осыған қарағанда, денсаулықты байлық санайтындар ғана «үздік оқушы кейпінде» жүрген сыңайлы.