Қайта шыққан шешімнен қайыр болса...
Қайта шыққан шешімнен қайыр болса...
116
оқылды

Биылғы күз мемлекеттік қызметкерлер мен жол па­трульдік полициясы үшін же­місті болғандай. Мем­қыз­меткер смартфонымен, поли­ция ала таяғымен қауышты.

Естеріңізде болса, 2016 жыл­дың 1 сәуірінде мемлекеттік қыз­мет­­керлер үшін жұмыс бары­сын­да смартфон мен планшет қолдан­бау туралы енгізілген қаулы күшіне енді. Мем­қызметкерге жұ­мыс уа­қы­тында интернетке қосыл­майтын қа­рапайым қалта теле­фонын ұс­тауға ғана рұқсат етілді. Ал жол поли­циясының таяғын алып тастау туралы ІІМ-нің ше­шімі 2017 жыл­дың 1 қаңтарында шықты.

Мемлекеттік қызметкердің смарт­фон ұстауына тыйымның салы­нуына жоғары лауазымды тұлға­­лардың қолы қойылған бір­қатар ма­ңызды құжаттардың WhatsApp және Facebook желілері арқы­лы жұрт­шылыққа тарап кетуі себеп болды деген түсіндірме ай­тылды.

Полиция алатаяғын 1 қыр­күйекте қолына алса, мемле­кет­тік қызметкердің смартфон, план­шет ұстауына рұқсат беріл­ге­ніне бір айдай ғана уақыт бол­ды. Смарт­фонның оралуын «шенеуніктерге жаңа жыл қарсаңындағы сыйлық» деп жатқандар да бар. Әрине, таңертеңнен кешке дейін уақытын кеңседе өткізетін қызметкер үшін заманауи технологиядан қол үзіп, интернетті шектеулі тұрғыда пай­далану қайбір жақсы дейсіз. Үш жылдан артық меморгандар мекемесінің кіреберісінде қалып қойған қалтафондарының төрге озғанына қуанып жатқандар көп-ақ. Сірә, смартфонсыз өтпелі кезең­нен өткен мемқызметкер үш жыл ішінде құпия мәліметті сырт­қа тарат­паудың мәнісін ұққан болар, бұл жолы олардың жаппай ұстауына рұқсат берілді.

Айтқандай, осы уақытқа дейін мемқызметкерлер ғана емес, мем­­лекеттік органдарға келуші қа­ра­пайым азаматтар да ұялы телефон, смартфон, ноутбугін кіре­берістегі арнайы жәшіктерге қал­ды­рып кетуге міндетті болды. Тек жур­налистер ғана апара жатқан жабдығын алдына ала тіркетіп, нөмірлеп жаздырып кіре алатын. Енді қарапайым халық өкілі мем­мекемеге самрфонымен кіре ала ма? Ол туралы нақты мәлімет ай­тылған жоқ. Шамасы ол жағын әр мем­лекеттік орган өз құзыретіне қарай ше­шетін болса керек.

Қазақстанда смартфонға қара­ғанда, ала таяққа салынған тыйымның шуы көбірек шықты. 2017 жылдың 1 қаңтарында сол кез­­дегі ІІМ Қалмұханбет Қасымов арнайы бұйрық шығарып, жол патрульдік полициясының қолы­нан таяғын алған. Полиция жол қозғалысын қол қимылымен және ысқырықтың көмегімен-ақ реттеп, көлік жүргізушілерін жүргізіп, тоқтатуды жүзеге асыра бастаған. Бұған көпшілік, әсіресе көлік жүргізушілері қуанған. Өйткені елімізде ала таяқтың «әңгіртаяққа» айналып кеткен де кездері де болғаны есте. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармады. Сол жылы ма­мыр айында депутаттар ала таяқ­ты қайтару мәселесін көтерді. Алдымен Мәжілісте, артынша Сенатта қозғалды. Парламенттің арнайы отырысында министр Қ.Қасымов бұл еуропалық тәжірибе екенін айтып, полицейлер таяқтың орнына жарыққа шағылысатын арнайы кеудеше және қолғаппен 100 пайыз қамтылғанын мәлімдеді. Әйтсе де, ол тәжірибе өтпеді. Екі жыл 11 ай өткенде ала таяқ та қай­тып оралды.

Ала таяқ демекші, оның тари­хы да қызық. Әлем халықтары үшін таяқ ежелден биліктің, би­леу­шінің қолындағы қарудың симво­лындай есептеліп келді. Тауарихқа сүйенсек, ұлы Француз революциясы кезінде бас көтерген халық әуелі полицияның таяғын тартып алып, сындырған деседі. Сол уақыттан бері Еуропа елде­рінің тұрғындары полицияның тая­ғын ұната бермейді. Батыстың көп мемлекеті XXI ғасырдың табалдырығын таяқсыз аттағаны рас. Бүгінде полицияның таяғы – Солтүстік Корея мен Ресей және ТМД-ның кейбір мемлекеттерінде ғана қолданыста.

Иә, революция Ресейде де болды, дегенмен нәтижесі сәл өз­геше. Билік басына келген большевиктер полицияның тая­ғына тиіспей, тек патшалық билік тұсындағы ақ таяқты советтік идеологияның қызыл түсіне ауыс­тырды. Айтқандай, Кеңес Ода­ғының да таяқтан бас тартқан кез­дері болыпты. 1933 жылы мили­цияның қолынан «қызыл таяқты» алып, ақ қолғап кигізіп, алты жыл өткен соң 1939 жылы жол қоз­ғалысын реттеуіш таяқ қайта «қыз­метіне» кіріскен. Бірақ ол ақ-қара түсті еді. 1969 жылдан бастап, оған жарықпен шағылысатын қызыл нүкте қосылып, дискілі таяқ­тар пайда болды. Кеңес Одағы құла­сымен бірінші болып балтық теңізі жағасындағы республикалар ала таяқтан бас тартты. Кейіннен 2015 жылы Украина полициясы таяғын тастады. Одан кейін «таяқсыз тәр­тіп үйретуді» Қазақстан да көрмек болған.

Елімізде полиция таяғын шы­ғаратын кәсіпорын бар ма дерегін біле алмадық, бір білгеніміз интернеттегі Satu.kz сайтында 1 000 теңге мен 10 000 теңгенің ара­сында деп ұстап тұр. Дегенмен құзырлы министрлік полицияның ала таяғын сатып алмаймыз, екі жыл бұрын пайдаланып келгендер сөреде тұр деп сендірді. Одан бөлек, министр Ерлан Тұрғымбаев ала таяқ жол қозғалысын реттеу кезінде, бағдаршам істемей қал­ғанда, жол жөнделіп жатқан кез­дерде ғана қолданылатынын айтты. Бас­қа кезде тыйым салын­ған. Демек, бұрынғыдай келе жатқан көлік­тің жүргізушісінің көзіне шұқы­ғандай етіп, нұқсан тоқтатуға жол жоқ.

«Қайтқан малда қайыр бар» дейді халқымыз. Смартфон мен ала таяқтың қайта оралуынан қоғамға қандай пайда келерін келешек көрсетер. Әйткенмен, бір қайнауы ішінде кеткен шикі шешімдердің, қайта қаралған қаулылардың ел экономикасына келтірген шы­ғы­нына кім жауап бермек деген де ой туары сөзсіз. Ел экономикасы демекші, Үкіметіміздің бір ғана эко­номикалық блогында бір­неше ми­нистрлік жұмыс істеп тұрғанын білеміз. Мәселен, санап көрейікші. Ұлттық экономика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі, Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Энергетика министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі. Ауыз толтырып айта­тындай алты министрлік бар. Бұдан бөлек, өңірлердегі бөлімдер мен түрлі мемлекеттік мекемелерді қо­сыңыз. Бірақ одан мемлекеттің экономикасы бен әлеуметтің әлеуеті жақсарып жатыр ма? Қазақстан бәз-баяғынша шикізат құнына тәуелді болып отыр. Бағаның қымбаттауы бойынша басқа елдерді былай қойғанда ЕАЭО-та алдыңғы орынға шығып отырмыз. Бүгінде Қазақтанда 17 министрлік бар. Осыдан біраз жыл бұрын олардың санын 11-ге түсіріп көргенбіз, бірақ бір қосылып, бір ажырап, түрлі атаулар алып келген министрліктер саны қайта 17-ні құрады. Яғни, министрлік саны жөнінен дәл қазір Жапониямен теңесіп тұрғанымызбен, халықтың саны жөнінен көш кейінбіз. 2018 жылдың желтоқсанындағы мәліметке сүйенсек, жапондардың саны 126 087 123 адам.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде қырық адамға шаққанда 1 мемлекеттік қызметкерден келеді екен. Бұл – квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлерді қос­па­ғандағы сан. Бюджеттің әрбір 10 теңгесі мемқызметкерді қам­тамасыз етуге жұмсалады. Тағы да салыстыру көрсеткішіне сүйе­неміз. Беларуссияда 1 шенеунікке 176 адамнан, Германияда – 163, Ресейде – 140, АҚШ – 147, Фран­цияда – 190 адамнан келеді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл Қазақстан халқына Жолда­уында 2020 жылдан бастап мем­лекеттік қызметкерлер санын бір­тіндеп қысқартып, үнемдеген қар­жыны неғұрлым пайдалы қыз­меттерге жұмсауды тапсырған. Демек, бұл тұрғыда Үкіметке жүк­телер міндеттің жүгі ауыр.