Таяқтың бар екі ұшы
Таяқтың бар екі ұшы
204
оқылды

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық айыбымен ұсталған қызметкердің басшысын да отставкаға жіберу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Орынтағына жабысып алған министрлер мен әкімдер мекемесіндегі былық-шылық үшін жауапкершілік арқалауға құлықсыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң жағдайды өзгерте ме?

Мемлекет басшысы 28 қарашада қол қойған заңға сәйкес, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлер: министрлер, олардың орынба­сар­лары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары, облыс, аудан әкім­дері мен олардың орынбасарлары өзде­ріне тікелей бағынатын қызмет­кер­лері парамен тұтылса, дереу отстав­каға кетуге арыз жазуы тиіс. Ал отс­тавканы қабылдау немесе қабыл­дамауды тағайындаған адам шешеді.

Әлемдік тәжірибеде ондай ­отс­тавка жүздеп саналады. Мысалы, бірнеше жыл бұрын Чехияның Пре­мьер-министрі Петр Нечас қолас­тындағы шенеуніктер коррупцияға қатысы бар деген күдікке ілінген соң өз еркімен жылы орнын босатты. Бауырлас Түркияның Экономика министрі Зафер Чаглаян, Ішкі істер министрі Муаммер Гүлер мен Қор­шаған ортаны қорғау министрі Ер­доған Байрактар бір-ақ күнде жұ­мыстан кетті. Өйткені үшеуінің де ба­лалары мемлекеттік тендерді өт­кізу кезінде пара алды деген айыппен тұтқындалған. Биыл Австрия канц­лері Себастьян Курц өзінің оң қолы Хайнц-Кристиан Штрахенің орыс кәсіпкерімен астыртын жүргізген ке­ліссөзі бейнежазбаға түсіп қалған­нан кейін мансабынан бас тартты.

Бір қарағанда мұндай мысал бізде де баршылық сияқты. Мамыр айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың ісі бойынша сот шешімі күшіне енсе, отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген. Көп ұзамай Асланбек Жақыпов үш жылға сотталды. Әйтсе де, міз баққан министрді байқамадық. Таяуда Ал­маты облысының әкімі Амандық Ба­талов орынбасары Бағдат Мәні­зоровқа тағылған айыптар расталса, қызметімен ойланбай қоштасаты­нын айтқан. Әйтеуір, абырой бол­ғанда Мәнізоров тергеу барысында ақталды да, Баталов орнында қалды.

Көріп отырсыздар ғой, жоғары деңгейдегі басшылар арасында ба­ғыныштылары үшін жауапқа тартыл­ған ешкім жоқ. Тек бір оқиға ойға оралады. 2008 жылы Қаржы минис­тр­лігі Салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметов Алматы қаласы Салық департаменті директорының орынбасары Нұрғалиев парамен ұсталғанда өз еркімен отставкаға кетті. Міне, қауашағымызға қалқып шыққаны – осы ғана. Басқа мысал еске түспей тұр.

Өркениетті елдерде азаматтық ұстанымы айқын, мемлекетшіл тұлғалар өзі тағайындаған қызметкері сыбайлас жемқорлыққа шатылса, кірерге тесік таппай қалады. Жеке басының адалдығына ешкім күмән келтірмесе де, өзін кінәлі сезінеді. Өйткені түсінген адамға бұл – жусаң кетпейтін қара дақ. Расында да, та­науының астында не болып жатқа­нын білмейтін басшылар білдей бір саланы қалай дамытпақ?

Негізі, бұл мәселені 2010 жылы Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқарған Оралбай Әбдікә­рімов көтерген.

– Әрбір мемлекеттік органның басшысы өзіне тікелей бағынышты қызметкердің коррупциясы үшін отставкаға кетуге арыз жазуға мін­детті болады. Бұл норма заңмен бе­кі­тілуі қажет, – деген еді.

2013 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов те осыған ұқсас мәлімдеме жасаған.

Жалпы, Қазақстанда шенеунік­тердің жемқорлық бабы бойынша ұсталғаны туралы ақпарат жиі жа­рияланады. Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев бұған дейін жемқорлықпен күресті күшейту керегін бірнеше рет айтқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та кейінгі кезде бюджет қар­жысын жымқырғандарды жазалау мәселесін көп қозғап жүр. Соған қарамастан, еліміздің жемқорлық индексіндегі жағдайы жақсарған жоқ.

Transparency International ұйымы жыл сайын құратын Жемқорлықты қабылдау индексінде (CJI) бір жыл ішінде екі саты төмендеппіз. 2018 жылы 122-орында тұрған Қазақстан биыл қаңтарда шыққан ұйым рейтингінде 124-орынға түскен.

Алайда атышулы отставкалар туралы естісек, құлағымыз керең болсын. Жаңағы біз тілге тиек еткен 2010 жылғы норма іс жүзінде бірде-бір рет қолданылған емес. 2015 жыл­дың желтоқсанында бұл норманың күші жойылып, оның орнына «Мем­лекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» ереже қабыл­данды, бұл құжатта министрлер мен әкімдердің жауапкершілігі жайлы бір ауыз сөз жоқ.

Бір кездері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған Қайрат Қожамжаров бұрынғы нор­маны қалпына келтіруге ты­рысып көрді. Тек Алик Шпекбаевтың тұ­сында сең қозғала бастады. Был­тыр наурыз айында Елбасы қолас­тындағылардың қылмысы үшін бірінші басшылардың жауапкер­шілігін артыруға тапсырма берді. Содан кейін агенттік «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заң жобасын әзірлеп, Мәжі­ліске енгізді. Биыл ақпан айында Төменгі палата депутаттары оны бірінші оқылымда мақұлдады. Жақында Тоқаев қол қойған су жаңа заңның тарихы осындай.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орын­басары Олжас Бектеновтің сөзінше, отставканы қабылдау немесе қабыл­дамау – Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның құзырында. Сонда дейміз-ау, Президент шешім қабылдағанда қандай тетіктерге сүйенеді? Шенеу­ніктің жазықты не жазықсыз екенін қайдан біледі? Әрбір жемқорлық дерегін жеке-жеке тексеруге уа­қыт­ты қайдан табады? Сол қылмыстың алдын алуға әкімнің не министрдің мүмкіндігі болған-болмағанын қа­лай анықтайды? Арнайы тергеу жүр­гізе ме, әлде ішкі түйсігіне ғана иек арта ма? Сауал көп, жауап жоқ. Бұл сұрақтар басы ашық күйінде қалса, жаңа заңның нақты жұмыс істейтін механизмге айналуы не­ғайбыл.

Таяқтың екінші ұшы да бар. Әді­лет министрі Марат Бекетаев бір жиында журналистермен жүздесіп отырып: «Мен басқа адамның басы­на кіре алмаймын және оның не ойластырып жүргенін түсіне алмай­мын. Егер ол менің сөздерім мен іс-әрекеттерге қарамастан, қандай да бір құқықбұзушылық жасаса, онда неге мен жауап беруім керек?» деп бұл ережеге қарсылық танытқан.

Қисынға салсақ, Марат Бақыт­жанұлымен де ішінара келісуге бола­ды. Бірақ айналып келгенде бәрі басшыға байланысты. Өзіміз үлгі тұтатын Сингапурдың кеден қыз­метінде бір адам жемқорлықпен тұ­тылса, бүкіл ұжым жұмыстан қуы­лады екен. Бізге де сондай бірдеңе керек шығар?


Еркебұлан НҰРЕКЕШ