Кекілбаев кеңістігі

Кекілбаев кеңістігі

Биыл еліміздің руханияты үшін Әбіш Кекілбаев жылы болды десек, қателеспейміз. Бұл – халықтың аяулы перзен­тіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, 
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

Биыл еліміздің руханияты үшін Әбіш Кекілбаев жылы болды десек, қателеспейміз.

Бұл – халықтың аяулы перзен­тіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы.

Баршаңыз білесіз, кемеңгер жазушының 80 жылдығы туған жерінде ғана емес, ұлан-ғайыр еліміздің өзге өңірлерінде де ке­ңінен аталып өтуде.

Осы орайда Әбіш ағаның ­та­рихи тұлғасы мен біртуар бол­мыс-бітімін айқындай түсе­тін мерейлі іс-шараларға куә бол­дық.

Ақтау қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаевтың қатысуымен еңселі ес­керткіш орнатылып, облыстық өлкетану музейі Әбіш ағамыздың атымен аталды.

Сөз зергерінің туған жерінде халықаралық театр фестивалі өтті.

Өнегелі өмірінің басым бөлігі өткен Алматы қаласындағы кө­шелердің біріне Әбіш Кекілбаев­тың аты берілді.

Алғашқы «Әбіш оқулары» және «Әбіш әлемі» атты оқу кон­гресі мәресіне жетті.

Елордадан бастап, алыс-жа­қын өңірлерге дейін алқалы жиындар, ғылыми конферен­ция­лар жүйелі ұйымдастырылды.

Әрине, Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік келбеті мен ойшыл бейнесі туралы саналы сөз, па­йымды пікір осы 80 жылдықпен тоқтамайды.

Егемен елі барда Әбіш фено­мені туралы айтыла бермек.

Өткен ғұмырында Әбіш аға туған жұртын жырласа, ендігі жерде халқымыз әйгілі Әбішін жырлайды деп ойлаймын.

Шын суреткердің қолына қа­лам алғандағы асыл арманы туған халқын әлемге таныту бо­латыны белгілі. Бұл тұрғыда Әбіш аға бо­рышы өтелген бақытты жазушы.

Еуропадағы бірнеше әдеби ұйым оны тұтас ғасырдың тұғыр­лы тұлғалары Толстой, Әуезов, Дос­тоевский, Чехов, Маркес, Хе­мингуэй, Паустовский, Айт­матов, Ғамзатовпен бірге арнайы портрет-плакатқа шығарып, жүз­жылдықтың үздік жүз қаламгері санатына қосты.

Осылайша, оймақтай Оң­ды­дан шығып, қазақ әдебиетіне алғаш­қы қадамынан «Алтын шуақ» әкелген Кекілбаев көзі тірісінде әлем әдебиетінің көр­некті өкіліне айналды.

Оның ұлттық интеллек­туал­дық қазынамызға айналған та­маша туындылары дүниежүзінің алуан тіліне аударылып, халқы­мыздың талайлы тағдырын, мұңы мен сырын төрткүл дүниеге та­нытуда.

Алаштың алауын өшірмеген ғұлама қаламгер Мұхтар Әуезов­тен бата алған дегдар аға – дарқан даладай даңғайыр дарын, теңіздей терең тұлға еді.

Кенді түбектің жомарт таби­ғаты оған әулиелі Маңғыстаудың өзгеге ұқсамайтын ғажабындай ғаламат шабыт пен сарқылмас қуатты аямай берген.

Сонымен қатар ол мемле­кет­шіл қайраткер, ақиқаттың ал­даспаны еді. Әбекең ел алдында сөйлесе ағынан жарылып, ада­лынан сөйлейтін, аудиторияны ұршықтай иіріп, уыздай ұйытатын шешен еді.

Ол баяндағанда анықтың өзі айқынданып, дұрыстың өзі түзу­леніп кеткендей көрінетін. Дә­лелді әрі дәйекті айтылған әр сөзі тыңдаушыны әсерлендірмей қоймайтын еді.

Өйткені Кекілбаев кеңістігі тыңдаушы көкейіне ізгілік ұяла­тып, рухани кемелдендіріп жібе­ретін.

Ел Парламентінің төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хат­шысы болған Әбіш Кекілбаев Отанға қалтқысыз қызмет етудің өшпес өнегесін көрсетті.

Тәуелсіздіктің елең-алаңынан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің біріне айналған ол ұлттық идеологияның қалып­та­суында өз қолтаңбасын қал­дырды.

Осылайша, халқына жасаған қызметі жоғары бағаланып, Қазақстанның Еңбек Ері атанды.

Кезінде Парламент Сенатын­да қызметтес болып, жақын сый­ласқан Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Әбіш мерей­тойының шымылдығын ашқан сөзінде сан қырлы суреткер ту­ра­лы «Әбіштану дәуірі енді бас­тал­д­ы» деген еді. Ал қалам­гердің ой­шылдығын арқау еткен Сауыт­бек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» атты зерттеу кітабының алғы­сө­зінде Мемлекет басшысы: «Әбіш Кекілбаев – біздің халқы­мыздың рухани әлеуетін әлем алдында айқара ашуға мүмкіндік беретін алып тұлғаларымыздың бірі де бірегейі» деп айшықты айтты.

Түптеп келгенде, Әбішті та­ну – оның терең ой-парасатына сүйсіндіретін, отансүйгіштік ру­хын түйсіндіретін ғибраты мол шара.

Әбіштанудың терең тағылымы осында жатыр.

Дана да дара суреткер Әбіш Кекілбаев шығармаларын қай­та­лап оқып тұру бәрімізді руха­ни шыңдалуға, кемелденуге үндейді.

Себебі кемеңгер Кекілбаев кеңістігі – өзінше бөлек әлем.

Бұл кеңістікке кездейсоқ бол­са да бас сұққан адам абыз жа­зушының кітаптарында қаттал­ған, көкейлерде жатталған пара­сатты пайымдарына еріксіз оралып соғып отырады.

Өйткені ол оқырманын баурап алатын тұңғиық дүние. «Әбіш әле­мі» дейтін жаңа терминнің қа­лып­таса бастауы осының дә­лелі.

Өзіміз де осы мерейтойға қа­ты­са жүріп, аяулы Әбекеңмен қай­­та бір дидарласып, сырлас­қан­дай әсерде болдық. Біз Әбіш­тей да­нагөймен таныс-біліс ғана емес, аралас-құралас ғана емес, рухтас бауыр ретінде қарым-қатынас жа­сау бақытына, сөйлесу, пікір­ле­су, ақыл-кеңесін есіту бақытына, ал егер әр нәрсені өз атымен атар бол­сақ, ұлы адамды көру бақытына ие болғанымызды мына өмірдегі баға жетпес байлығымыз деп білеміз.

Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты Әбіш Кекілбаевтың ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетінен қайтара алмайтын салмақты құбылысқа ұқсайды.


Сөз сардары Әбекең киелі әдебиет табал­дырығын өрелі өлеңмен аттап, көсемсөз, сын, сапарнама, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын саралаған зерттеулер жазып, артына өнегелі мектеп қалдырды. 


Бүгілмес берік, бөгелмес ба­йыпты Әбекең – ғажап суреткер, сұңғыла саясаткер, білікті басшы, қай қалыпқа салсаң да қайыспас қара нар болатын.

«Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөзі Әбіш Кекілбаевтың өмірлік кредосы, айнымас ақи­қаты еді.

Сондықтан ол асқан жа­уап­кершілік пен ыждаһаттылықты талап ететін мемлекет ісінен қол үзбей жүріп, әдебиетімізге шоқ­тығы биік шоғыр-шоғыр шығар­малар берді.

Абыройлы міндеттің салма­ғын санамен, ауырлығын армен, өлшемін өремен көтере білді.

Әйтпесе, оның мемлекеттік басқару ісіндегі жетістігі мен белсенділігінің өзі бір адамның ғұмырына жететіндей еді.

Мемлекеттік қызметтегі мін­деті мен суреткерлік мұратын бір арнаға тоғыстырған ғұлама жа­зушы халқына қай салада болма­сын өлшеусіз пайдасын тигізді.

Әбіш-абыз әдебиет пен өнер­дің барлық саласында жасампаз­дықпен еңбек етті.

Көптеген қаламгер сияқты Әбіш ағаның да әдебиетке өлең­мен келгені белгілі. Ол жан түк­піріндегі сырларын, көкейіндегі көркем ойларын өлеңмен өр­нектеді.

Кемеңгер Кекілбаев келе-ке­ле көшелі проза мен кесімді кө­семсөз саласында кеңінен көсілер шаққа жеткенде өлеңді жанынан тастаған жоқ, қасиетті де киелі өнермен арасын суытқан емес.

Әрине, Әбіш аға – ең әуелі қара сөздің қасиетін терген жам­поз жазушы. Ол «Күй» хикаяты арқылы сонау 1966 жылы әлемдік әдебиет кеңістігіне филосо­фия­лық-әлеуметтік терең мағынаға ие болған Мәңгүрт образын алғаш рет әкелді.

Ол Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын, Шек­спирдің «Король Лир» дра­масын, Ги де Мопассанның «Өмір» романын аударып, бола­шақ қаламгерлік сапардағы шеберлік нақысын шыңдады.

Кино және театр өнерінде де өшпес із қалдырып, қазақ драма­тургиясының дамуына айрықша үлес қосты.

Тарихи дарабоздарымыздың есімдерін жаңғыртуда ұшан-теңіз еңбек етті. Сөйтіп әдебиет әле­міне рухы мұқалмайтын, ар-на­мысқа адал кейіпкерлер галерея­сын сыйлады.

Айтулы тарихи тұлғалардың ішкі әлеміне психологиялық қырағылықпен, математикалық дәлдікпен үңіліп, оқырманына шытырман мінезді шынайы образ етіп ұсынды.

Осылайша, ол оқырманын зер­лі сөзбен тұрғызған жауһар ес­­­­керткіштер секілді Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнелерімен та­рих­тың қайталанбас қатпар-қат­пар қойнауларында бетпе-бет кез­дес­тіргендей әсерге бөлей алды.

Сөз сардары Әбекең киелі әдебиет табалдырығын өрелі өлеңмен аттап, көсемсөз, сын, сапарнама, күй мен сан алуан көркем өнердің өрісті табиғатын саралаған зерттеулер жазып, арты­на өнегелі мектеп қалдырды.

Дарабоз суреткер рухани кемелдік ретінде ар тазалығын, сезім шынайылығын және биік мұратты таңдады.

Әбіш әлемінің мінсіз құнарлы құрылысы да, феномендік құбы­лысы да оның жүрек тазалығының жұпар шырайында еді. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұ­ғылданса да ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін.

Әбіш аға осы ұстанымы мен жазудағы адалдық кредосын мемлекеттік қызметте де қатаң сақтады.

Ақиқат жолын таңдаған жа­зушы мемлекет қызметінде оты­рып та абыздық саф мінезінен айныған емес.

Оның «Біздің ешқайсы­мыз­дың заңнан асқан қатал, не заң­нан асқан кеңпейіл болуға ха­қымыз жоқ» деп жазғаны сон­дық­тан еді.

Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын.

Әбіш – бар қазаққа ортақ тұлға.

Сондықтан Қазақстанның барша аймағы Әбішті өз ұлда­рын­дай құрметтейді, мақтан тұтады.

Суреткердің өзі де қазақ да­ласын жанындай жақсы көрді, әр өңір оған өзінің туған топы­ра­ғын­дай, асыл тұмарындай ыстық болды.

Сондықтан болса керек, Әбіш ағамыз тұтас қазақ тарихын, оның өткен өмірін терең білетін сұң­ғыла еді.

Әбіш рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында.

Қаламға – қанат, ғаламға – ғаламат, кемге – тілек, елге – ті­рек, ұлтқа жүрек болған болмыс иесі ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді өзі де ұлтына ұран болары анық. Сол арқылы жұртының жүре­гінде, елінің есінде мәңгі жасай береді.

«Тарихта адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмыр­дың ауқымымен өлшенбейтін ел­ден ерек ересен тұлғалар бола­ды» деп өзі айтқандай Әбіш аға туы жығылмайтын тау тұлғаға айналды.

Өйткені «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» Әбіш Кекіл­баев­тың мол мұрасы адамзат өміріне әлі де мыңдаған жылдар бойы қызмет ете берері сөзсіз.

Әбіш жазарын жазып, айта­рын айтып кетті. Уақыт алдын­дағы, тарих алдындағы, халық алдын­дағы сынақтан абыроймен өтті. Ендігі сынақ біздің өзімізге түседі. Қазақтың ұлттық рухының әлемге Әбіш арқылы қалай жетуі енді бізге байланысты. Әбіш сө­зінің тереңін өзіміздің тереңірек тануы­мыз, басқаларға таны­туы­мыз, сол сырлы әлемнің жұм­бағын ашуы­мыз біздің халықтық өремізге сын болмақ. Бұл сы­нақтан да сыр бермейміз деп сенгіміз келеді. Тиісті жұмысты жүйелі жүргізе білсек, біз Әбішті әлем алдында маңдайымызға ұстай аламыз. Әбіш Кекілбаевта арғы-бергідегі ұлы жазушыларға, ұлы ойшыл­дарға тән қасиеттердің бәрі де бар.

Әбіш – тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі жұртының ор­тақ мақтанышы ретінде де ардақ­талуға лайықты тұлға.

Абыз – аңызға айналды.

Алаштың алыбы – Әбіш Ке­кілбаев жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай береді!

Әдебиет тойы, руханият ме­рекесі құтты болсын!

Әбіш рухы асқақтай берсін, ағайын!