Әбіш және Ұлы дала

Әбіш және Ұлы дала

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әбіш Кекіл­баев және Ұлы дала руханияты» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараға Қазақстанның Мемлекеттік хат­шысы Қырымбек Көшербаев, Мәжіліс депутаттары, Қазақстанға еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қыз­меткерлер, ақын-жазушылар, ұстаздар мен ғалымдар қатысты.

Халықаралық конферен­ция­ның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы Еу­ра­­зия ұлттық университетінің рек­торы, ҰҒА академигі Ерлан Сы­ды­қов заңғар жазушының 80 жылдық мерейтойын атап өтудің ма­ңызына тоқталды. Ол сонымен қатар Әбіш Кекілбаев­тың әдеби мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жет­кі­зіп, халқы­мыздың рухани бай­лы­ғын арттырудың қажетін атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстанның Мем­­лекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қаламгердің шығар­м­а­шылығынан бөлек, кемеңгер Ке­кіл­баевтың Тәуелсіздік алған­нан кейінгі жылдары елімізге сіңір­­ген айтулы еңбектерін тілге тиек етті.

Жиында ҰҒА академигі Жа­байхан Әбділдин Әбіш Кекіл­баев­тың Қазақ­станның ішкі және сыртқы саясатында үлкен жұ­мыс­тар атқарғанын айтса, көрнекті Мемлекет және қоғам қайрат­кері, түркітанушы ғалым Мырзатай Жол­дасбеков Әбішпен алғашқы таныс­тығынан бастап, бірге қыз­мет еткен жылдарын сағынышпен еске алды. Ал халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреа­ты, Қазақстанның Еңбек Ері Әбді­жәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» романының алғашқы нұс­қасы «Жұлдыз» журналына шы­ғып, көп ұзамай академик Зей­нолла Қабдоловтың жетекші­лігімен КазГУ-дің (қазіргі ҚазҰУ) бір топ студенттері кездесуге шақырғанын, онда Әбіш Кекіл­баев «Қан мен тер» туралы маз­мұн­ды да мәнді баяндама жа­сағанын, кейін сол баяндамасын алдырып, айтқан пікірлерімен санасып, өзгерістер енгізгенін қоса жеткізді.


Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұл­танов кемеңгер Әбіш Ке­кілбаев 70 жасқа толғанда Елба­сының: «Шіркін, қазақ жігіттері­нің бәрі өзіңдей болса!» деген сө­зін мысалға келтіріп, конфе­ренцияға жастардың көптеп қатысқанын және олардың баяндаманы тапжылмай, мұқият тыңдап отырғанына ризашы­лығын білдірді.

Сондай-ақ конференцияда Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, Тіл комитетінің тұң­ғыш төрағасы Сұлтан Оразалы «Асыл сөз сардары», ақын Ақұш­тап Бақтыгереева «Біртуар тұлға», жазушы, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері Әнес Сарай «Жазушы Әбіш Кекіл­бай­ұлы­ның жаңа­шылдығы», «Манас» қыр­ғыз-түрік университетінің профес­соры Қадырәлі Қоңқабаев «Шың­ғыс Айтматов және Әбіш Кекілбаев: «мәңгүрт» сөзінің лек­сика-семантикалық аясы», жа­зушы, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері Қажығали Мұхам­бет­қа­лиұлы «Көркем шығарма және әдеби сын» тақырыбында баян­дама жасады.

Пленарлық мәжіліс соңында «Әбіш Кекілбаев» энциклопе­дия­сының тұсау­кесер рәсімі өтті. Ме­рейтой иесіне арнал­ған кон­фе­ренцияға жиналған ғалымдар аталған шарадан соң екі секцияға бөлі­ніп, «Ә.Кекілбаевтың көр­кем­дік-эсте­тикалық әлемі және қазіргі қазақ әде­биеті», «Ә.Ке­кілбаев және қазақ рухания­ты­ның мәселелері» тақырыптары бойын­ша келелі сөз қозғады.

Айта кетейік, бүгінде заңғар жазу­шы­ның мерейтойы халықа­ралық деңгейде атап өтілуде. Ал­ма­ты қаласындағы бір көшеге қай­раткердің аты берілсе, Маң­ғыстауда үлкен орталық ашылып, еңселі ескерткіш бой көтерді.