Аталған азаматтарға одақ куәлігін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет тапсырып, әріптестеріміз еліміз бойынша ең жас одақ мүшелері саналатындығын айтты.
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен басқосуда ең алдымен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, өңірдің биылғы жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.Мұндай құрметке облыстық Aq jol газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Табиғат Абаилдаев, ақын Данияр Әлімқұл және облыстық ARAI газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадірәлі бөленді. Айта кетейік, аталған азаматтардың арасындағы әріптесіміз Нұржан Қадірәлі небәрі 28 жасында Жазушылар одағына өтіп отыр. Жас ақынның «Жүрек өрті» атты жинағы да Жаңа жыл қарсаңында жырсүйер қауымға жол тартты. Міне, осылайша жастайынан талантымен танылған жамбылдық жастар Жазушылар одағына мүше болып, талайды таңқалдыруда. Әріптестеріміздің алдағы уақытта да өнерлері шарықтап, шығармашылық ортада өздерінің айқын орнын таба білсін деп тілейміз! Айтпақшы, бұл күні жазушы-драматург Елен Әлімжанға, ақындар Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковаға 75 жылдық мерейтойларына орай Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының құттықтау хаттары табысталды. Сондай-ақ «Әдеби өлке» жобасы аясында «Хандықтықтың туын тіккен киелі өлке» кітабының тұсаукесері өтті.– Әулиеата топырағынан туған талантты ақын-жазушылар көп. Олардың арасында айтулы жазушы және журналист Шерхан Мұртазаны, қазақ әдебиетінің қазіргі заманғы классигі Несіпбек Дәутайұлын, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованы айрықша атауға болады. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы қазіргі жас таланттарды танытуға ниетті, - деген Ұлықбек Есдәулет жас ақын, журналистерге одақ куәлігін табыс етті.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы