Алматыдағы Жазушылар одағының кітапханасында биылғы 125 жылдық мерейтой иелері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровті еске алу кеші өтті. Қазақтың үш бәйтерегі атанған арыстарымыз туралы жылы естеліктер айтылып, есімдері ұлықталды. Шындығына келгенде, үш арыстың бұдан бұрын да мерейтойлары аталып өткен.
Дегенмен дәл биыл мерейтойлық шаралардың асқан ықыласпен ұйымдастырылғаны елдің ризашылығын тудырды. Алыптарға арнап ақындар айтысы өтті. Олардың тек туған жерінде емес, еліміздің әр өңірінде, мектептерде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Бұл мерейтойдың тағы бір есте қалар сәті – Қостанай облысы Таран ауданының биылдан бастап Бейімбет Майлин атындағы аудан аталуы. Осылайша, Би-ағаңа жерлестері үлкен тарту жасады.
– Ең қуанарлығы – 14 түркітектес мемлекеттің басын қосқан Түрксой ұйымының бастамасымен Түркияда қазақ халқының үш алып шынары, үш алып бәйтерегі тақырыбында Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 125 жылдығына орай жиын өтті. Осы шара арқылы аталарымыздың аты түркі дүниесіне танылды. Өлеңдері оқылды. Олардың шығармалары түрік тіліне аударылып жатыр. Таяуда армян тілінде «Қазақ әдебиетінің антологиясы» атты үлкен кітап басылып шықты. Онда Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар жыраудан бастап, ХІХ ғасырдағы Абай, Шоқан, Ыбырай, Шәкәрімді қамтып, содан кейін кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиеті дегенде осы үш алып бәйтеректің шығармашылығы таныстырылады. Мұның бәрі керемет игі істер, – дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып. – Үш атамыз небәрі 44 жас ғұмыр кешкен. Ілияс атамыз осы ғұмырында 40-тан астам, Сәкен атамыз 50-ден астам кітап шығарыпты. Ал Бейімбет атамыз 69 кітап жазып, жариялапты. Не деген жанкештілік! Аз ғана ғұмырында олардың әрқайсысының елге жасаған еңбегі орасан зор. Ақталғаннан кейін тек 1958 жылдан бастап қана ол кісілердің еңбектері оқырмандарға жете бастады. Сол жылдары әдебиетті оқыған қауым Сәкен, Бейімбет және Ілиястың жазған дүниелерінің рухында тәрбиеленді. Ол –Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар ақталмай тұрған кез. Олар бертінде 1989 жылдары ғана ақталды. Сондықтан қазақ әдебиетінде, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде үш бәйтеректің еңбегі ұшан-теңіз.
Бұл күні айтулы шараға Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтары да қатысты. Петропавл қаласынан арнайы келген Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызының естелігі көпшілікті бейжай қалдырмады.
– Халқымыздың үш арысы өмірде дос, жолдас болған. Бейімбет атамыздың кенже қызы өмірге келгенде оның атын Гүлсім деп Сәкен атамыз қойған екен. Оларды «халық жауының отбасысыңдар» деп үйлерінен шығарып жібергенде бір бөлмеде біздің әжеміз Гүлжамал, бір бөлмеде Фатима анамыз балаларымен тұрады. Ілияс атамызды алып кеткенде Фатима анамыз баласы Болатты босанады. Гүлжамал әжем оның кіндігін кеседі. Бейімбет атамыздың балалары Мереке, Рәзия, Еділ үшеуін Семейдегі «Балалар үйіне» алып кеткенде, Фатима анамыз қолынан келген бар көмегін көрсетеді. Гүлжамал әжем Карлагта болған кезінде Фатима анамыз оның балаларын суретке түсіріп салып жіберген. Сол сурет қазір Алжир мұражайында сақтаулы. Үш отбасы қиындықта бірге болып, бір-біріне көмек береді. Менің анам Рәзия «Балалар үйінен» шығып, Қарағанды облысына Карлагқа шешесін іздеп барады. Бірін-бірі бес жыл көрмеген. Шешесі танымастай болып өзгерген. Қой бағады екен. Еңбекпен түзеу лагерінің бастығына барып, «Шешем ауырады екен, оған көмектесейін» деп жанында бір ай қалады. Анам ол кезде небәрі 12 жаста болған. Жастығына қарамай, ол да Карлагтың өмірін көреді. Сол жылдары Карлагта 3 000 ана болыпты. Кейіннен ол «Менің әкем мен шешем халық жауы емес» деп Мәскеуге қайта-қайта хат жазады. 1957 жылы ақталғаннан кейін Майлиннің балалары жиналады. Бейімбет атамыздың кенже қызы Гүлсімді 15 жасында Талдықорған облысынан табады. Оның аты-жөні Майлина Галина Бейімбетовна болып жазылып кеткен екен, – дейді Дәмен апа.
Осы кешті ұйымдастыруда Бейімбет Майлин қоғамдық қоры аса белсенділік танытты. Қор директоры, жазушының шөбересі Салтанат Мұстафинаға жиналған қауым ерекше алғысын білдірді.