Полигонға жол жабық
Полигонға жол жабық

Қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналуына бай­ла­нысты билік биылғы 1 қаңтардан бастап пласт­мас­са, макулатура, картон және қағаз қалдықтары мен шыны қал­дықтарын полигонға көмуге тыйым салды.

Осы мақсатта Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігі жанындағы қоғамдық кеңес өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторы қыз­метінің стратегиялық даму ба­ғы­тын бекітті.

– Құжаттың басты мақсаты – қалдықтарды кешенді басқару жүйесін дамыту, қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту, сондай-ақ қалдықтардан қай­талама шикізат алу және оны энер­гия көзі ретінде пайдалану бо­­лып табылады. Жекелеген өңір­­лерде тұрмыстық қатты қал­дық­­тарды бөлек тастау жүйесін ен­гізу, сұрыптау желісін қосу, қал­дық­тан энергия өндіретін зауыт құрылысына инвесторлар тарту да қарастырылған. Нәтижесінде, қоқыс полигондарынан парниктік газдардың шығуын азайтып, елі­міз­де көмілетін ҚТҚ көлемін 90 процентке дейін қысқартуға мүм­кіндік береді, – деді ӨКМ опе­ра­торының басшысы Ме­дет Құ­­марғалиев баспасөз мәсли­ха­тын­да.

Көмілетін қалдық көлемін қыс­қарту, қайта өңдеуді ұлғайту және тұтынушы ыдысына депо­зит­тік жүйе енгізу оператор стра­те­гиясында ұсынылып отыр. Яғни, бос ыдысты қайта тапсырған тұты­ну­шы ынталандырылады. Сол ар­қылы тұрмыстық қалдықтарды қай­та өңдеу үлесі артады.

– Нұр-Сұлтан қаласында мек­­тептер арасында жарыс ұйым­дастырдық. №66 мектеп же­­ңіске жеткен бұл сайыста біз оқу­шыларды тазалыққа баулу­ды басты бағыт етіп алдық. Нәти­же­сі жаман болмады. Әр бала өз үйіндегі тұрмыстық қалдық­ты әке­ліп өткізді. Қағаз бен плас­тик­ті бөлек жинаудан түскен қар­жыға ауруханада ем алып жат­қан ба­ла­лар­ға ойыншықтар мен тәт­ті­лер алдық, – дейді М.Құмар­ға­лиев.

Сонымен бірге ескі көліктерді тапсыру бағдарламасын ынта­лан­ды­ру, электр қуаттау бекетінің инфрақұрылымын дамыту, ӨКМ тарапынан өнім қалдықтарын жи­­науға және қайта өңдеуге жұм­са­латын өтемақыны беруге, эко­ло­гиялық таза көліктерді шығару өндірісін ынталандыруға қолдау көрсетілетіні белгіленген.

– Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері енгізілмей тұрғанда қайта өндеу деңгейі 2,7 процент болса, ӨКМ енгізілгеннен кейін оның көлемі 13,2 процентті құра­ды. Оператордың үш жарым жылда атқарған нәтижелі қызметінің бірі – көлік құралдарын қайта өң­деу саласын жаңадан құруы. 2017 жылы Қарағанды облысында Орталық Азияда теңдесі жоқ жо­ғары технологиялы зауыт са­лын­ды. Осы арқылы істен шық­қан көлік құралдарын 90 пайызға дейін кәдеге жаратуға жол ашылды. Құ­нын төлеу және жеңілдік серти­фи­каты арқылы 121 477 көлік қабыл­данып, оның 102 мыңы зауытта қайта өңделді, – дейді ол.

Айта кетсек, ескі көліктерді жою­ға қабылдау бағдарламасы бойынша аймақтардан жиналған авто­көліктер Қарағанды облысын­да­ғы зауытқа жеткізіледі. Істен шық­қан көлік құралдары сол жер­де қайта өңделеді.

Жалпы, жыл сайын елімізде 4,3 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығады. Соның 600 мың тоннаға жуығы – тұтыну ыдыстары. Оның тек 12,5 проценттен астамы ғана қайта өңдеуден өтеді екен.

2017-2019 жылдары опера­тор­дың қолдауымен 120 364 тон­на қаптама қалдығы, 15 060 тон­на полимер, 279 тонна металл ыдыс, 28 406 тонна шыны, 76 619 тон­на қағаз және картон қаптама қал­ды­ғы қайта өнделген.

Еліміздің он аймағында және Нұр-Сұлтан қаласында қал­дық­ты бөліп тастауға арналған 12 196 контейнер қойылған. Қа­зақ­­станның сегіз өңірінде 147 қа­­­былдау пункті ашылып, 28 ар­найы техника сатып алынған бо­латын. 11 аймаққа сынапты шам­­дар мен батареяларға арналған 2 321 контейнер қойылған. Нәти­же­сінде, 2000 жаңа жұмыс орны ашыл­ғанын атап өткен жөн.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ