Сыртқы қарыздың сыры мен жыры
Сыртқы қарыздың сыры мен жыры
192
оқылды

Адам болған соң оны-мұнымызға ақша жетпей қалады. Мұндайда қарыз аламыз, ақшалы болғанда қайтарамыз. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол сияқты мемлекеттер де бір-бірінен немесе халықаралық қаржы институттарынан қарыз алады. Сырттан тартылған қаржыны сыртқы қарыз дейді. Оның ішінде мемлекеттік қарыз да, жеке сектордың қарызы да болады. Бір қызығы, кәсіби экономистердің бір тобы сыртқы қарыздан түбегейлі құтылған абзал дейді. Бұл пікірмен келіспейтіндер де жетерлік. Әрқайсының өз уәжі бар. Қандай уәждің өтімді екенін сараптап көрелік.

Қазақстанның қарызы қанша?

Ұлттық банктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, осы жыл­дың алғашқы алты айындағы жағдай бойынша, Қазақстанның сыртқы борышы 158,3 млрд АҚШ доллары немесе ЖІӨ-ге шаққанда 87,7 пайызды құраған. Сыртқы қарыздың басым бөлігі, әдеттегідей, фирмааралық бере­шекке тиесілі – 63,3 пайыз, ақшамен айтсақ – 100,2 млрд АҚШ доллары. Мемлекет өтейтін қарыз 12,6 млрд, еліміздегі банк секторының сыртқы міндеттемелері 5,7 млрд, корпоративтік сектордың үлестес емес кредиторлар алдындағы қарызы 39,7 млрд АҚШ долларын құрап отыр.

Қазақ технология және бизнес универ­сите­тінің аға оқытушысы, экономика ғылымының кандидаты Сапарбай Жобаев Қазақстанның сыртқы қарызынан қорқудың қажеті жоқ деп санайды. Себебі сыртқы қарыз инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекетке ғана беріледі. Сыртқы қарызы көп он елдің барлығы да дамыған мемлекеттер.

АҚШ-тың Орталық барлау қызметінің Wikipedia ашық энциклопедиясына жариялаған мәліметіне сүйенсек, сыртқы қарызы ең көп ел – АҚШ, қарызы 23 трлн доллардан асады. Одан кейін 14 трлн доллар қарызы бар Еуро­палық Одақ тұр. Алғашқы үштікті 13 трлн дол­лармен Жапония жабады. Одан кейін Италия (2,6 трлн), Германия (2,5 трлн), Люксембург (2,5 трлн), Франция (2,4 трлн), Испания (2,1 трлн), Ұлыбритания (2 трлн) мен Нидерланд (515 млрд) тұр. Осыдан бір жыл бұрын бұл елдердің реттік нөмірі басқа болған еді. Мыса­лы, Ұлбыритания сыртқы қарызын 8,1 трлн доллардан 2 трлн-ға дейін азайтып, төрттен тоғызыншы орынға жылжыды. Еуропалық Одақ 17,9 трлн доллар қарызды 14 трлн доллар­ға азайта алды. Нидерланд 3 трлн долларға жуық қарызын бір жылда 515 млрд долларға азайтса, Жапония, керісінше, 11 трлн доллар­дың үстіне 2 трлн қарыз жамап алды. Бірақ қарызы көп бұл елдердің мұртын балта шауып жатқан жоқ. Себебі олар қарыз ақшаға қалай жұмыс істеуді жақсы меңгерген.

Ал Солтүстік Корея, Түркіменстан, Ауған­стан сияқты кедей мемлекеттерге ешкім қарыз бермейді. Олар қарыз алғысы келмегеннен емес, қарызды қайтара алмайтындықтан, қа­рыз берілмеді. Оларға Халықаралық валюта қо­ры қайырымдылық мақсатта қайтарымсыз қар­жы береді. Ондай қаржылай көмекті тәуел­сіздік алған алғашқы жылдарда Қазақстан да алған.

Сонымен қатар шетелдік инвесторлар қарызды жеке секторға құюға ынталы болып келеді.

– Мысалы, Өзбекстандағы банктердің бәрі мемлекетке тиесілі. Ал шетелдік инвесторлар мемлекеттік банк десе, ат-тонын ала қашады. Сондықтан Өзбекстан билігі сырттан инвестиция тартуға мүдделі болса, әуелі заңнамалық базасын жетілдіріп, банктерді жеке секторға беруі тиіс. Ал оған біраз жыл қажет болады, – дейді экономист С.Жобаев.

 

Ұлттық қор арқылы қарыздан құтылу керек пе?

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Стра­тегиялық бастамалар форумында эконо­мист Олжас Құдайбергенов экономиканы көтеру үшін сыртқы қарыздан құтылу керек деп мәлімдеді. Бұл мақсатта Ұлттық қордағы қаржыны пайдалануды ұсынды. Ал сол жиында сөз алған мемлекеттік орган өкілі Тимур Сүлейменов сыртқы қарыз, керісінше, эко­номиканың қозғаушы күші екенін жеткізді. Біз осы екі пікірге қатысты сарапшылардың ойын сұрадық.

– Қазақстанның сыртқы қарызының басым бөлігі Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропа даму және қалпына кел­тіру банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарынан алынған. Бұл институттар бізге қарызды 20-30 жылға 0,5-1 пайызбен берген. Егер бұл қарыз­ды Ұлттық қордағы ақшамен құтылсақ, қор­дағы қаржы азайып кетеді. Ал кез келген мем­лекет немесе халықаралық ұйым бізге қарыз берерде Ұлттық қор, Ұлттық банк пен Зейнета­қы жинақтаушы қорымызды қарайды. Кепіл­ден­дірілген ақшасы бар мемлекетке ғана қарыз бере алады. Оның үстіне, Ұлттық қордағы ақшаны 0,5-1 пайызға алған қарызды жабуға жұмсағаннан гөрі, шетелге жоғары пайызбен инвестиция құю арқылы пайда табуға жұмсаған әлдеқайда тиімді, – дейді С.Жобаев.

Экономист Бауыржан Ысқақов та сыртқы қарызды Ұлттық қордағы ақшамен жабуды қолдамайды.

– Мен бұл пікірге қосыла алмаймын. Өйткені Ұлттық қордың басты мақсаты – бо­лашақта мұнайдан түсетін түсімдер тоқтағанда болашақ үшін жұмсалатын инвестиция жинақтау. Біз оны қазіргі билік жинап алған қарызды жабуға жұмсасақ, болашақтың жолын жауып тастаймыз. Ұлттық қордағы қаржы жылына 3-4 есе пайда әкелсе де тұруы керек. Біздің қазіргі тікелей міндетіміз – сырттан алынған қарыздың қайтарымдылығын қамтамасыз ету, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарына экономикасы тұрақты, инвестициялық тартымдылығы жоғары мемлекет ретінде танылды. Мұны түрлі рейтинг агенттіктері де растайды. Бірақ солай екен деп есепсіз қарыз алуға тағы болмайды.

– Ең маңыздысы – қарызды қандай мақ­сатқа алатынымызды айқындап алу. Мысалы, Грекия 2004 жылы Олимпиада өткізуге 10 млрд доллар қарыз алып, кейін оны қайтара алмай дефолтқа дейін барды. Сондықтан кез келген қайтарымдылығы есептелмеген қарыздың соңы үлкен экономикалық дағдарысқа алып келетінін ескеруіміз қажет. Қазіргі күні Қазақ­стан негізінен инвестжобаларға қарыз алады, олай болса сол жобалардан бірнеше есе пайда табу үшін жұмыс істеуіміз қажет, – дейді ол.

 

Қытай қарызынан қауіп бар ма?

Сыртқы қарыз туралы сөз болса, жұрт ең әуелі Қытайды сөз етеді. Қытайдан қарыз алу – қытайға бас ию деп қабылдайтындар бар. Ал Сапарбай Жобаев бізге Қытайдан бұрын Нидерланд туралы ойлануға кеңес береді.

– Шындығында, Қазақстанға ең көп қарыз берген мемлекет – Нидерланд. Бұл ел – Қаша­ғандағы негізгі инвесторымыз. Егер Нидерланд Қашағанды тастап кетемін десе, бұл елмен арамыз басқаша болуы мүмкін. Олар миллиард­тар салып, ештеңе өндіре алмадық деуі мүмкін ғой. Сондықтан кез келген елден қарыз алғанда тепе-теңдік сақталуы қажет. Ол Нидерланд бола ма, Қытай бола ма немесе АҚШ пен Ресей бола ма, алған қарыздың балансын 15-20 млрд доллардан асырмасақ, ол мемлекеттермен ара қатынасымыз шиеленіс­пейді, – дейді.

Ал Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, Қытайдан қарыз алғанда жасалатын шарттарға мән берген жөн.

– Қытай қарызымен қоса, технологиясы мен жұмыс күшін әкелетін ел. Сондықтан сырт­тан қарыз алу кезінде нақты шарт қоя бі­л­уіміз қажет. Яғни, қарыз берген соң, оны жүзеге асырушы экономикалық орындаушы жергілікті кадрлар – қазақстандықтар болуы талап етілуі тиіс. Бір ғана Астана ЛРТ жобасын айтайын, осы нысанды салу кезінде Қытай орталық банкінен қарыз алынды. Ал жобаға тартылатын 3 мың адамның 2 жарым мыңы Қы­тайдан әкелінді. Былай қарағанда, Қытай бұл жобада екі жеп биге шыққысы келді, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда әлемнің бірқатар мемлекеттері Қытайдың алдындағы қарызын жаба алмай, пұшайман халге түскен.

– Алысқа бармай, көрші Қырғыз Респуб­ликасын алайық, бұл ел Қытайға қарызын қайтара алмайтын мемлекет ретінде тіркеліп отыр. Тәжікстан да Қытайдан алған несиесін қайтара алмағандықтан, көмір мен алтын кенішін игеруді Пекинге беруге мәжбүр. Шри-Ланка қарызын жаба алмаған жағдайда өзінің бір айлағын Қытайға 99 жылға пайдалануға бермек. Осындай тұстарға абай болуымыз керек. Себебі еліміздің батысындағы ірі мұнай кеніштеріндегі қытай инвестициясы өте жоғары, – дейді Бауыржан Ысқақов.

 

Түйін:

Сарапшылар сөзінен түйгеніміз, алпауыт елдермен экономикалық қарым-қатынас жасағанда, бірінші кезекте келісімшартқа жауап беретін тұлғаларды анықтауымыз керек, себебі ұзақмерзімді қарызды бүгінгі билік алғанымен, оны қайтару екінші билікке жүктелуі мүмкін. Ал екінші билік қарызды қайтара алмаса, Ұлттық қорға қол салуға тура келеді. Мысалы, зауыт ашамыз деп инвестиция алдық па, соған жауапты тұлғалар зауыт халықтың игілігіне жұмыс істегенге дейін жобаның басы-қасында болуы керек. Уақытша, акциялық шаралар үшін сырттан қарыз алу дефолттық жағдайға ұшырататынын ұмытпау да – бір сын. Сонымен қатар сыртқы борыштағы мемлекеттік қарыздың республикалық бюджеттен өтеу үшін қарастырылған қаржы көлемінен асып кетпеуін қадағалау да маңызды.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ