Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы лауазымды және басқа тұлғаларына қатысты тергеуге кедергі келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі. Комитет 23 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігінің лауазымды және басқа тұлғаларына қатысты тергеуге кедергі келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 407-бабы 3-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Бұл тұлғалар қылмыстық процестің қатысушылары емес, Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеудің барысы мен нәтижелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты заңсыз жинақтау, беру және жариялау арқылы тергеуге кедергі келтірген», - делінген хабарламада.ҚР Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 201-бабының 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жарияланбайды.