2020 жыл – бұрын ешқашан болмаған бетбұрысымен адамзат тарихында дараланып қалмақ. Әрине, әңгіме пандемия жайында. Рас, бұрын оба, қорасан-шешек, тырысқақ-холера, «испанка» тұмауы секілді алапат эпидемиялардың жаһанға тұтас жайылған кездері болды. Алайда әлемдік деңгейде пандемия жариялануы, барлық мемлекеттің шекараларын тарс жабуы, халықаралық туризмге, жолаушылар тасымалына тосқауыл қоюы, індетпен дүниежүзілік деңгейде күресуі – тарихта тұңғыш рет болып отыр.
Сарапшылар Қазақстан бұл сыннан лайықты өтіп келе жатқанына сенімді. Бір мысал, коронавирус инфекциясына шалдыққан адамдардың егжей-тегжейлі санағын, жаһандық статистикасын жүргізетін АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінің дерегіне қарағанда, коронавирус жұқтырған азаматтардың саны жөнінен Қазақстан қазір 57-орында тұр. Дегенмен медицинада кез келген індеттің қауіп-қатері әр миллион адамға шаққанда вирус жұқтырғандардың үлесімен салмақталатыны мәлім. Бұл ретте Қазақстанда 1 миллион адамға шаққанда COVID-19 сырқатының саны 8,1 мың адамнан келеді. Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сенсек, осы көрсеткіш жөнінен Қазақстан тізімге кірген 220 ел ішінде 106-орынға орналасты. Бірде-бір ірі державаның көрсеткіші бізден жақсы емес.Қорқынышты болжам ақиқатқа айналмады
Әрине, бұл жерде 153 мыңдай қазақстандықтың осы дертке душар болғаны, 2,2 мыңнан астам азаматтың қайтыс болғаны көңілді жабырқатады, қабырғаға батады. Бірнеше ғасыр бойы басы өспеген қазақ үшін дүниеден озған әр отандасымыздың орны бөлек. Сонымен бірге сарапшылар айтқан ең қорқынышты сценарийдің жүзеге аспағаны жұбатады. Ол қандай сценарий? Ол жайында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой биылғы 16 қазанда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен онлайн кездесу кезінде айтып берген болатын. Соның алдында, тамызда министрлік коронавирусқа шалдыққандар санын болжап, тиісті дайындық шараларын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды. Халықаралық мамандар тартылған сол топ эпиджағдайдың түрлі нұсқасын түзді. Жұмыс тобы болжағандай, ең оптимистік сценарий бойынша 2020 жыл соңына дейін ауруханаларда тәулігіне 10 мың адам емделуге жатқызылады. Реалистік сценарий бойынша 2021 жылғы қаңтарда Қазақстанда толық локдаун енгізілуі мүмкін: өйткені тәулігіне 30 мың науқас ауруханаға жеткізіледі. Ал пессимистік сценарийге сай, 2020 жылғы желтоқсаннан бастап тәулігіне 65 мың науқас емделуге мұқтаж болады. Онда елде ең қатаң карантин енгізілуі ықтимал. – Бұл сценарийдің орындалу-орындалмауы, сондай-ақ шектеу іс-шараларының ауқымы адамдардың әлеуметтік арақашықтық пен бетперде режимін сақтауына тікелей байланысты болады. Осы талаптарды толық орындаған жағдайда қатаң карантиннің қажеті болмайды, – деді министр А.Цой. ДСМ хабарлауынша, 29 желтоқсанда Қазақстанда жалпы саны 22 322 адам коронавирус инфекциясынан (10 248-і –КВИ+ және 12 074-і – КВИ-, яғни пневмониядан) емделуде. Солардың ішінде 5 104 науқас стационар-ауруханаларда жатыр. Қалған 17 218 науқас амбулаториялық деңгейде, үйлерінде ем қабылдауда. Кешегі бір тәулікте 739 жаңа сырқат тіркелді. «КВИ+, КВИ- шалдыққан арасында 252 адамның жағдайы ауыр. 49 науқастың жағдайы өте ауыр, 44-і өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», – деді Денсаулық сақтау ведомствосы.«Жаудың» бетін жауапкершілік қайтарады
Жаһандық пандемияны қазақ елінің абыроймен еңсеріп келе жатқанын ДДСҰ сарапшылары атап өтіп, жоғары баға берді. Бірақ бұл мемлекетімізге оңай болмады. Бастапқыда болашақ мүлдем бұлыңғыр, ел тағдыры тұманды болып көрінді. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет 16 наурызда бүкіл республиканы тұтас қамтыған төтенше жағдай жариялады. Ол 11 мамырға дейін созылды. Азаматтарға өмірлік қажеттіліксіз көшеге шығуға тыйым салынды. Қалалар блок-бекеттермен жабылды. Оны орман, өзен-көл, ашық дала арқылы айналып өтпекші болғандар ұсталып, әкімшілік айыппұлмен жазаланды, кейбірі бірнеше тәулікке тұтқындалды. Елде дүкен мен дәріханадан басқасы жұмысын тоқтатты. Шекаралар тарс бекітіліп, азаматтардың сыртқа шығуына, шетелдіктердің елге кіруіне шектеу қойылды. Әлеуметтік желілерде аузы-мұрнынан шыға, лық толған ауруханалардың жедел жәрдем әкелген сырқаттарды қабылдамай қойғаны, сырқаттардың бөлмелерге сыймай, дәліздерде жатқаны, тіпті жүздеген көрдің алдын ала қазылып жатқаны бейнеленген үрейлі видеороликтер тарады. Оның бәрі бірдей фейк емес, өмір шындығы болатын. Қазақстандықтардың қайғысына құлақ қойған ел Президенті өз шешімімен 13 шілдені коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сол тұста Қазақстанда COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 59 899 адамға, опат болғандар саны 375 адамға жеткен еді. Жалпыұлттық аза тұту күні уайым-қайғыға беріліп, жүнжуге емес, керісінше пандемиямен күресте билік пен халықтың бірігуіне, ортақ мақсатқа жұмылуына септескендей. Осыдан кейін азаматтар әлеуметтік алшақтықты сақтаудың, үнемі қол жуудың, бетперде киюдің азап та, мазақ та емес, өмір мен денсаулықты қорғау үшін қажет екенін түсінді. Қазақстандықтардың көпшілігінің жауапкершілік танытуы; өзгенің өмірі үшін соңғы сәтке дейін алысқан дәрігерлеріміздің жанқиярлық ерлігі; Елбасының тапсырмасымен аз қамтылған отбасыларға, қарияларға көмек, азық-түлік, қорғаныш заттарын жеткізген волонтерлердің сүбелі үлесі арқасында індеттің беті қайтты. Бүгінде КВИ сырқаттарды жатқызуға жұмылдырылған барлық қонақүйлер мен басқа да ғимараттар босатылды. Өзге ауруханалар да коронавирусқа бейімделуден құтылып, бейінді аурулардан емдеу қызметіне оралды. Біраз өңірде провизорлық стационарлар жабылып, дәрігерлер мен медбике-санитарлар бұрынғы қызмет орындарына таратып жіберілді. COVID-19 инфекциясынан емдеу инфекциялық, фтизиопульмонологиялық ауруханаларда жүргізілді. Елге баса-көктей енген қауіп-қатермен алғашқы болып бетпе-бет келген, әлі бітіп құлағанша арпалысқан ақ халатты абзал жандардың 13 мыңнан астамы осы вирусқа душар болды. Соның ішінде 182 дәрігер мен медицина қызметкері КВИ-мен соңғы демі қалғанша күресіп, өмірден озды. Біздің есімізде олар нағыз батыр болып мәңгі қалады. Дәрігерлік борышын әрі қарай атқарып жатқан әріптестері пандемияны түпкілікті тоқтату үшін тәулік бойғы жұмысын жалғастыруда.Түнектен күнгейге бетбұрыс
Бұл індетке тосқауыл қою үшін батыл, тегеурінді, қалыптан тыс шара қажет еді. Ел басшылығының қолынан ол келді. Әйтпесе, карантин кесірінен Қазақстанның экономикасы қатты құлдырап, кәсіпорындар дағдарып, ел жұтауы ықтимал еді. Коронавируспен күреске, экономика мен бизнесті қолдауға жалпы ауқымы 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Birgemiz жалпыұлттық бастамасы қысқа мерзімде көптеген қайырымды жанды біріктірді: олар мұқтаж жандарды қорғауға алды, соның арқасында халық аштан өлмеді, көштен қалмады. Кәсіпкерлер де күреске жұмылдырылды. Бетперде, антисептик және басқа қорғаныш заттарын, ӨЖЖ аппараттарын өз елімізде шығаратын кәсіпорындар шұғыл ашылды. Сәуірде ПТР әдісімен тестілеу басталғанда елде тек жалпы қуаты 6 000 тестті құрайтын 19 зертхана болыпты. Қазір КВИ диагностикалайтын 132 жеке зертхана тәулігіне 100 мыңға дейін зерттеу жасайды. 2020 жылдың күзіне қарай торығу түнегінің түндігі түрілгендей болды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Қазақстанның ЖІӨ-і қаңтар-қараша айларында 2,8%-ға ғана төмендеді. «Бұл ретте экономиканың ұстыны – тауар өндіретін нақты секторлар 2%-ға өсті. Нәтижесінде, 2020 жылдың қарашасының қорытындысында Қазақстан экономикасының динамикасы алдыңғы айларға қарағанда жоғары болды. Экономиканың жақсаруына ықпал еткен негізгі факторлар – өндіруші емес секторларға инвестициялардың құйылуы, экономиканың несиелендірілуі, нақты сектордың өсуі, қызмет көрсету салаларының жандануы, сондай-ақ мемлекеттің экономиканы қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруы болды», – деді бас экономист. Оның пайымдауынша, экономика қалпына келуде. Әйткенмен, жеңісті тойлауға әлі ерте. Әлемде коронавирустың анағұрлым қауіпті жаңа штамы – «британдық індет» тарауда. Оның үстіне, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың мәліметінше, КВИ-ге қатысты жаһандық жағдай қолайсыз болып тұр. Әлемнің 218 елінде 81,7 миллионнан астам адамда КВИ тіркелді, соның ішінде 1 млн 783 мыңнан аса адам қайтыс болды, бұл 2,2%-ды құрайды. «Қазақстанда сауыққандар үлесі 87%-ға жетті. Ал маусым-шілдеде бұл көрсеткіш 60%-дан аспайтын. Дегенмен елімізде эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақсыз. Республикамыз қаупі төмен «жасыл» аймақтан – орташа қауіпті «сары» аймаққа ауысты. Жоғары қауіпті «қызыл» аймақта Атырау, Қостанай облыстары қалды. Тағы 5 өңір: Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Ақмола, СҚО және Павлодар облыстары – «сары» аймақта», – деді ол. Елімізде КВИ-мен ауыратын науқастарға медкөмек көрсету үшін 51 126 төсек-орын дайындалған. Олардағы төсек-орынның 29%-ында, реанимациялық төсек-орынның 19%-ында науқастар жатыр. Әкімдіктер өңірде карантин шараларының сақталуын бақылауда. Карантин режимін бұзушылар – жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер ұсталып, жазалануда. Егер алдағы жаңажылдық каникулда қазақстандықтар талап пен тәртіпті сақтаса, онда пандемиямен күрестің жетістіктері одан әрі көбейіп, бақуатты болашақтың жарқын күндері жақындай түсері даусыз.