Медицина сынға түскен жыл

Медицина сынға түскен жыл

Отандық медицина үшін осы жыл сынаққа айналды. Олай дейтініміз ақ халатты абзал жанның талайы өзгенің өмірін сақтау жолында өз өмірімен қош айтысты. Кейбірі аурухана қабырғасында жүріп, вирус жұқтырды. Бірнеше ай отбасынан жырақта жүруге мәжбүр болды. Демек, биыл отандық медицинаның кемшін тұстары көрініп, артықшылықтары көзге түсті десек,  артық болмайды.

Қағазбастылық азайды

«Денсаулық – зор байлық» екенін шын мәнінде ұғындырған жыл болды. Қанша адам жақынынан айырылды, қанша адам дәм мен иіс сезуден қалып, кеудені толтыра жұтқан ауа­ның қадірін түсінді. Әсіресе, күн-түн демей кезекшілікте болып, бет-аузын жапқан ме­дициналық бетперде қан­ша қажаса да, науқастардың жағ­дайын жасап зыр жүгірген дәрігер­лердің қадірін білді. Бастап­қыда мұндай тосын жағдайға дайын бол­май, есеңгіреп қалғандай сезіл­гені­мен, меди­ци­намыздың қазір мы­ғым бола түс­кені айдан анық. 2013 жылы «Ақпараттық Қазақ­стан-2020» мемлекеттік бағдарла­масының аясында 2013-2020 жыл­дарға арналған электронды ден­саулық сақтауды дамыту кон­цеп­циясы қолға алынған еді. Соның дер кезінде ай­тылғанының, бекі­тіл­генінің ар­қа­сында қазір көп ол­қылықтар жойыл­ды. Аталған кон­цепция 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдар­ламасында қолдау тауып, артынша алдағы 5 жылдыққа бағыт­талған бағдарламаға жалғасты. Биыл Денсаулық сақтау ми­нистрлігі сол Кон­цепциясының қан­шалықты жемісті бол­ғанына қо­рытынды жа­саған болатын. 7 жыл уақыт ішінде мемлекеттік ме­дициналық мекемелерге ақпа­раттық жүйе енгізілді. Соның арқа­сында бүгінде қа­ғазбастылық бұ­рынғымен салыстырғанда едәуір азайды. Мысалы, емханаға бара қалсаңыз, қаптаған қағаз толтырып отырмайды. Барлығы компьютердегі арнайы бағдарламада көрініс табады. Тіпті, тапсырған анализіңіздің нәти­жесін де сол жерден көріп, кез келген уақытта көрсете аласыз. Бұған қа­зақстандықтар біршама үйренісіп те қалған. Себебі қосымшаны телефонына жүктеп алып, дәрі­герге қаралу үшін сол жерде жазылып, ма­манды үйге шақырып, өзге де өзіне қажет медициналық ақ­паратты сыртқа шық­пастан біле алады. Мұның бәрі біздегі меди­цинаның даму қарқыны жақ­сарып келе жатқанының дәлелі бола алады. Әрі қағазбастылықты, адамның қатысын азайту арқылы ашық­тыққа қол жеткізуге болатыны белгілі. Со­нымен бірге қате жіберу де азаяды.

ТМД елдері арасында біз үздікпіз

Тағы бір айта кететін жайт, осы жылы әлемдегі алпауыт Numbeo деректер базасы денсаулық сақтау деңгейінің рейтингін жариялаған еді. Қазақстан 93 елдің ішінде 53-орынға жайғасты. ТМД елдері ішінде көш бастап тұрғанымызды атап өту керек. Қазақстанның көрсеткіштері Бе­ларусь (59-орын), Ресей (63-орын), Ук­раина (78-орын) және Әзер­байжаннан (91-орын) жоғары екені белгілі болып отыр. Бұл рейтинг қа­лай құрылады десеңіз, мұнда денсаулық сақтау жүйесі жұмыс­тарының сапасы, жабдықтардың болуы, меди­циналық қызмет­кер­лердің кәсіби білігі, емханалардың қызмет көрсету құны және осы сын­ды бірнеше критерийлер бойынша бағаланады. Бұл тізімдегі көшбасшы бес мемлекетті де айтар болсақ, Тай­вань, Оңтүстік Корея, Франция, Жапония және Дания.

Пандемияда дәрігерлерге қандай көмек көрсетілді?

Ел ішінде вирус күшейіп тұрған сәтте дәрігерлер қаймықпастан «майданда» жүрді. Кейбірі науқасты емдеймін деп өздеріне де жұқтырды. Олар мемлекет назарынан тыс қал­мады. Қазақстанда эпи­де­мио­ло­гиялық ахуал жақсарғанға дейін медицина қызметкерлеріне өтемақы төле­ніп, үстеме жалақы берілді. Бұл науқан 20 қазанға дейін жалғасып, бүгінде тоқ­та­тылды. Ал қызмет барысында өмірден өткендердің отбасына 10 миллион теңгеден төленді. Тәуекелді топтың үш түріне жа­татын дәрігерлерге үстеме қосылып жатыр. Мы­салы, «өте жоғары» дең­гейдегілер деп инфекциялық ста­цио­нарлар, жансақтау бөліміндегі дәрі­герлер жатады. Оларға негізгі жа­лақыға қоса 850 мың теңге беріледі. «Жоғары» деңгейдегілер са­натына провизорлық орталықтар мен жедел жәрдем қызметкерлері жатады, айлыққа 425 мың теңге қосылады. «Орта» деңгей­дегілер деп карантин ста­цио­нарлары қыз­меткерлері, са­нитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері са­налады. Оларға 212,5 мың теңге үсте­меақы төленді.

Дәрігер мәртебесі

Қашанда мұғалім мен дәрігердің мәртебесі биік болуы керек деп айтамыз. Бірақ іс жүзінде осы екі санаттағы қызметкерлердің тиісті құрметке ие бола алмай жүргені жа­сырын емес. Тіпті, пандемия бас­талғанда ақ халаттыларға деген сенімсіздіктің жоғары деңгейде болғанын да байқадық. Олардың кәсіби білігіне де көпшілік аса сен­бейтінін ашық айтып келді. Әйтсе де, бұл жыл медицина қызмет­кер­лерінің мамандана түсуіне, кәсібіне жауап­кершілікпен қарауына оң әсер етті десек, артық емес. Себебі өмірі қыл үстінде жатқан әр науқас үшін барын салды. Бүгінде елімізде 4 мың­нан астам дәрігер тапшы екен. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде дәрігерлердің же­тіспеушілігі анық көрінді. Осы ретте қа­зақ­стандық денсаулық сақтау са­ласына білікті мамандар керегін атап өту қажет. Соның ішінде анес­тезиолог-реа­ниматолог, те­рапевт, акушер-гине­колог, ин­фек­ционист сынды ма­мандар өте тапшы деседі. Одан бөлек, 8 мыңнан астам медбике қажет екен. Бұл тапшылық не нәрсеге бай­ла­нысты? Еңбекақы төлеу жүйе­сінің жолға қойылмауы, құқықтық тұр­ғыдан дәрі­герлердің қорғалмауы, жалпы дәрігер мамандығына деген қызы­ғушылықтың аз болуы, әлеу­меттік қолдаудың жет­кі­ліксіздігі се­беп болып отыр. Меди­циналық мекемедегі жұмысынан кетуіне себеп ретінде көпшілігі осыларды атайды. Әрі кәсіби тұрғыда өсудің де болмауы кадр­лардың азаюына әкеліп соғады. Сонымен бірге ауыл мен қаладағы ахуал әртүрлі. Бүгін оқу орнын бі­тірген жас маман ауылға баруға құл­шынбайды, керісінше үлкен қалада жүргісі келеді. Бұл болса, өз ке­зегінде ауылда маман­дардың, білікті дә­рігерлердің бол­мауына себеп болып отыр. Тіпті, ауысып келген күннің өзінде көп ұзамай қалаға кетіп қа­лады. Себебі ауылда мүмкіндік аз, жағдай жа­салмаған. Осыған бай­ланысты бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, ауылдағы дәрігерлердің де жағдайын жасауды дереу қолға алған жөн.

Айша ЕРСҰЛТАН