Жыл үздіктері
Жыл үздіктері
759
оқылды

2020 жыл  тосын жайттарға толы жыл ретінде тарих қойнауына енеді. Басқасын былай қойғанда, «биыл мәдениет пен спортта қандай жаңалық болды?» деп сұраса тосылып қаламыз. Өйткені көптен күткен Токио олимпиадасы кейінге шегерілді. Бірнеше халықаралық ән байқаулары мен спорт сайыстары кейінге қалдырылды. «Осы фильм касса жинайды-ау» дегенде кинотеатрлар жұмысын тоқтатты. Еске түсірсек,  наурыз айында Айқын Төлепберген Qazaqstan орталық концерт залында ән кешін өткізіп үлгерген екен... Десек те, жылды қуанышты нотада қорытындылауды жөн көрдік. Төтенше жағдай мен карантин «тиынның екінші жағы» барын көрсетті. Карантиннің арқасында Луврды онлайн аралап, әншілердің концертін тікелей эфирден тамашаладық. Әлемдік байқаулар да онлайн форматта өтті. Жылды қорытындылай келе, «Айқын редакциясы  үздіктерді анықтауды ұйғарды.

Әдетте мұндай рейтингті «Жыл киносымен» бастайтынбыз. Жоғарыда жазғандай, биыл кинотеатрлар жабық болғасын еліміздегі үздік кинокартинаны дөп басып айту қиын. Сондықтан бірінші болып «Жыл маманын» анықтаймыз.

«Жыл маманы» – дәрігер

Иә, шынтуайтына келгенде, жұрт жыл бойы «пандемия және карантин» фильмін тамашалаған сияқты. Ал ондағы басты кейіпкер – дәрігер, мұғалім, полицей. Сіздіңше жылдың маманы атануға кім лайықты? Мәселен, полицейлер коро­навируспен күресте мұғалім, дәрі­гер­лермен қатар еңбек етті. Қала мен ауылдағы блок-бекеттерді бақылап, дүкендер мен дәм­ханалардың жұмыс істемеуін қадағалады. Карантинде үйде отырып іші пысқан «еркетотайларды» тезге салу да олардың міндеті-тін. 25 мамыр күні болған оқиға есіңізде ме? Блок-бекеттен көлік өтіп кетпеуін қадағалап отырған екі полицей қаза тапты. Өңірлерде осыған ұқсас жағдайлар қаншама? Расымен, биыл полиция қызметкерлері кинодағы қа­һарман кейіпкерлердің біріне айнал­ғандай әсер қалдырды. Сондықтан олардың «Жыл маманы» аталымында үздік үштікке кіруі заңды.   Ал 2-орын – мұғалімдердікі. Елес­тетіңізші, ТЖ кезінде ұстаздарға берілген бұйрық «6 сәуірде галактикаға өзге ға­ламшарлықтар шабуылдайды. Алдыңғы шепте педагогтар тұрады» дегенмен жапсарлас еді. Осыған дейін электронды оқу туралы естігенімен, практикада қол­данбаған олар іске кірісіп кетті. Сөйтіп, биыл 3,5 миллионнан астам оқушы қашықтан білім алды. Интернеті жоқ, «ит арқасы қияндағы» өңірге поштамен тапсырма жіберіп, Қазпошта қызметкерін күтумен күні өтті. Балаларға онлайн тапсырма беруден бөлек, WhatsApp-қа келетін ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларын қағазға шығарып, кері байланыс жасап, есеп тапсырудың әуресі бар. Инфекция таралуы бір қалыпқа түскесін қауіпке қарамастан кезекші сынып ашып, білім берген де – ұстаздар. Сонымен, рейтингіміздегі «Жыл ма­маны» аталымы дәрігерлерге бұйырды. Өйткені олар бастапқыда аты бол­ғанымен, емі мен заты белгісіз індетпен күресті. Жауапкершіліктен жалтармады. Полицей мен мұғалім жақындарының жанында жүріп еңбек етсе, дәрігерлер жырақта жүрді. Айлап, апталап бала-шағасын, ата-анасын көрмеді. Ойлағаны – вирус жұқ­тырмай, жақынына жанашыр болу. Күн-түн демей дамыл таппаса да, аурухананың темір төсегінде жатса да, скафандр мен керзі етік киіп жүрсе де мойыған жоқ. Себебі кеудеде «еліміз індеттен аман шықса екен» дейтін тілек бар. Соның ішінде «Жедел жәрдем» қызметкерлері, кіші және аға медицина қызметкерлері халықтың талап-тілегін денсаулығынан биік қойды. Шақырған жерге лезде жетіп, барынша көмек қолын созуға тырысты. Содан да болар, қазір елдің ақ халатты абзал жандарға деген көзқарасы өзгерген. Дәрігерлер – өмір арашасы.

«Жыл актері» – Данияр Алшынов

Кинотеатрлар жұмысын тоқтатпай тұрып, бірді-екілі фильм жарық көрді. Соның ішінде «Жаным, ты не поверишь» көптің көңілінен шығып үлгерген-ді. Ал фильмде басты рөлді сомдаған Данияр Алшыновтың актерлік шеберлігі тағы да таңдай қақтырды. Себебі одан бұрын шыққан «Қап-қара адам» киносына әлем бас бармақпен баға берген-ді. Қуа­ныш­тысы, осы рөлі үшін ол European Cinematography Awards байқауында «Үздік актер» атанды. Бұл ғана емес, актердің еншісінде бірнеше жүлде бар. Сондықтан Ал­шыновты «Жыл актері» дегеніміз жөн. Даниярдан кейін рейтингте Жаһан Отарғалиев тұр. Иә, ол халықаралық байқауда жүлдегер атанған жоқ. Сомдаған рөлдерінің саны да аз. Бірақ әзілкеш әрі актер табандылық жеңіске жол бас­тайтынын дәлелдеді. Сахна сыртындағы қыруар еңбектің ақталатынын көрсетті. Әрі жақында ол «Батыстың қарапайым баласы» атты видео-кітабын шығарды. Оның кино әлеміндегі тағдырымен видео-кітап ар­қылы таныса аласыздар. Ал бізге қажеті – My love is Aisulu мен «Түркиядағы қазақша бизнес» фильмі. Кейінгісі әлі жарыққа шықпады. Алайда фильмде Жаһан Отар­ғалиевтің рөлі барын білеміз. Өйткені көрермен қауым оны My love is Aisulu кинотуындысынан жақын таныды. Тіпті, «фильмді алып шыққан Жаһан» дейтін пікірлер де болды. Жалпы, Отарғалиевтің рейтингте 2-орын алуына актердің ай­налдырған 2 жылда 5-6 шақты фильмге түсіп, жанкүйердің жүрегін жаулағаны себеп болды. Үздік үштікті түйіндер актерге келсек, ол – Дулыға Ақмолда. Актердің өзінен бұрын көзі сөйлейтіні бар. Оның таланты мен бекзат болмысына талайлар тәнті болған-ды. Біз «Ұлы дала зары» фильмін көргенде Дулыға Ақмолданың өз биігінен төмендей алмасына көзіміз жетті. «30 жыл ойран мен 40 жыл қырғынды» таспалаған режиссердің таңдауы аталған актерге түскенін айтсаңызшы. Егер «Ұлы дала зары» фильмі «Оскар» жүлдесінің қысқа тізіміне енетін болса, қазылар алқасы Дулыға актердің рөліне қол соғары анық.

«Жылдың жаңа есімі» – Имамбек Зейкенов

Осыдан біраз жыл бұрын «Ақсу қаласында жұмыс істейтін теміржолшы әлемдік «Грэмми» жүлдесіне үміткерлер тізіміне енеді» десе сенер ме едіңіз? Әй, қайдам. Бірақ 2020 жылдың кейбір тұсы Disney туындыларына ұқсап кетті. Білесіз бе, Имамбек Roses әніне жазған ремиксін Вконтакте желісіне әдейі күндіз жүктеген. Өйткені вокалы ұнамаған екен. Бас­тапқыда ремикске 10 адам лүпіл бас­қанымен, кейіннен атақты Emporio Armani паблигі Имамбектің ремиксін жариялайды. Осылайша, ремикс Spotify-де миллиард қаралым жинап, 2020 жы­лдың үздік 5 әнінің тізіміне енді. Ол-ол ма, Shazam тарихындағы атақты ком­позициялар түзілімінде 18-орынға ие болды. Міне, енді қазақ баласы «Грэммиге» иелік етуі мүмкін. Оның жүлде алу-алмауы белгісіз. Бірақ «Жылдың жаңа есімі» екені анық. Тек елімізде ғана емес, музыка әлемі үшін де Иманбек Зейкенов – жаңа есім. Зейкеновтан кейінгі «Жылдың жаңа есімі» – Жайдарбек Күнғожинов. Иә, каскадерлік трюктерден хабары бар адам үшін жаңа есім емесі анық. Ал қарапайым көрермен үшін Күнғожинов – жаңа есім. Ол – Nomad Stunts каскадерлік тобының жетекшісі, каскадер. Сондай-ақ әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығының иегері. Білсеңіз, бұл атақ ел арасында каскадерлік «Оскар» деп аталады. Күнғожинов жүлдені «Томирис» фильмін­дегі трюктері үшін алған. Расымен де, фильмдегі соғыс сахналары шетелдің мен деген туындыларынан еш кем емес. Рейтингтегі 3-орын Талдықорған тумасы Мадияр Оңалдинге бұйырды. Оның Femme Like U әніне жазған ремиксі Apple Music-те миллион рет тыңдалды. Эмма Питерспен жасаған колобрациясы жазда ән-шерулердің көшін бастады. Оңалдиннің ремиксі де Shazam рейтингісі бойынша он шақты елде 1-орынға шығып, көпшілікті қуантты. Сөйтіп, тағы бір қазақ баласы музыка әлеміне сәтті қадам жасады.

«Жылдың жас әншісі» – Қарақат Башанова

Рейтингті бір адам жасамайтыны анық. Сондықтан редакция «Жыл ән­шісін» анықтар тұста көпке дейін бір шешімге келе алмады. Карантин мен пандемия жылы болғасын эстрада ән­шілері хит туынды шығарғанын бай­қамадық. Бірқатарында кішігірім шығармашылық тоқырау болған сыңай­лы. Сондықтан «Жыл әншісін» емес, «Жылдың жас әншісін» анық­тағанды жөн көрдік. Бұл аталымның иегері Қарақат Ба­шанова екені сөзсіз. Себебі ол ха­лықаралық Junior Eurovision ән бай­қауында 2-орын алды. Жас әншінің әкесіне арнап айтқан әні көпшілікті бейжай қалдырмады. Әсіресе, Еуропа Қарақаттың сезім тол­қынысын жоғары бағалады. Содан ба, халықаралық бай­қауда оған ел тұрғын­дарынан гөрі шетелдіктер көп дауыс берген. Байқаудағы Forever әніне жасалған сах­налық кө­ріністің өзі бөлек әңгіме. Сахна Қа­рақаттың ерекше үнін, бейкүнә көз­қарасы мен ұяң болмысын демеп тұр­ғандай. Не болса да, тағы бір талантпен толыққан жыл құтты болсын, қазақ өнері! Тізімнің келесі сатысында Данэлия Төлешова тұр. Алдағы 2-3 жылда Данэлия жас әнші емес, «Жыл әншісі» аталымына таласары анық. Өйткені шетелдіктер талантты бойжеткеннің даусына қайран қалады. Әрі ол да шығармашылығын толықтай шетелмен байланыстырғысы келетін тәрізді. Олай дейтініміз Төлешова YouТube каналында айына бір рет ағылшын тіліндегі жаңа әнін жүктеп жүр. Ал біздің Данэлияны тізімге енгізуіміздің сыры – жас әншінің America’s Got Talent байқауына қатысқаны. Тек Америка тұрғындары дауыс беретін байқауда отандасымыз финалға шықты. Әрі аты әлемге әйгі Сианың әнін орындап, жеңімпаз болуға лайық екенін дәлелдеді. Алайда дауыс беру қорытындысы бойынша Брендон Лейк жеңімпаз атанды. «Жылдың жас әншісі» аталымында 3-орынға Әйгерім Тілеубек ие болды. Өйткені ол АҚШ-та Димаш Құдай­бергеновпен бірге «Гауһартас» әнін орындап, Junior Eurovision Ұлттық іріктеуінде қазылар алқасынан жоғары ұпай жинады. Талантты әнші бұған дейін бірқатар балалар байқауының жүлдегері атанған. Сондай-ақ Ұлттық іріктеу алдында жоба ұйымдастырушылары Әйгерім Тілеубекті фаворит ретінде мойындаған-ды.

«Жыл жаңалығы» – Әсел Қалағанова

Қазақстанда альбинос қыз тұратынын біреу білсе, біреу білмес. Ақтау қаласының тұрғыны Әсел Қалағанованың қас-кірпігі мен шашы ақшыл түсті. Содан болар, бұл көпшіліктің қызығушылығын тудырады. 10 жасынан бастап модель мектебінде оқыған ол жақында америкалық R+Co брендінің жарнамасына түсті. Сол-ақ екен БАҚ өкілдері мен әлеуметтік же­лідегі парақшалар альбинос қыз жайында жарыса жазды. Британияның Mail Online басы­лымының сайтында Әсел жайында жаңалық шығып, біз үшін де, шетелдіктер үшінде Қалағанова «Жыл жаңалығы» болды. Рейтингтің 2-сатысында тұрған Мар­жан Қапсамат туралы әйгілі Vogue журналы ақпарат таратты. Көбейтұзда Дәулет­керейдің «Көроғлы» күйін тарт­қан ол көпшіліктің назарын аударды. Осылайша, күйші қыздың атағы ас­пандап, өзінің жеке домбыра үйрету сту­диясын ашты. Соған қарағанда кейіп­керімізге 2020 жыл жаңалыққа толы болған тәрізді. Минскіде 5 айлық сәбидің бауырын ауыстырып берген трансплантолог Рахымжан Үмбетжанов туралы естуіңіз бар ма? Шымкенттегі №1 қалалық кли­никалық емханада қызмет еткен дәрігер туралы шетелдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Мойындау керек, біз де білікті транс­плантолог жайында ақпарат көз­дерінен білдік. Сондықтан да Ра­хымжан Үм­бетжановты рейтингке кіргізгенді жөн деп ұйғардық. Оның үстіне, ол Шым­кентте жұмыс істеп жүргенінде 150 рет бүйрекке, 23 рет бауырға транс­плата­циялық ота жасаған екен. Мұнымен тоқтамай тәжі­рибесін шыңдау үшін Минискіге аттанған. Сонда 5 айлық сәбидің бауырына ота жасап, көптің алғысына бөленген.

«Жыл блогері» – Дәулет Мұқаев

Қазір блогерлер халық пен билік арасындағы елшіге айналғандай. Әрине, мұның өз алдында «Жыл блогері – 2020» байқауын өткізіп, кейбір шоудың қа­тысушысы болғандарға қатысы жоқ. Жалпы, блогерліктің ауқымы кең. Осы арқылы елге көмектесіп, оқырманды белгілі бір тақырыппен таныстырып, та­ным көкжиегін кеңейткен абзал. Сол үшін әлеуметтік желіде аталған талапқа сай болған 3 блогерді анықтадық. «Жыл блогері» – Дәулет Мұқаев. Жо­ғарыдағы талап бойынша ол оқыр­манының қаржылық сауатын ашып жүр. Оның ықпалымен үй алып, бизнесін бастап жатқандар қаншама? Әлеуметтік бағ­дарламаға қатысты кез келген өзгерісті парақшасында талқылап, ұтымды тұсын айтуды әдетке айналдырған. Волон­терлікпен ұзақ жылдар бойы айналысқан ол қайырымдылықпен тұ­рақты түрде шұғылданады. Білуімізше, Мұқаев – елімізде Insta-асар арқылы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға үй алып берумен тұрақты түрде айна­лысатын санаулы блогерлердің бірі. Дәулет Мұқаевтан кейінгі 2-орын  – Айжұлдыз Адайбекованыкі. Өйткені ол Instagram парақшасын сауатты жүргізетін, жастарды жаңа бағытқа бейімдейтін блогер. Мысалы, Айжұлдыздың музыкаға бейімі барынан баршасы хабардар. Оған қоса талантты жас карантин кезінде 8000 оқырманына гримм жасауды үйретті. Әрі оның мотивацияға толы жазбалары мен жігерге толы әндері жастарға ұнайды. Бастысы, оның блогерлік мақсаты айқын. Ол әуелден «өзіңе сен, сонда ойлағаның іске асады» деп жүр. Ал блогер Данияр Жігітбек болса, рейтингтің 3-орнына тұрақтады. Блогер жастар арасында сауатты жазбаларымен кеңінен танымал. Жүрген-тұрғанын баяндайтын блогерлердей оқырманы көп демесеңіз, талқылар тақырыбы пен ішкі мәдениеті биік азамат. Оның «Лайф­хактар» кітабы арқылы жастар мақсат қойып, өзін шыңдауды үйреніп жатыр. Блогердің талқылайтын тақырыптары тіпті қызық. Шетелде білім алған ол оқырмандарына «өзін-өзі тәрбиелеудің жетістікке жетудің алғышарты» екенін түсіндіріп жүр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ