«Бізде галлюцинация болды» – Өскемендегі жұмысшы улану туралы айтты
«Бізде галлюцинация болды» – Өскемендегі жұмысшы улану туралы айтты
217
оқылды

Бұрын уланып ауруханаға түскен Үлбі металлургиялық зауыты қосалқы мердігерлік ұйымының 11 қызметкері медициналық мекемеден шығарылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Рауан Әбішев – Талдықорғаннан ауысыммен келіп істейтін жұмысшы. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшылар өздерін нашар сезінген, кейін 10 адам улану диагнозымен бірінші қалалық ауруханаға жатқызылды. Бір жұмыскер ауруханаға жатудан бас тартқан.

«Мен жүк көлігінің жүргізушісі болдым. Біз қалдық қоймасында жұмыс істедік, дамба жасадық. 1 желтоқсанға қараған түні, кешкі сағат 10 шамасында, бу көтеріле бастады. Біз басында тұман деп ойладық. Таңғы сағат 4-те жұмысшылардың жағдайы қиындаған соң жұмыс тоқтады. Жүрек айну, құсу басталды. Келесі күні де дәл солай болды: галлюцинация басталды. Сонымен бәріміз ауруханаға бардық. Иіс тиіп улану деп айтады, бірақ бізге иіс аммиак сияқты болып сезілді. Ауруханаға жатқан 11 адамның барлығы аммиактан уландық па деп күдіктеніп отыр»,– дейді ол.

Ауруханадан шықаннан кейін Рауан мен тағы бір ауысым қызметкері жұмыстан шығарылған. Қалған тоғыз жұмысшы жұмысына кіріскен.

«Ауруханада жатқандар енді жұмысқа баруға мәжбүр. Біздің ауруханаға уланып түсу оқиғамызды тексеру ешкімді мазаламайды. Әріптесім екеуміз жұмыстан бас тартқанымыз үшін бізді шығарды. Біз денсаулығымызды құртқымыз келмейді. Қалғандары бір жерде – қалдық қоймасында жұмыс істеуге оралды», – дейді Рауан.

Рауан Әбішевтің сөзіне қарағанда, қалдық қоймасына Үлбі зауытынан шығатын қалдықтар келеді. Ол өздерінің улануын осы шығарындылардың салдарынан болған деп санайды.

Еске салсақ, 2 желтоқсанда Үлбі металлургиялық зауытының жанында жұмыс істеген кәсіпорынның 12 қызметкері жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Олар бастары аурып, тыныс жолдарының тітіркеніп, әлсіздік сезінгенін айтқан. Олардың 11-і ауруханаға жатқызылды, бір адам ауруханаға жатудан бас тартты. Жұмысшылардың әл-ауқатының нашарлауына қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде.