Жадымызда қалған жыл

Жадымызда қалған жыл

ЖЫЛ ҚАТЕРІ – КОРОНАВИРУС

2020 жыл Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін де коронавирус пандемиясының таралуымен есте қалды. 2019 жылдың желтоқсанында Қытайдың Ухань қаласында анықталған COVID-19 вирусы Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызында тіркелді. 2020 жылдың 29 желтоқсанындағы мәліметтерге қарағанда, елімізде коронавируспен 152 460 адам ауырған.

ЖЫЛДЫҢ «ТУРИСТІК НЫСАНЫ» – БОЗЖЫРА

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақүй салу жо­басына байланысты аталған аймақтың танымалдығы артты. 7 қарашада әлеуметтік желілер мен жергілікті ақпарат құралдарында Бозжырада құрылыс техникасы тұрғаны жөнінде ақпарат тарады. Көп ұзамай Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі әлі ешқандай құрылыс басталмағанын, алайда Бозжыра шатқалына қонақүй салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маң­ғыс­тау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақүй салу жобасына қатысты пікір білдірді. Пре­зидент Маңғыстау облысындағы ерек­ше қорғалатын Бозжыра та­биғат қорығының аума­ғына са­лынатын жаңа қона­қүй­дің құры­лысына қатысты қо­ғам­ның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жо­ба­ны қайта қарау жө­нінде тап­сырма берді.

ЖЫЛ ҚАҺАРМАНДАРЫ − ДӘРІГЕРЛЕР

COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде дәрігерлер айрықша қажыр-қайрат көрсетті. Күндіз-түні жұмыс істеген медқызметкерлер арасынан 13 172 адам вирус жұқтырып алды. 182 медициналық қызметкер коронавирус инфекциясынан қайтыс болады. Бүгінгі күні вирус жұқтырған 9 300 медицина қызметкері мемлекеттен өтемақы алды.

ЖЫЛ ЖАҢАЛЫҒЫ – ҚАШЫҚТАН ОҚУ

Пандемия кезінде қазақстандық оқушылар жаппай қашықтан оқуға көшті. Онлайн оқу 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында басталды. Қашықтан оқу барысында Zoom, Microsoft team қатарлы бейнебайланыс бағдарламалары мен BilimLand, DarynOnline қатарлы отандық білім беру платформаларының танымалдығы күрт артты. Ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс үшін «Білім» тарифін енгізді.

ЖЫЛ ЖӘРДЕМАҚЫСЫ – 42 500 ТЕҢГЕ

Төтенше жағдай мен карантинге байла­ныс­ты кезінде кіріс көзінсіз қалған аза­мат­тарға 42 500 теңге жәрде­ма­қы төленді. Жәрдемақы үш рет тағайындалды. Бірінші кезеңде 4,6 миллион адам­ға әлеуметтік төлем тағайын­далды. Екінші рет 3,8 млн адам ал­­ды. Үшінші рет ресми мәлімет бойын­­ша 2,4 млн азамат 42 500 тең­ге­­ден жәрдемақы алған.

ЖЫЛ ЖЕТІСТІГІ – QAZCOVID-IN

2020 жылы Қа­зақ­станда корона­вирусқа қарсы бірнеше вакция-на әзірлене бастады. QazCovid-in вакци­на­сын сынаудың екі кезеңі аяқ­талып, үшіншісі бас­тал­ды. Желтоқсанда ерік­­ті түрде вакцина егу қол­ға алынды. Отандық вак­цинаның тиімділігі 96 пайызға жетті. Сы­нақ­тар 2021 жыл­­дың нау­рыз айында аяқ­­та­лады.

ЖЫЛ ҚУАНЫШЫ – БАЛКОНҒА ТУ ІЛУГЕ РҰҚСАТ ЕТІЛДІ

2020 жылы мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы тәртіп өз­герді. Сөйтіп, азаматтар балконына мемлекеттік Туды үй сыр­тына ілуге мүмкіндік алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажетін атап өтті. Сөйтіп, Үкімет 2007 жылы 2 қазанда шығарылған №873 қаулыға өзгерістер енгізді. 4-тармақтың 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізетін орындарда ілуіне болады.

ЖЫЛ БЕЛСЕНДІЛЕРІ – ЕРІКТІЛЕР

Еріктілер жылы деп жарияланған 2020 жылы 123 мың адам ерікті болып қызмет көрсетті. Олар Мақтаарал ауданы су тасқынында қалғанда 16 мың тонна гуманитарлық көмекті халыққа үлестірді. Пандемия кезінде 5 мыңнан ас­там мониторинг жасап, 1 млн-нан астам адамға көмек көр­сетті. Олар қазір 1 010 жоба бойынша жұмыс істеуде.