Жазушылар үйі 1955 жылы салынған және мұнда көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өткен жылы алғашқы кездесулердің бірінде жазушылар қауымы Алматы әкімі Б.Сағынтаевқа үйді жөндеуге көмектесу туралы өтініш білдірген еді.
Ғимаратты жөндеу жұмыстарының нәтижелері туралы мегаполис әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында айтып берді.Мегаполис әкімі классицизм стилінде бой көтерген ғимарат пен оның интерьерінің сәулеттік келбетін сақтап қалу қажеттігіне баса назар аударды.«Бұл туралы жазушылар қауымымен өткен жылы болған кездесуде айтылды. Сол жылы Жазушылар үйін ретке келтіру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде шатыр, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері ауыстырылып, ішкі әрлеу жаңартылды», – деп жазды Б.Сағынтаев.
«Бұл әдебиет ғибадатханасында бір кездері еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов сынды ұлылардың атмосферасын сақтап қалу үшін қажет еді», – деп атап өтті қала әкімі.