761 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады
761 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады
5,135
оқылды

1 желтоқсандағы жағдай бойынша 761 мыңнан астам жұмыс істейтін салымшы жалпы көлемі 2,4 трлн теңгеден астам қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады. Жинақтардың жеткіліктілік сомасынан асатын орташа сомасы шамамен 3,2 млн теңгені құрайды. Бұл туралы қордың ресми сайтында хабарлады.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері бойынша уәкілетті операторға жүгіне алады, оны Үкімет айқындайды. Мұндай оператор ретінде «Отбасы банкі» қызмет атқаратын болады» деген болжамдар жасалуда», - делінген хабарламада.
Оператор барлық құжатты тексергеннен кейін БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинағын аудару туралы хабарлама жібереді. Ал салымшы зейнетақы жинағын алғанда жеке табыс салығын бірден төлей алады, я болмаса, кейінге қалдыруға болады.

«Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жата алады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуы тиіс», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға бере алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етілетін құжаттарды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады. БЖЗҚ-ға өтінішті жеке өзі немесе enpf.kz интернет-ресурс арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып беруге болады. БЖЗҚ қаржы нарығының реттелетін қатысушысы ретінде компаниялармен сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктермен кастодиандық шарттар, сондай-ақ тұрғын үй және емделу жөніндегі уәкілетті оператормен келісім жасайтын болады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі мен бақылауы одан әрі жүргізіле береді.