Табиғатты сақтау қажет
Табиғатты сақтау қажет
233
оқылды

Экологияның ластануы, сапасы сын көтермейтін ауызсу қазақстандықтардың денсаулығына нұқсан келтіріп, өмірден ерте кетуіне ықпал етуде. Сондықтан туған жерді, табиғатты сауықтыру бойынша шұғыл әрі пәрменді шаралар қажет. Бұл туралы Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мәлімдеді.

Қазақстанда «жергілікті пар­ламенттер» – мәслихаттардың құ­рылғанына 25 жыл толды. Осы­ған орай елордадағы Тәуел­сіздік сарайында өткен респуб­ли­калық конференцияға қатысу­шылар ал­дында Сенат басшысы сөз сөйле­ді. Ол өңірлердегі әріп­тестерін мем­лекеттік маңызды бағдарлама­ларды әзірлеуге бел­сене қатысуға шақырды. Өйткені ауыл-аймақ­тағы халықты нақты не мазалай­тыны жөнінен солар хабардар.

– Мәслихат депутаттары және жергілікті өзін-өзі басқару орган­дар өкілдері өз аумақта­рын­дағы проблемаларды басқа­лардан жақсы біледі. Ендеше олар тірек және серік ауылдар­дың тізбесін түзуге, мемлекеттік бағ­дар­ла­маларды әзірлеуге тар­тылып, атсалысуы тиіс. Қа­зіргі кезде ел Үкіметі 2025 жыл­ға де­йін­гі жаңа Өңірлерді дамыту мем­­бағдар­ла­масы жобасын тал­қы­лауда. Де­мек, бұл жұмысқа бү­гін­нен бастап қосылғанда­ры­ңыз жөн, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Ол таяуда Парламенттің Жо­ғарғы палатасында су қауіпсіздігі және суды сақтау, сондай-ақ тұр­мыс және өнеркәсіп қал­дық­тарын жинап, өңдеу түйткіл­дері жеке талқыланғанын еске салды.

– Қоршаған ортаның ласта­нуы, ауызсудың ластығы адам­дардың денсаулығына кері әсер етіп, өмірді қысқартады. Туған жерімізді, экологиямызды сауық­тыру бойынша шұғыл әрі пәр­мен­ді шаралар қажет. Ағынды су­лар­дың шамамен 50%-ын кәсіпорын­дар еш тазартусыз далаға төгеді. Еліміздегі қатты тұрмыстық қал­дықтар жиналатын 3 мың 511 полигонның тек 17,6%-ы ғана санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Бұдан бөлек, 8 мың 608 рұқсат етілмеген қоқыс орны анық­талды. 2018 жылы тұрмыстық қалдықтардың бар-жоғы 11,5%-ы ғана өңделген және кәдеге жара­тылған, – деп мәселенің ауқымын аңғартты Сенат төрағасы.

Оның дерегінше, Қазақстанда 30 миллиард тоннадан астам өнер­кәсіп қалдығы қордаланған. Тау-тау болып үйілген бұл қоқыс көлемі ары қарай ұлғаюда. Был­тыр жаңа­дан түзілген өнеркәсіп қалдық­тарының небәрі 32%-ы өңделген.

– Жергілікті атқарушы билік табиғатты қорғау шараларына бюджетте қаржы жоқтығына ша­ғымданады. Шынында, эмиссия, яғни кәсіпорындардан қоршаған ортаға қалдық шығарғаны, ласта­ғаны үшін алынатын барлық тө­лемдер жергілікті бюджетке тү­седі. Бірақ олар басқа мақсаттарға жұмсалып кетеді. Сол себепті барлық деңгейдегі мәслихаттар жергілікті бюджеттен табиғат қорғау шараларына бөлінген қа­ражаттың мақсатты жеріне жұм­салуын және тиімді пайдаланы­луын бақылауға алуы керек, – деді Д.Назарбаева.

Оның байламынша, мәслихат депутаттары үшін басты бір ба­сымдық – жергілікті бюджеттерді қалыптастыру, олардың орында­луын бақылау.

– Аймақтарға сапар кезінде, депутаттармен қарым-қатынас барысында көңілге түйдім: жал­пы, республикалық бюджет бо­йынша заңнамалық жұмыс ба­ғы­тында ынтымақтастығымыздың әлеуеті өте зор. Бұл ретте әріптес­тер бірнеше мәселені төтесінен қойды. Олардың айтуынша, бюд­жетті жоспарлау процедураларын өзгерту, оған депутаттарды бел­сенді қатыстыру керек. Мәсли­хаттардағы тексеру комиссиялары бюджет жобасын алдын ала қарау мүмкіндігіне ие болғаны абзал. Мұның барлығы осы мәселелерге көзқарасымыздың және ары қарай қай бағытта қозғалаты­нымызға қатысты түсінігіміздің ұқсас екенін білдіреді, – деді палата басшысы.

Ол өңірлердегі «заңшығару­шылық» жұмыстың сапасы төмен екенін де қаперге салды. Атап айтқанда, 2019 жылғы 9 айда ғана прокуратура органдары әкімдік­тер мен мәслихаттар бекіткен 608 құқықтық актінің күшін жойған немесе өзгерткізген. Себебі бұл құжаттар қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталыпты.

– Қазақстанда нормашы­ға­рушылық қызметке тартылған ма­­мандардың біліктілігі өте тө­мен. Мәслихаттар кадрлық, ұйым­­дас­тырушылық және қар­жы­лық ре­сурстармен толыққанды қамта­масыз етілуі тиіс. Сонда олар өздеріне жүктелген функ­ция­ларды сапалы орындай алады, – деді Дариға Назарбаева.

Сондай-ақ ол 2020 жылы Се­натта әр облыстың даму страте­гиясы бойынша жеке-жеке пар­ламенттік тыңдау өткізу тәжі­ри­бесі енгізілетінін хабарлады. Ол жиынға міндетті түрде мәслихат депутаттары мен Үкімет өкілдері қатыстырылады.

Жоғарғы палата төрағасы бү­гінде сенаторлар «әрбір азамат өмір­дің жақсы жаққа өзгергенін нақты сезінуі үшін не істеу керегі» жөнінде байыпты әрі іскерлік ауан­­дағы әңгімеге зәру екенін айт­ты. Парламенттегі осы тақы­рып­та­ғы салмақты сұхбаттасу бары­сын­да өңірлік депутаттар жай тың­­даушы емес, көкейкесті мәселе қозғап, келелі кеңес берер тарап рөлін атқаруы тиіс. Заман талабы – осы.

Сөз соңында Д.Назарбаева әріп­тестерін мерейтойымен құт­тықтады:

– Баршаңызды Қазақстан мәс­лихатының 25 жылдығымен тағы да құттықтаймын. Еліміздің игілігі үшін табысты, жемісті қыз­мет тілеймін. Халық жақсылыққа бастайтын оң өзгерістер күтеді. Жаңарулар ертеңге ысырыла бермей, дәл қазір іске асса игі. Олай болса, біз халық үмітіне лайық болып, міндет үдесінен шыға білуіміз керек, – деп түйді Дариға Назарбаева.

Конференцияға Сенат депу­таттары, Үкімет мүшелері, еліміз­дің барлық өңірінен келген об­лыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары мен хатшы­лары қатысты.

Шара соңында мәслихат де­путаттары Құрмет грамотала­ры­мен және арнайы шығарылған «Қа­зақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.


Елдос СЕНБАЙ