Ортақ платформа ойдан шыға ма?
Ортақ платформа ойдан шыға ма?
132
оқылды

Жаңа жылдан бастап мемлекеттік органдардың интернет- ресурстарына бір домен арқылы кіреміз. Яғни, министрліктер мен агенттіктердің, түрлі деңгейдегі әкімдердің ресми сайттары Gov.kz порталында қолжетімді болады. Бұл жоба бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін үнемдейді-міс. Бір қарағанда, тиімді көрінетін жобаға қарсы пікір де айтылып жатыр. Ол тарапты да тыңдадық. Әуелі ортақ платформаны ұсынушылардың ойына кезек берсек.

Жаңа жылды жаңа платформамен бастаймыз

Жасыратыны жоқ, минис­тр­ліктер мен әкімдердің ресми сайт­тарынан іздеген ақпаратыңызды табу қиын. Жекелеген сайттарда іздеу қызметі жұмыс істемейді. Айта берсек, жыры көп. Бұл ту­ралы ақпарат құралдарында та­лай жазылды. Ақпараттың ашық­­тығын қамтамасыз етеді де­ген ресми сайттардың сол мін­детін ат­қара алмай отырғаны да сын са­дағына ілінген. Сыннан қо­рытынды шығарғандары сирек. Сөйтіп жүргенде мемлекеттік органдардың интернет-ресурс­тары ортақ платформаға бірік­ті­рілетіні белгілі болды.

Апта басында өткен Үкімет отырысында Қазақстанның Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Асқар Жұмағалиев бұл жобаға Сыртқы істер, Ішкі істер, Қорғаныс, Әділет министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті дайындық жүргізіп жатқанын жеткізді.

– Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік қызмет көр­­сету туралы» заң жобасы жасалды. Аталған заң жобасында 6 кодекс пен 41 заңға толықтыру мен өзгерту енгізу көзделген. Осы іс-ша­ралардың нәтижесінде келер жылы халықтың цифрлы сауаты 80 пайызға көтеріледі. Мем­лекеттік қызмет жедел және сапа­лы ұсы­ны­лады, – деді министр.

Айта кетейік, биыл озық тех­нологияны тиімді енгізу үшін Денсаулық сақтау, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, инновация және аэроға­рыш өнеркәсібі, Қаржы министр­лік­­терінде «цифрлы» вице-ми­нис­тр­лер тағайындалды. Ал­дағы уа­қытта Индустрия және ин­­фрақұ­рылымдық даму, Энер­­­гетика және Ішкі істер министр­­­лік­терінде де «цифрлы» вице-ми­нистрлер тағайындау жоспарда бар.

Негізі бұл жұмыс былтыр Ақпарат және коммуникация ми­нистрлігі кезінде басталған. Сол кезде министрлік өкілдері мемлекеттік органдардың ресми сайттарын контентпен толтыруда ақпараттық ашықтық қамтамасыз етіледі деген. Әйтпесе, сөз басын­да айтқанымыздай, ресми сайтта орналастырылған ақпараттың жаңартылмауы, ақпараттың дұ­рыс көрсетілмеуі, көру қабілеті нашар адамдарға арналған қыз­меттің іске қосылмауы, мем­лекет­тік тілдегі ақпараттың же­тіс­пеуі сияқты мәселелерді шешу үшін Ақпарат және ком­му­ни­­кация министрлігі мемле­кеттік ор­гандардың интер­нет-ре­сурстарын бірыңғай плат­­­формаға біріктіру туралы шешім қа­­былдады. Бұл ретте Ұлыбри­­тания тәжірибесі негізге алы­­ныпты. Кейін бірқатар мем­лекеттік органдарда құрылымдық өзгеріс болып, Ақпарат және ком­муникация министрлігі Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистр­лігі болып құрылды да, ком­муникация саласы Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Енді ортақ платформамен атал­ған министрлік айналысып жа­тыр. Биыл тамыз айында өткен «Ақпаратқа қол жеткізу ту­ралы» заңның орындалу бары­сына арналған жиында ортақ платформасының бета-нұсқасы таныстырылды. Жобаны жасау­шылар қазақстандықтарға қа­жетті ақпараттың барлығын жаңа платформаға жинауға уәде берді. Ал бүгінгі қолданыстағы мемлекеттік сайттар екі жылдың ішінде жабылып бітеді. Енді мемлекеттік органдар мен әкім­діктер контент үшін ғана жауапты болады. Ал жаңалықтар мен мем­лекеттік қызметтерді жаңартуды министрлік жауапкершілігіне алады.

 

Қауіпсіздігі күмәнді ме?

Мемлекеттік органдардың ин­тернет-ресурстарының бірың­ғай платформаға біріктірілуін қолдамайтындардың бірі –
ІТ маманы Ерлан Оспан. Ол ортақ платформаның қауіпсіздігіне сенбейді.

– Иә, оппоненттерім «ойбай, бұл Cloud, жүктеме көбейген сайын қуаты да арта береді, анау-мынау» деуі мүмкін. Бірың­ғай болғасын, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету де оңай деуі кәдік. Бірақ Қазақстанға мұндай топо­логияның және әкімшілік басқарудың үлгісі жарамсыз.

Мысалы, күні кеше даркнетте (заңсыз ақпарат пен қызметтер ұсынылатын жасырын интернет қауымдастықтар) Мәскеуде орнатылған бейнекамераларды қарау мүмкіндігі сатылатыны туралы хабар шықты. Бастапқы із кесу амалдары сатушылардың кәдімгі шенеуніктер екенін көр­сетті. Айта кету керек, бұл оқи­ға қызметтік талаптар әлдеқайда са­уатты жасалған Ресейде бо­лып отыр. Мемлекеттік маңыз­дағы порталдарға кейде... жарна­малық баннер де орна­тыла бе­ретін біздің елде орталық­тан­ған жүйедегі ортақ ақпарға кімдердің қол сұғатыны белгісіз. Бұл – ендігәрі бақылау тіпті мүмкін емес мыңдаған логиндер мен парольдер; Кеңесарық ауы­лына қыдыруға барып, шұғыл жұмыс шығып қалып, мектеп­тің компьютерінен кірген Бағила апай­дан қалған іздер. «Элек­тронды үкіметті» пайдаланушы үшін цифрлы қолтаңба алғанда бәріңіздің парольдеріңіз «Aa123456» болған шығар, иә? Бұл да солай. Яғни, IT саласында масштабты жобаны басқару тәжірибесі бізде жоқ, – дейді ол.

Оның айтуынша, біздің елде IT мамандарға қызметтік инструкция да қалыптаспаған. Әсіресе, қауіпсіздік мәселесі жөнінен. Бәріміз кезінде біреу интернеттен көшіріп алып, жасай салған «Программист должен уметь: ...», «Программист должен знать: ...» деген инструкциямен жүрміз. Оларды жауапқа тартатын еш механизм жоқ.

– Кейде ірі компаниялардың қызметкері пайдаланып жүрген софтты көріп, бүкіл компанияны сазға отырғызуға «хакерлік» деп тануға тіпті келмейтін әншейін әрекеттермен сазға отырғызуға болатынын көріп, жағаңды ұс­тайсың. Бірақ мен жағамды ұстап қана қоямын, ал қаскөй не істеуі мүмкін? Тоқетері, қауіпсіздік мәселесі, оның ішінде – портал­дар­ға супервизор құқымен кіріп, ақпарат ұрлау; бір бұрышта пайда болған ақау бүкіл жүйені опырып кету қаупі бар. Сексен сайт – ала-құла сексен серверде жатқаны жақсы. Ал өзара қан­дайда бір API-интерфейс арқы­лы байланысар еді. Бірегей плат­форма қауіпті. Мысалы, елдің бәріне таныс бір ғана мысал айтайын. Айтыңызшы, кейбір коллекторлар сіз туралы сонша мәліметті қайдан біледі? Міне, олар да «орталыққа» жең ұшымен жалғанған, – дейді Е.Оспан.

Ол сіздің үйдегі компьютер мен менің жұмысымдағы ком­пьютердің және дәл осы тұр­ғанда «Шымкент–Самара» тасжо­лында кетіп бара жатқан шопыр­дың смартфонының арасында еш байланыс жоқ, бірақ үшеу­міз­ді әлдеқандай ресурсқа бірік­тірсе – тағдырлас болып шыға­тынымызды айтады.

ІТ маманның ұсынысы әр әкімдік пен жергілікті атқару органы сайтты автоном ұстауы керек дегенге саяды.

– Бұл ақпараттық саналуан­дыққа әкеледі. Ақыр аяғы – бұл дизайнға дейін ұжымның өз талғамына қарай шешуі болар еді. Біз алда, орталыққа алты ай бұрын хат жібергенімен, лого­типін әлі ауыстыра алмай отыр­ған Сорлысор ауданының сайтына куә боламыз, – дейді ол.

Оның пікірінше, әу баста ресми сайттарға қойылатын талап болуы тиіс еді. Техникалық тапсырмада ресурс қандай болуы керек деген шегелеп жазылуы керек.

– Сосын ол Хаммурапидің заңы иә Інжіл емес, ендеше заман талабына қарай жаңарып тұруы да тиіс. Бізде сол талап жоқ. Ресурс жасаушыларға талап қоя білу керек. Тап сол site search функциясын мысалы, бүгіндері тіпті ең жадау, сорлы сайтқа да орнатуға болады. Талап жоқ бол­са, кешірерсіз, мен де артық жұ­мыс істемес едім. Адамның із­гілігі мен парасатына сеніп тап­сы­рылған іс оңбайды. Сауатты тех­ни­калық талап керек, болғаны –
осы, – дейді Ерлан Оспан.

 

P.S:


Қалай десек те, мемле­кет­тік органдардың ресми сайт­та­­рының ортақ платформасы жаңа жылдан жұмыс істей бас­тайды. Бұл ресми мекемелер­ден қажет мәліметті іздеуде тиімді болары анық. Себебі бүгін­дері об­лыстардың даму бағдар­ла­маларын қарау үшін он төрт облыс пен үш республикалық маңызы бар қа­ланың ресми сайтын жеке-жеке сүзіп шығуға тура келеді. Ал ортақ платформада бұл жұмыс айтарлықтай жеңілдейді. Егер ІТ мамандар айтып отырғандай, ортақ платформаның қауіпсіздігі алаңдатарлық болса, онда жобаны жасаушыларға «екі шоқып, бір қарауға» тура келеді. Себебі ақ­парат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді...