ҚХР Туризм академиясының баяндамасына жүгінсек, 2018 жыл қорытындысында бұл елдің саяхатшылары шетелге 149 миллион сапар жасаған. Олар барған елінде 130 миллиард доллар қаржы шығындапты. 2017 жылмен салыстырғанда, қос көрсеткіш тиісінше 14,7% және 13% өсіп отыр. Биылғы көрсеткіші одан да жоғары. Алайда бұдан Қазақстанға келген табыс мардымсыз.
Қытай туристері арқасында көптеген ел төл туризмін түлетуде. Сонымен бірге оларды өздеріне көптеп тарту үшін күрес күшейген. Мысалы, испан астанасы Мадридтің әуежайы шың елінің саяхатшылары үшін өзгеріп жатыр: оның бір қанаты толығымен солардың пайдалануына бөлінді. Яғни, VIP-залдар тек қытай ас мәзірін ұсынады және осы ел азаматтарын жеке қабылдайды. Бұдан бөлек, ұшақты күту кезінде өз бетінше кеспе мен шай әзірлеп ішуі үшін жолаушылар отырғызылатын терминалдар жанына су қайнататын құрылғылар қойылмақ. Әуежайдағы бренд заттар сататын дүкендер ҚХР азаматтарына үйреншікті WeChat Pay арқылы төлем қабылдайды.
2015 жылдан бері Франция мен Италияның туристік ірі қалаларында ҚХР-дан ауысып келген полицейлер көше қауіпсіздігін күзетуге тартылуда. Бұл тосын қадам осы мемлекеттен келетін саяхатшылар өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі үшін жасалыпты. Тәртіп сақшылары отандастары жазбай тануы үшін Қытайдағыдай униформа киіп жүреді.
Ұлыбритания VisitBritain Ұлттық туризм агенттігінің бастамасы бойынша Қытайдан келушілердің айтуына ыңғайлы болсын деп, жергілікті көрнекі орындардың қосымша атауын енгізді. Мысалы, Эдинбург қаласына «Ай дин бао» атауы бекітілді. Лондон тұрғындары «қияр» деп әзілдейтін атақты Gherkin заңғар ғимараты қытайша «Ся хуангуа» (қияр) деп тәржімаланды. Бұл шара Қытай азаматтарының қызығушылығын оятып, олардың сапар санын 40%-ға арттырған.
Бәсеке көрігі барған сайын қыза түспек. Халықаралық сарапшыларға сілтеме жасаған британдық Daily Mail-дің хабарлауынша, 2021 жылға қарай қытай туристерінің саны 200 миллионға жетеді.
Сарапшылар байламынша, шың елі бұл салада дүниежүзілік драйвер, демек, туристік секторда шешуші рөл атқаратын болады. Қытай Туризм академиясының дерегінше, биыл тек 6 айда шетелге саяхат саны 81 миллионнан асып кеткен. Жатжұрттарға сапар барысында ҚХР азаматтары жұмсаған қаражат көлемі 127,5 миллиард долларды құрады. Бұл былтырғы бір жыл бойғы көрсеткішке жетеғабыл.
Валюта бақылау органының ақпарынша, осы соманың жартысынан астамын (54%-ын) қытай азаматтары Азия құрлығында қалдырған. 24% үлес – АҚШ-қа, 13% – Еуропаға тиесілі. Оларға тартымды елдер қатарында Азияда – Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония, Гонконг, Тайланд, Сингапур, Вьетнам, Малайзия және Индонезия, ал батыс елдері арасынан – АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Германия, Австралия бар.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев шығыс көршіміздің азаматтары республикамызға саяхаттауға көп құлшынбайтынын жасырмады.
– 2014 жылы Қазақстанға Қытайдан 228 мың турист келді. 2015 жылы бұл көрсеткіш – 111 мың, 2016 жылы – 117 мың, EXPO жаһандық көрмесі өткен 2017 жылы – 94 мың, ал 2018 жылы небәрі – 51 мың адамды құрады. Неге көрсеткіш кері кетуде? Себебі бүгінде әлемдік нарық қытай туристеріне әлдеқайда қызықты әрі орасан зор көлемде ұсыныс білдіруде, – дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Туризм және қонақжайлылық саласының маманы Аря Малиновская бұл елдің саяхатшыларынан ел экономикасына, жергілікті бизнеске түсер пайда шамалы екенін қаперге салды.
– Негізінен, өз бетінше, жеке саяхаттаған туристерден көбірек табыс келеді. Өйткені ол қайда түстенетінін, қайда көңіл көтеретінін, не көріп, не қызықтайтынын өзі шешеді. Алайда ҚХР туристері Қазақстанға негізінен топ-тобымен келеді. Біріншіден, жеке келсе, виза рәсімдеуі қиынға түседі. Екіншіден, олардың арасында «қазақтар қытайша сөйлегеніңді естісе, жабыла ұруы мүмкін» деген негізсіз қауіп тараған. Үшіншіден, арнайы оқыған маман болмаса, елімізде ешкім, тіпті полицейлер мен дәрігерлер де қытайша білмейді. Осыдан кейін іргедегі қазақ еліне сапарлауға көңілі құлаған ҚХР азаматы қытай туристік фирмасының кеңсесіне бет алады, – дейді сарапшы.
Турист жұмсайтын қаржыдан Қазақстан экономикасының қағылуы осы жерде басталады. Саяхатшы қазақ жеріндегі жатын орны, тасымалы, тамақтануы, гид қызметі үшін ақыны тегіс ҚХР аумағында төлейді. Турфирма топ сайлайды. Мұндай топтарда туристер толығымен қытай гидінің бақылауында: қонақтарын елімізде ҚХР азаматтары ашқан қонақүйлерге түсіруге мүмкіндігі бар. Солар иелік ететін дәмхана-мейрамханаларда тамақтандыруы да өз құзырында. Осылайша, қаражаттың басым бөлігі қытай бизнесінің айналымында қалады.
Мұндай проблемаға солтүстік көршіміз де маңдай соқты. 2018 жылы Орыс-қытай туризміне жәрдемдесу қауымдастығы В.Путинге хат жолдады. Мамандар Қытайдан Ресейге тасқындаған, 2010 жылғы 158 мыңнан 2017 жылы 1,5 миллионға дейін артқан туристер ағынынан экономикаға көп пайда келмегенін мәлімдеді. Олар ҚХР саяхатшы топтары сапарынан бірінші кезекте қытай бизнесі байып жатқанын дәйектеді. Жергілікті бизнес еншісіне тек кәдесый-сувенир мен азық-түлік сату ғана қалатын көрінеді. Әрине, егер кірсе, музейлерге азды-кем кіріс түседі. Топтан бөлініп, әлдекімнің өз бетінше ақша жұмсауы неғайбыл: қатысушылардың әр қадамы гид қадағалауында.
Сондықтан сарапшылар қай елден болсын, топтық емес, жеке туристерді неғұрлым көп тартуға мән берген жөн дейді. Мәселен, осы мақсатта Қытаймен ортақ шекарасы жоқ Беларусь 2017 жылдан бері ҚХР тұрғындарына 30 күндік визасыз режим ұсынды. Ал Қазақстан Үкіметі шығыс көршісінің азаматтарына 2020 жылы бір жылға 120 сағаттық, яғни 5 күндік визасыз режим енгізуге шешім қабылдады.
Дамыған елдерде топтық турлар – өткеннің еншісіне айнала бастаған үрдіс. Онда смартфонға жүктелген жол нұсқағышпен жеке саяхаттап жүрген ҚХР азаматын көптеп ұшырастыруға болады.
Ресей де Қытайдың жеке саяхатшысының ынта-ықыласын тудыруға күш салуда. Бірнеше жыл бұрын төл тарихи орындарының мән-маңызын, бірегейлігін қытай тілінде сауатты түсіндіре алатын экскурсия жетекшілерін даярлау ісін қолға алды. Қазір қытай топтарын да тиісті сертификаты бар жергілікті гидті жалдауға міндеттеген.
Елдос СЕНБАЙ