Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Рахманқұл Бердібаев атындағы халық университетінде кезекті дәріс өтті. Қонақта театр режиссері, Қазақ КСР халық артисі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор Есмұқан Обаев болды. Басқосудың модераторы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов. Осы күні Есмұқан Несіпбайұлының «Бәрі... бәрі... есімде» атты кітабының тұсауы кесілді.
Бәрі де, бәрі де есімде
– Ұлылар дәріс өткізген жерге келіп, жақсы мен жайсаңдарды көріп, шәкірттерімнің алдында дәріс оқуға мүмкіндік жасағандарыңызға үлкен рақмет! Мұнда келгенде шәкірттеріме «Мынау– ұлы Мұхаңның тұрған үйі! Қазір Мұхаң үйін Мұхаң театрымен шатастырады. Қарағым-ау, ұлының шаңырағы бұл, ал ұлы театр басқа!» деп жатырмын. Мұндайда ұлылар еске түседі. Кітабымның атын қойғанда, оны жазғанда ұлыларға қарыздар сезім болды. Бақытты режиссермін, әлі де жұмыс істеймін, кеше ғана «Анна Каренина» спектаклін қойдық. Әлі тұғырдан түсе қойғамыз жоқ. Дегенмен жағаласып, елге тізгін бермейтіндердің қатарынан да емеспін...
Алпыс жыл режиссерлікпен айналысу – Құдайдың маған берген бағы деп ойлаймын! Бірінші – денсаулық, екінші – еліміз, үшінші – өнерге, өмірге деген талпыныс пен құлшыныс!
Менің шофер ағам болды, өнерге келуіме сол кісінің септігі тиді. Әкеме: «Жібер оны, олар ақша алмайды!» дейді. Соның арқасында ауыл «университетін» бітіріп, Алматыдағы консерваторияға келдік. А.Тоқпановтың арқасында театрға кірдік, ол кісі болмаса, не болар едік?!. Алғаш қазақ режиссурасын жасау керек болды, сонда іріктеу жүргізілді. Режиссерлікті 26 адам бітіріп едік. Солардың ішінен 6 халық артисі шықты, ал қазір жалғыз мен ғана қалдым. Шырақшысы сияқты шәкірттеріме солардың шығармашылығынан дәріс оқимын. Аңсаймын, сағынамын, нәтижесінде жаңағы қолдарыңызға ұстап отырған естелік кітабым жазылды.
Бақытты сары шалмын
– Чеховтың «Дядя Ваня» пьесасынан диплом қорғап шыққам. Әуезов театрына жолдамамен барған күні Нұрмұхан Жантөрин Шәкен (Айманов) ағамен сөйлесіп келеді екен. Жантөрин:
– Әй, әлгі келетін бала сенбісің? – деді.
– Иә.
– Бері кел. Асанәлі мен Сәбит айтты, өзің музыкальный көрінесің. Жаяу Мұсаны білесің бе?
– Білемін!
– Несін білесің?
– Өлеңдерін түгел білемін, 26 өлеңі бар!
– «Жаяу Мұса» пьесасын түгел оқып шық, ертең маған жауап бересің, – деді. Бұрыла беріп ем, Шәкен аға шай ішіп тұр екен: «Слушай, ты абсолютно перевоплотился» деді. Осы сөз өмірлік бағам болды ғой деп ойлаймын. Сөйтіп, театрға барып «Жаяу Мұсаны» қойдым. Бірде кешігіп келдім, сонда Серағаң (Серке Қожамқұлов): «Әй, Обаев, он бірден кешікпей кел, әйтпесе күтпеймін» деді. Міне, осы бір-ақ сөз тағы да менің өміріме ықпал етті. Күні бүгінге дейін театрға жарты сағат бұрын келемін.
Қазір кәрілерден үшеу-ақ қалдық. Ең үлкеніміз – Сәбит Оразбаев, екінші – Асанәлі Әшімов, үшіншісі – мен. Адамға жас алжу үшін берілмейді! Міндетіміз – оқыту және «қорқыту», бірі – кәсібіміз, бірі – кәрілігіміз. Шәкірттеріміз – Ғазиза Әбдінәбиева, Тілектес Мейрамов, Досхан Жолжақсынов. Құдайға шүкір, олардың алды Қазақстанның халық артисі. Орта буында – Берік Айтжанов, кейінгілерден – Бауыржан мен Еркебұлан, айта берсем көп. Кейбіреуінің бірін танып, бірін танымаймын, он екі баласын шатастырып отыратын шешейлеріміз сияқты. Сондай халге жеттік. Тағы да жалғыз сөз – ұстам. Өзімді лайықты ұстап жүру үшін. Менің режиссер ретінде жақсы көретін кәсібім актер даярлау, ал режиссер дегеннің мысы басып тұрады. Қазір Қазақстанның 58 театрына барсаң, соның 38-інде оқушыларым бар. Бақыт деген сол екен! Олардан кәмпит жемейсің, сорпа ішпейсің, тек жемісін жейсің! Сондықтан бақытты сары шалмын!
Бұл – режиссурадан бақыт тапқан театр. Әзірбайжан Мәмбетовтей тұлға отыз жылдай қызмет атқарды. Соның бәрін ұстап тұрған режиссура. Ал біздің кезімізде режиссура сәл-пәл ақсаңқырап тұрды. Жас, талантты балаларды баулып, театрға шақырамыз. Спектакль береміз. Мысалы, бұрынғы қойылған «Қара қыпшақ Қобыланды» қазір ондай емес.
Жар, дос, білім тапқан жиырма жыл
– Әуезов театрынан кейін мені екі жылға Мәскеуге жіберді. Сонда Кемеров деген ақсақалдан оқып келіп, қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер боп жұмыс істеп жатқанмын. Ол жерде Б.Майлиннің «Шұға», С.Мұқановтың «Ботагөз», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнін» қойдым. Атағым бар, ол уақытта атақты ерте береді. Содан Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков «Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы Қазақ музыкалық-драма театрына бір жылға барып келесің» деді. Жиналдым да кеттім. Ақыры онда жиырма жыл, бір күн жұмыс істедім. Әуелі үш алып: Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған жерге тәу еттім. Барғаннан қазақ классикасына кірістім. Мұхаңның пьесаларын түгел сахналадық. Содан соң Сәбең, Ғабең, Сафуан, Қалтай шығармалары репертуарға енді. Жас драматургтердің бірлестігін аштым. Ол кезде Оралхан, Нұрлан, Асқарлар келе бастады. Сөйтіп, тағы бір сөзбен айтқанда, жиырмажылдық қызметімді түйіндеп: бала Обаев боп кеп, шал емес, дана Обаев боп қайттым. Қазақстан Гимнінің авторы Қайым Мұқаметханов ағамыз шығарып салды. Бір чемоданмен барып, бір «КамАЗ»-бен қайтып келдік. Ұтқаным – сол жақта жүріп шамам келгенше әдебиетпен айналыстым. Оқымайтын сағат десем артық болар, оқымайтын күндер болған жоқ. «Біссімілләсі аузында бар адам алдымен Семейге барып табынып, содан соң жұмыс істеу керек» деген сөз қалдырдым. Ол жақтағы ұлы дәстүр ғажап! Полигон жарылып жатыр, бірақ таза өнер шайқалған жоқ. Сол жерде бақытымды таптым, балаларымның анасын жолықтырдым. Өмірлік қосағымның дүние салғанына он екі жыл болды. Семейге бір жылға барған Обаев сол кісінің арқасында жиырма жылға қалып қойды. Жар, дос, білім, ғылым тапқан табаны күректей жиырма жыл!
Жаңалықтың бастауында болғаныма қуанамын
Сол әкімшілік қызметім Абайдың ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен 150 жылдық мерейтойымен сәйкес келді. Таңды-таңға ұластырған үлкен істер, шаруалар, мәдени шаралар, оған дайындықтың өзіне бір жыл кетті, міне, осындай қауырт та қарбалас әрі жауапты жұмыстың бел ортасында жүруге тура келді. Абыроймен атқарып шықтық. Ол – ұзақ әңгіме. Қазір Абаймен айналыспайтын адам жоқ. Кім көрінген Абайды айтатын болды. Бір ауыз сөзін, бір ауыз қарасөзін білмейді, абайтану дегеннен хабары жоқ!
Театрды режиссура «ауруы» ұстап тұр
– Айналып-айналып ақырында Әуезов театрына келдік. Осы театрдан «кетсек» арман жоқ. Бұл бір Құдайдың ықыласы түскен театр деп ойлаймын. Мұнда артистердің ішінде адам сыйлау, жауапкершілік, сосын өзінің ұлттық болмысына қызығу процесі дәстүр деңгейінде қалыптасқан. Шетінен патриот, шетінен өз кәсібін жақсы көреді, шетінен театрға «біссіміллә!» деп кіріп, шығатын халдегі адамдар. Бір-бірін дауыс ырғағынан танитын, бауырмал театр. Бұл – режиссурадан бақыт тапқан театр. Әзірбайжан Мәмбетовтей тұлға отыз жылдай қызмет атқарды. Соның бәрін ұстап тұрған режиссура. Ал біздің кезімізде режиссура сәл-пәл ақсаңқырап тұрды. Жас, талантты балаларды баулып, театрға шақырамыз. Спектакль береміз. Мысалы, бұрынғы қойылған «Қара қыпшақ Қобыланды» қазір ондай емес. Бір қателік бар. Өзіміз бір жерде олқылық жіберіп жатырмыз, ол тәрбиеден бе, басқадан ба, әйтеуір, бір құпия «ауру» – режиссура «ауруы» театрды «ұстап» тұр. Қазақстанның 58 театрының мынау режиссерлік театр дейтінін білмеймін. Сондықтан режиссерлік кадрды шет мемлекеттен дайындау керек пе екен?!
Қазір министрдің бұйрығы бойынша «кеңесші» деген қызметтемін. Мұнайдың кеңесшісі емеспіз, біздікі режиссердің көмекшісі десек болады. Кеше театрға барып жылап қайттым, өтірік айтсам, түн тұр. Т.Әбдіковтің «Ұлы мен ұры» пьесасын көрсем маған басқаша әсер етеді. Режиссура ғаламат! Бізге басқа актерлік мектеп пен басқа режиссерлік бағыт керек. Қазіргі жарқ-жұрқ еткен 3D дей ме, соны қоссаңыз, Еділ патша екеу болып кетпесе де, бұл енді режиссура. Мен де былтыр бір кәсіпкер туралы пьеса қойғанда, бұл ғаламатты пайдаландым. «Мына шал алжыған екен» десе де, сахнаны түтіндетіп көрдім. Кеңесшіні тыңдап отырсаңыздар, айтайын, театрға сілкініс керек! Мысалы, орта жастағы 45 пен 65-тің арасын айырбастайтын адам жоқ. Осы екі ортаны жоғалтып алдық. Азамат Сұрапбаев кетті, Берік Айтжанов киноға ауысты. Енді осылардың орнын толтыру керек. Былтыр Асанәліден, Тұңғышбайдан, менен бітіргендер олардың орнын ауыстыра алмайды. Оларда әлі тәжірибе жоқ. Бұлар өскенше уақыт керек. Тағы бір мәселе, біздің Әуезов театрында қыздарымыз «көбейіп» кетіп жатыр. Бала табады, сөйтіп, көпбалалы ана атанып шыға келеді. Үш жыл, бес жыл отырады, бітті – кәсібін жоғалтады. Маман дайындаудың біздің саладағы машақаты осындай, қайтесің енді, бір жағынан табиғатқа қарсы тұра алмайсың. Былай тартсақ арба сынып, былай тартсақ өгіз өледінің кері.
Шетелге көп шығамыз, бүгінгі техниканың мүмкіндігін көргенде өзіміздегіге қарның ашады. Бәрі де күрделі жөндеуге барып тіреледі. Бірақ тарихи ескерткіштерді сақтау деген мәселе тағы бар. Мысалы, «Әуезовтің ескерткішін алып тастап, орнына гүл егіп қойыңдар» дейтіндер де табылады. Театрдың іші-сыртын өзгертуге болмайды, бірақ сахнаға керек техникалық құрылғылар жаңаруы тиіс. Алдағы уақытта жоба-жоспар әзірленіп, театрға жөндеу жұмысы жүргізілмек.